Алмат Мұратұлы Исәділ 1976 жылы 20 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы облысы Райымбек ауданы, Кеген ауылындағы орыс орта мектебінде, аудандық Музыка мектебінің домбыра сыныбында оқыған. ҚазМУҰ-дың журналистика факультетін сырттай тәмамдаған. Ақын, аудармашы, журналист.
Еңбек жолын №2 Кеген орта мектебінде музыка пәні мұғалімі ретінде бастаған. Республикалық оқушылар Сарайында қызметкер, «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Елорда» баспасында әдеби редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақ-Британ университетінің редакциялық-баспа бөлімінің бас менеджері, «Қазақ радиосы» бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы, «Әдебиет айдыны» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақ университеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізуші-редакторы, «Алаш айнасы» газетіде мәдениет бөлімінің редакторы қызметтерін атқарған. Қазір ҚазҰАУ қоғаммен байланыс және редакциялық-баспа ісі департаментінің директоры.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері, Сайын Мұратбеков атындағы арнайы сыйлықтың және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Әдеби аудармамен айналысады. Түрік классиктері мен А.Пушкин, С.Есенин, М.Лермонтов, И.Северянин, И.Анненскии сынды орыс ақындарының шығармаларын қазақшалаған. Орыс тілінде жазатын қазақтың көрнекті ақыны О.Сүлейменовтің бірқатар шығармаларын ана тілінде сөйлетті. Ақын балалар әдебиетіне де үлес қосуда, балалар мен жасөспірімдерге арнап шығармалар жазып жүр.
Өлеңдері «ХХІ ғасыр поэзиясының антологиясы» сынды бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. «Отырар кітапханасының» тұңғыш сериясымен жарық көрген «Жолдар, жолдар...» және «Көңілалаң» кітаптарының авторы.
Алмат Мұратұлы Исәділ
Последние статьи автора