Қазақстандықтар WhatsApp арқылы ер адамның аудиожазбасын таратып жатыр. Дауыстық хабарлама авторы 13 жасар қызы суицид жасағанын, ол мұндай қадамға Tik-Tok әлеуметтік желісіндегі ойыннан кейін барғанын айтады. Мән-жайды Stopfake.kz анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ер адамның айтуынша, қызы 12 қаңтарда өз-өзіне қол салған. Дәл сол күні Таразда тұратын тағы екі бала Tik-Tok-тағы ойын кесірінен өмірін үзген.
«12-сі күні 13 жасар қызымды жоғалтып алдым. Әйеліммен үйге келгенде қызымызды баспалдақта асылып тұрған күйінде таптық. Балалардың телефонын тексеріп тұрыңыздар, өтінемін. Мұның барлығы телефоннан екен. TikTok-та бір ойын бар, онда турлардан өтеді. Алдымен, ұстараның жүзімен тамырын кеседі, кейін асылып өледі», - дейді аудиожазбадағы ер адам.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі бұл ақпарат жалған екенін айтады.
«Бұл ақпарат расталған жоқ», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.