Ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде ортақ неке кезінде алынған мүлік бөлінеді. Ал ипотекалық несие болса, қазақстандық ерлі-зайыптылар не істейді? Мүлікті бөлу қалай жүзеге асады және оны сотсыз шешуге бола ма? Бұл сұрақтарға заңгер Данияр Байғабатов жауап берді деп хабарлады turkystan.kz.
Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатта заңгер мүлікті бөлу мен банк алдындағы ипотекалық міндеттеме – екі түрлі ұғым екенін ескертті. Қарапайым ажырасудан ипотекасы бар ажырасудың айырмашылығы – үшінші тұлға, яғни, банктің болуы.
«Мүлікті бөлу «Неке және отбасы туралы» заңмен реттеледі. Неке бұзылған жағдайда барлық сатып алынған мүлік тең үлестерге бөлінеді. Ипотекаға, қолма-қол ақшаға немесе бөліп төлеуге алынған кез келген мүлік ерлі-зайыптылардың бірлесіп сатып алған мүлкі болып саналады. Ал міндеттеме, бұл – басқа нәрсе. Егер неке шарты болмаса және ипотеканы серігі рәсімдеген болса, сәйкесінше, ол міндеттемені өз мойнына алады. Яғни, банк міндеттемені өтеуді тек серігінен талап етеді. Сондай-ақ керісінше болуы мүмкін. Бұл жерде ипотека қалай төленетініне қатысты заңнамада ешқандай ескертулер қарастырылмаған», – деді заңгер.
Яғни, бүкіл қарыз төленгенше пәтер несие берген банктің меншігінде болады. Алайда, ерлі-зайыптылар тұрғын үйді некеде тұрған кезде алғандықтан, заңды түрде оны теңдей бөлуге құқылы. Бірақ қарызды, әдетте, ерлі-зайыптылардың біреуі ғана төлейді.
«Ерлі-зайыптылардың бірі ортақ қарыз алушы (созаемщик) болған жағдайда жауапкершілік ортақ болады. Егер неке шарты болса және онда банктік несиені қайтару шарттары қарастырылған болса, онда шарт негізінде ипотеканы ерлі-зайыптылардың екеуі де төлейді. Қорытындыласам, мысалы, ипотеканы серігі алып, мүлікті бөлу кезінде ол өз міндеттемелерін бұрынғы серігіне ауыстыра алмайды. Ал егер сотқа ипотекалық міндеттемелерді төлеу туралы талап түссе, сот бас тартады», – деді сарапшы.
Заңгердің айтуынша, бөліп төлеу де сол секілді. Себебі бөліп төлеу де – банктік несие шарты.
«Көпшілік адам ипотека мен бөліп төлеуді екі түрлі ұғым деп санайды, алайда олар бірдей банктік несие шарттары. Тек ішіндегі шарттары әртүрлі болуы мүмкін. Менің ойымша, бұл жерде бізде заңнамада олқылық бар, өйткені мүлікті бірлесіп алғанымен, ерлі-зайыптылардың біреуі төлейді.
Алайда, егер қарыз алушы (ерлі-зайыптылардың бірі) несиені ұзақ уақыт төлемесе, онда банк сотқа жүгінуге құқылы. Содан кейін сот орындаушысы жұбайының мүлкін өндіріп алуға құқылы. Бірақ бұл егер сол уақытта неке әлі ресми түрде бұзылмаған болса ғана мүмкін», – деді Байғабатов.
Ипотеканы жабу және пәтерді сату
Тағы бір нұсқа – пәтерді сату. Заңгердің айтуынша, бұл жерде банктің рұқсатымен және бақылауымен жүзеге асады. Бұл жағдайда пәтерді сатудан түскен ақша ипотеканы төлеуге кетеді. Ерлі-зайыптылар өзара келісе алса, қалған соманы екеуіне бөлуге болады.
Заңгер Данияр Байғабатов ипотека рәсімдеген кезде неке шартын жасатуға кеңес берді. Ажырасудан кейін эмоциялар мен көңіл-күйдің өзгеруі бойалатындықтан, мұндай келісім сақтандыру ретінде артық болмайды.