Отандық эстрада жұлдыздары қандай хоббимен шұғылданады (видео)
Қазақ тойларының сәнін келтіріп, кәрі мен жасты теңдей билеткен әнші Абай Бегейдің "Аспанға қараймын" әні той хитына айналып, осы ән арқылы "той жұлдызы" атанған Заттыбектің өзін артта қалдырды.
Неге екені белгісіз, соңғы уақытта аталмыш туындыны шет елдіктер орындауға құмартып жүр. Алдымен үш жігіттен құралған Кубалық "Sin Frontera" тобы шырқап, ғаламторды дүр сілкіндірсе, кейін ресейлік рэппер Тиматидің де аңсары ауған.
Жақында рэппер елімізге арнайы келіп, Абаймен ән шырқап кетпек. Алайда оған екі жақ та бейнебаян түсіріп артық шығындалмауды шешіпті. Әнді ғаламтор арқылы таратпақ. Той жұлдызы атанған Абайдың бүгінде жұмыс кестесі тығыз. Гастрольдік сапарлар, той, концерттерден қолы қалт етсе, маңғыстаулық әнші достарын жинап ат жарыс ұйымдастырады.
Абай ат құлағында емін - еркін ойнайтынын да белгілі болды. Бала кездегі ермегін қырық жастан асқанша қоя алмай жүрген әнші ерттеп мінетін атын да өз мінезіне қарап таңдайды екен. Жылқы баптаудың түрлі қырларын білетін әнші осы уақытқа дейін ат жарысқа қатысып, оған ақша да тігіп көрмепті. Дегенмен, болашақта мал ұстап одан қыруар ақша табу жоспарында бар екенін атап өтті.
Абай Бегейдің ермегін әнші Меруерт Түсіпбаеваның ұнатуы екі талай. Сұлулықтың сыры қимыл -қозғалыста деп білетін әнші бірнеше жыл бойы фитнестен қалмаған. Сахнаға жарқырап шығу үшін түрлі жаттығуларын әлі күнге дейін тоқтатпақ емес.
Салмағы 57- келі болатын жұлдыздың бар ойы артық майлардан арылу. Меруерт жақында тағы бір спорттың түрін серік еткен. Ол ролик тебу. Кәсіби түрде үйренгісі келетін әншінің арнайы жаттықтырушысы жоқ. Ғаламтор арқылы түрлі қимылдарды өзі үйренген.
Аптаның әр дүйсенбісін дем алысқа арнайтын Меруерт спорт құмар әншілердің қатарынан. Әншінің қызығушылығын оятқан да ғаламтордағы түрлі бейнекөріністер.
Ал "Кешью" тобының әншісі Айдана Меденованың спортқа еш қызығушылығы жоқ. Ашық аспан астында табиғатпен тілдескенді жөн көреді екен.
Қаланың қым - қуыт тіршілігінен шаршаған әнші өзін табиғат аясында ерекше көңілді сезінеді екен. Себебі, сүйікті ісімен айналысқанды жақсы көреді. Айдананың негізгі мамандығы дизайнер. Сондықтан болар әнші концертке шығатын киімдерінің үлгісін өзі сызып, өзі тігіп алатын көрінеді.
Сонымен қатар Айдана иесі майлы бояумен адам портреттерін салса, түрлі - түсті қарандашпен киім үлгілерінің кескінін салады екен. Осылайша бала кезгі ермегі Абай Бегейге шабыт берсе, ал әнші Меруерт Түсіпбаева ролик тебуден ләззат алып, "Кешью" тобының әншісі Айдана болашақта сурет салып жеке кәсібін дөңгелетпек.