Бас штаб бастығы – ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Қаныш Әбубәкіров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясына өткен қазақстандық туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
БАҚ өкілі Қорғаныс министрлігінің өкілдерінен ресейлік ЧВК «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының сапына өтті делінген 23 жастағы қазақстандық жігіт туралы сұрады.
«Бұл келеңсіз оқиғаның өзге өңірлерде болмауы үшін қандай шара қабылданады?» - деп сұрады журналист.
Қаныш Әбубәкіровтің айтуынша, ол азамат өз кезінде Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамында борышын өтеуге жарамсыз деп танылған.
«Ол азамат туралы айтсақ, Қазақстан Републикасы Қарулы күштерінің құрамында әскери қызмет етуге жарамсыз болған. Қалған мәліметке келсек, қазіргі таңда бұл мәселемен айналысып жатқан өзге органдар бар. Солар аталған азаматтың әрекетіне құқықтық баға береді», - деді Бас штаб бастығы.