Жетісай тұрғыны көршісінің теледидарын ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, Астана қаласына кеткен уақытта үйіне ұры түскенін хабарлады. Әйелдің айтуынша, белгісіз біреу оның тұрғын үйінің терезесін сындырып, ішке кіріп, құны 125 мың теңгелік Artel теледидарын жымқырып кеткен.
Полицейлер оқиғаны ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Орын алған ұрлық қылмысына қатысты тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Күдіктіні анықтап, қылмысты ашу бағытында шұғыл шаралар атқарылды.
Нақтырақ айтсақ, полицейлер ұрлық болған аймақты түгел қарап, айналадағы бейнебақылау камераларын мұқият тексеріп шықты. Көрген-білгендерден жауап алынып, мүлік қабылдайтын ломбардтарды тексерді. Нәтижесінде күдікті ретінде жәбірленушінің көршісі, жас жігіт анықталып, полицияға жеткізілді.
Анықталғандай, күдікті көршісінің үйінде ешкім жоқтығын біліп, арам ойын іске асырған. Содан теледидарды ұрлап, ломбардқа 45 мың теңгеге өткізіп жіберген. Айғақты зат алынып, заңды иесіне қайтарылды. Ал күдікті шартты түрде жазасын өтеп жүргеніне қарамастан, оң нәтиже шығармай, қайта қылмыс жасағаны үшін қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.