Ресейдің «Вагнер» жеке әскери компаниясына кірген қазақстандық Марғұлан Бекенов Қазақстанға келсе сотталады. Бұл туралы бүгінгі брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Біздің елдің азаматы Вагнер жеке әскери компаниясының құрамына өз еркімен кіргенін білесіздер. Оның видеосын сіздер көрдіңіздер. Біздің ескерткіміз келетіні – ондай қатарға барып қосылғысы келетіндерге Қазақстанда 5 жылдан 9 жылға дейін сотталады», - деді ол.
Оның сөзінше, «ол жақта ешқандай романтика жоқ». «Жігіттер, бұл сендердің соғыстарың емес» дейді ол.
«Абайлаңдар. Туған-туыстарыңды ойлаңдар. Бұл жігіт те өз еркімен шешім қабылдаған. Өкінішті әрине. Біз ата-анасымен байланыстамыз. Ресейдің құзырлы органдардың бәріне сауал жолдадық. Ақпараттарды тексеріп жатырмыз. Қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Қазақстанға келсе ол заңға тартылады», - дейді ол.