Кішкентай балалардың боқтап үйренетін кезі болады ғой. Тілі шыққаннан кейін біздің ұл да көшеден біраз "дүние" жиып келді. Басында қызық көрдік. Біз күлген сайын ол да үдете түсті. Төрт-бес жастағы балаға әкесі мен ағасын күлдірсе, одан артық не керек? Тура сол тұста оңтүстікке, қайынжұртқа жол шықты...
...Боқтампаз қайынағам бар. Былапыт сөз әдетте жаныңа тиеді ғой, ал мына кісінікі, марқұм Ақселеу ағам көрсе, ат мінгізіп, шапан жабатындай-ақ өнер. Біреуді боқтаса, қасында отырған кісінің езуі жиылмайды. Неше түрлі образ ағытылады. Кәдімгідей айызың қанады.
...Бір қарасам, ұлым тура сол кісінің алдында тұр екен. Ананың түрі бұзылып кеткен. Бетіндегі түгі тікірейіп, көзі шарасынан шығып кетердей шатынайды.
Жақындап барсам, ұлым бір әулетті жатқызып-тұрғызатын нағашысын анайы боқтап тұр екен. Қатты састым. Бірақ, Құдай абырой берейін десе, бір демде ғой, маған жалт бұрылған қайынағама:
- Көке, қараңызшы, жиеніңіз тура сізге тартқан ғой, - дедім жалма-жан.
Сол-ақ екен, ана кісі қарқылдап күліп, баламды тік көтеріп алып, екі бетінен кезек-кезек сүйді. Сосын қалтасына қол салып жіберіп, кесек ақша ұстатты.
...Осы күні анда-санда еске алып, ұлды ұялтып қоямыз. Ол шыр-пыр болады.
Пысы. Қоғамдық орындарда боқтық сөз айтқызбау туралы бастаманы қолдаймын. Құқық қорғау органдары да "шаш ал десе, бас алмайтын" шығар деп ойлаймын. Әрине, бірден тыйыла қалмас. Бірақ адай Мәтжан би айтыпты деген сөз бар ғой: "Қорықпай сыйлағаның құрысын". Зәкүннен қорқып, азайтсақ, жаман болмас еді, ә?
Бауыржан Бабажанулы
Фейсбуктегі парақшасынан