Есек жолбарысқа:
— Шөп деген жасыл, - депті.
Жолбарыс оған:
— Жоқ, біз көк шөп дейміз ғой, - деп жауап қатады.
Екеуі дауласып, түбіне жете алмаған соң ақыры аң патшасы арыстанға жүгінуге келеді.
Арыстанның апанына жетпестен есек ақырып, алыстан датын жеткізе бастайды:
— Ұлы мәртебелім, шыныңызды айтыңызшы, шөп деген жасыл емес пе?
Арыстан оған:
— Иә, әлбетте, шөп жасыл, - депті.
Есек қуанғаннан сөзін жалғайды:
— Жолбарысқа шөп жасыл десем, келіспей, менің шамыма тиіп жатыр. Оны жазалаңызшы, мәртебелім!
Аң патшасы:
— Жолбарыс 5 жыл үнсіздікте өмір сүрсін деп жазалаймын, - дейді.
Есек қуанғаннан секіріп, ары қарай бар дауысымен бақырып:
— Шөп жасыл, шөп жасыл, - деп кете барыпты.
Жолбарыс өз жазасына мойынсұнып, арыстаннан дат сұрайды:
— Ұлы мәртебелім, мені не үшін жазаладыңыз? Біз шөп атаулыны көкке теңемеуші ме едік?
Арыстан оған:
— Шын мәнінде, солайы солай ғой, - деген екен.
Таң қалған жолбарыс:
— Онда мені неліктен жазаладыңыз? - деп сұрайды.
Арыстан оған:
— Шөптің көк не жасыл болуы маңызды емес. Жазалауымның мәнісі мынада: сен сияқты ақылды да қайратты Жолбарыс алтын уақытын есекпен кәкір-шүкірді дауласуға жұмсағанына ашындым. Дауласқаның аздай оны маған ертіп әкелуің шектен шығу.
Уақытты өлтірудің ең аяныштысы – ақиқатты та, шынайылықты та айыра алмас, тек қайтсем жеңсем деген елеспен, таяз ұстаныммен өмір сүретін ақымақ пен дүмшеге қор болған уақыт.
Уақытты мағынасыз дауға жұмсама. Кей адамға қанша дәлел, мыңдаған дәйек келтірсең де ештеңені түсінгісі келмейді. Олардың қалауы – қайтсем де жеңу. Шын мәнінде оны жеңіс деп атау да қиын.
Надандық шу шығарғанда, ақыл үнсіз қалмақ.
Әпсананы аударған Шынар Әбілда
facebook.com желісінен