Асхат Қайзуллаұлы Дауылбаев 1962 жылы 22 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін «Динамо» өндірістік бірлестігінде жұмысшы болып еңбек етті. 1981-1983 жылдары КСРО Қарулы күштерінде әскери борышын өтеді. 1983 жылы Свердловск заң институтының сот-прокурорлық факультетіне оқуға түсті. 1987 жылы осы жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп, жолдама бойынша Қазақстанның прокуратура органдарына жұмысқа жіберілді. Еңбек жолын тағылымдамашы болып бастап, кейін тергеуші, сосын Алматы қаласы Октябрь ауданы прокурорының көмекшісі және аға көмекшісі болды. 1990 жылдан Алматы қаласының Калинин және Октябрь аудандары прокурорларының орынбасары қызметін, аудан прокурорының міндетін атқарды. 1992 жылы Алматы қаласы прокуратурасының жалпы қадағалау бөлімінің бастығы және алқа мүшесі болып тағайындалды. 1994 жылдың ақпанынан бері Алматы қаласының Төрелік соты төрағасының орынбасары болса, осы жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жалпы қадағалау басқармасының бастығы болып қызмет атқарды. 1997 жылы Үкіметтің қаулысымен А.Қ. Дауылбаев Қазақстан Республикасының әділет вице-министрі қызметіне тағайындалды, әділет біліктілік алқасының төрағасы болды. 1999 жылы «Қазақтелеком» ААҚ-ның вице-президенті - бас әкімшілік директоры болды. Сол жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, онда ТМД парламентаралық ассамблеясындағы құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясын, сондай-ақ сот-құқықтық реформа мәселелері жөніндегі «Әділет» депутаттық тобын басқарды. 2001 жылдың 16 қаңтарынан 2011 жылдың 14 сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары қызмет атқарды. 2011 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры болып тағайындалды. 2-ші дәрежелі Мемлекеттік әділет кеңесшісі.
Мемлекетімізге сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1-ші және 2-ші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, 8 медальмен және атаулы қарумен марапатталған.
Спортпен шұғылданады, классикалық күрестен КСРО спорт шебері.
Асхат Қайзуллаұлы Дауылбаев
Последние статьи автора