Бақытжан Ошақбайұлы Тобаяқ
Бақытжан Ошақбайұлы Тобаяқ 1953 жылы 21 сәуірде Алматы облысы, Гвардия ауданы, Бостан ауылында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтында, Қазақ мемлекеттік университетінде, Қазақ ғылыми-техникалық ақпарат институтының экономикалық курсында білім алған. Энергетика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын Өскемен ЖЭО-да слесарьлық жұмыстан бастаған. «Қазтехэнерго» кәсіпорнында инженер, Энергетика министрлігінде аға инженер, ТашИИТ филиалының оқытушысы, Энергетика ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, Қазақ энциклопедиясының ғылыми редакторы, «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бөлім меңгерушісі, «Халық Кеңесі» газетінің бөлім меңгерушісі, «ТАҢ» телекомпаниясының комментаторы, ҚР Қаржы министрлігінің бөлім бастығы, «Қаржы-Қаражат» журналының арнаулы тілшісі, ҚР Кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру агенттігінің бөлім бастығы, ҚазТАГ редакторы, «Хабар» агенттігінің редакторы, Қазақ мемлекеттік Басқару академиясы журналының жауапты редакторы, Алматы қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. Қазір ұлттық «КЕГОК» энергетикалық компаниясында бөлім бастығы.
«Бостан», «Металдар құпиясы», «Егемен елдің экономикасы», «Сонар», «Адамзат тірлікті дәулет білмек…», «Құланиек», «Алматы көшелері», «Күреңбел», «Джордж Буш және әлем», «Кім болам» атты кітаптардың авторы.
ҚР Журналистер одағының Ә.Бөкейханов және академик С.Бәйішев атындағы сыйлықтарының иегері, ақындардың халықаралық Түрік фестивалінің, жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты. Алматы облысы, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.