Түркияның оңтүстік-шығысындағы жойқын зілзаладан зардап шеккен өңірлер үйінділерден тазаланғаннан кейін көп бөлігі қаңырап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Қазіргі уақытта қираған аймақтар тазаланып болып қалды. Бұрын тұрғынүй, ғимарат пен нысандар тұрған орындарда ештеңе жоқ. Хатай провинциясының Антакья және Дефне аудандарындағы 56 шағынауданда үйінділерді көшіру және жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қоқысты тазалап жатқан бригадалар, оны жүк көліктеріне тиеп, соған арналған орындарға шығарып тастап жатыр. Кейбір азаматтар әлі бұрынғы үйлері тұрған орынға барып, жеке заттарын табудан үміттеніп жүр.
Қалада 10 000 қираған бөлікті тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол жақтан күнде шамамен 300 000 рейс қоқысқа шығарылады.
Жергілікті билік Хатай провинциясындағы Антакья ауданында көптеген қираған үйлерді көшіру туралы шешім қабылдағаннан кейін, көшірілген орындар босап қалды. Мыңдаған адам тұрған, қаланың қарбалас орталығы болған орындар қирандылар үйілген бос аймаққа айналды.
Түркия билігі апаттың салдарын мүмкіндігінше тез жою үшін бәрін істеп жатыр.
Мәселен, жақында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Малатьяда 1 442 тұрғынүй мен бөлек 250 ауылдық үй, сондай-ақ 47 дүкен мен 464 шақырым автокөлік жолы салынғанын хабарлады. Мемлекет басшысының сөзінше, барлық салынған нысан дәстүрлі архитектураға сай келіп, 3-4 қабаттан тұрады. Жалпы провинцияда 70 000 тұрғынүй мен 25 000 жеке үй салынады.
Қазіргі уақытта қираған ғимараттардың техникалық жағдайы мен нормалардың сақталуына жауапты 300 адам тұтқындалды.
Бұған дейін Түркияның оңтүстік-шығысында 7,7 және 7,6 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі елдің 11 провинциясы мен көрші елдерде, оның ішінде Сирияда сезілді.