Желіде қазақстандықтардың ата-аналарына қымбат сыйлық беріп, қуантатын видеолары жиі жарияланып жатады. Жақында Қазнетті әкесіне көлік сыйлаған 20 жастағы жігіт таңғалдырды, - деп хабарлайды Tengri LifeStyle.
TikTok желісінде қазақстандықтарды тәнті еткен екі минуттық видео пайда болды. Әлішер Естайұлы әкесіне 50 жылдық мерейтойына орай көлік сыйлаған. Ол тек туыстарын емес, қазақстандықтарды да таңғалдырды.
Видеоға үш мыңнан аса пікір жазылған.
"Бұл - біз үшін мотивация", "Қандай әдемі", "Мен неге жылап отырмын", "Әкелеріңе қамқор болыңдар", - деп жазған әлеуметтік желі қолданушылары.
Әлішердің сөзінше, әкесіне көптен бері көлік сыйлауды ойлаған.
"Бала кезімнен әкеме көлік алып бергім келді. Мерейтойдан екі ай бұрын көлік іздей бастадым, алдын ала дайындалдым. Шағын бизнесім бар. Бір жыл бойы қажет соманы жинадым. Барлығын адал еңбегіммен таптым. Мұның бәрі - ата-анамның тәрбиесінің арқасы", - дейді жігіт.
Ал видеоны оның әпкесі жариялаған. Ол шамамен екі миллион қаралым жинаған.