Жақында белгілі ақын Жүрсін Ерман Швейцарияның Женева қаласында ем қабылдап, елге оралды. Халық та айтыс аламанының ақтаңгеріне айналған тұлғаның тілеуін тілеп, ниеттес болғанын көрдік. Не десек те, қиын күндер артта қалғандай.
Енді ол ауырып жатқанда не ойлағанын және қиын сәтте жанынан табылған достары жайлы айтты.
«Ақын не ойламайды дейсің?! Әрнәрсені ойлайсың. «Осымен бәрі бітті ме» дейсің. Істеп жатқан жұмысыңды ойлайсың. Менікі айлық алып істейтін жұмыс емес қой. Қоғамдық жұмыс. Мамыр айының аяғында Ұлытау облысында бұрыннан келе жатқан айтыс болады. Соған еліміздің ең тәуір ақындары қатысады. Алла қаласа, сол айтысты өткіземін деп отырмын. Қаңтар айында 40 күн Швейцарияда ем алып келдім. Сол кезде көп жігіт көмек көрсетті. Швейцарияға бару оңай емес қой. Мемлекет басшысынан бастап, еміме ақша бөлді. Достарым, кәсіпкер Құсайын Омаров, Дулат Тастекеев деген жігіттер арнайы ақша қарастырды. Ескі досым Өмірзақ Сәрсенов те қасымнан табылды. Асанәлі Әшімов мен ауруханада жатқанда ішке кіре алмай, қала әкімдігіне шығып жүріп ауруханаға кіріпті. Ес-түссіз жатқанымды көріп жылап кетіпті. Соның бәрі рухани көмек қой», — деді Жүрсін Ерман.