Иманғали Тасмағамбетов жаңадан тағайындалған қызметіне кірісті
Иманғали Тасмағамбетов қаңтардың 1-нен бастап бір айдан аса уақыт бұрын тағайындалған қызметіне кірісті, деп хабарлайды Экспресс К.
Әр жылдары еліміздің премьер-министрі, Астана мен Алматы әкімі, Қазақстанның Ресейдегі елшісі сияқты түрлі жоғары лауазымды қызметтерді атқарған Иманғали Тасмағамбетов бүгіннен бастап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы қызметін атқарады. Бұған дейін бұл қызметте генерал-лейтенант Станислав Зась болған еді.
3 жыл сайын ауысып отыратын қызметке Иманғали Тасмағамбетов қараша айының соңында тағайындалған болатын.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы 1992 жылы 15 мамырда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әскери-саяси ұйымы болып құрылған. Қазіргі атауға 2002 жылы ауысты.
Ұйымның негізгі мақсаты — бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау.