Ақтаудағы "Облыстық психикалық денсаулық орталығы" ШЖҚ МКК науқастары медициналық мекемеде жәбір көргендерін және құқықтары бұзылғанын мәлімдеді. Олар наразылық ретінде аштық жариялап, ауыздарын тігіп тастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, ішімдік және есірткі тәуелділігінен емделіп жатқан науқастар медициналық мекеменің қызметкерлері дұрыс көңіл бөлмейтінін айтқан.
"Мекемеде науқастардың құқығы бұзылады, моральдық және этикалық нормалар, қарапайым адами қасиеттер директордан бастап еден жуушыға дейінгі әкімшілік құрамда жоқ қасиеттер. Бізді елемей, жәбірлейтінін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. М. есімді науқас Б. есімді қызметкерге медициналық қызметкердің кесірінен жоғалып кеткен құжатын қайтадан тауып, жөндеп беруін сұраған. Екі айдан бері науқастың бармаған жері жоқ. Қасақана қысым көрсету, моральдық қорлау, оның денсаулығына немқұрайды қарау басталды. Қызметкер М. есімді науқастың медициналық препараттарға реакциясын біле тұра уколды салып жіберді, салдарынан науқаста аллергия басталған. Денесінде қызыл дақтар пайда болған", - делінген науқастардың үндеуінде.
Облыстық орталық басшылығы бұл ақпаратқа қатысты түсінік берді.
"Бұл жағдайда науқастарда созылмалы аурулар барын ескеру керек - ішімдік пен есірткіні қолданудан туындаған психикалық мінез-құлық бұзылысы. Созылмалы интоксикация салдарынан олардың өзін ұстауы өзгере бастайды. Науқастарымыз медициналық қызметкерлер мен күзетшілерді бірнеше рет ұрған кездер болған. Олар өзіне көп көңіл бөлуді талап етіп, билік етуге тырысады. Бірақ науқастардың арыз-шағымында ойға қонымды нәрселер барын да жасырмаймын. Мысалы, тамаққа байланысты: олардың мөлшері аз екеніне өзім көз жеткізгенмін, сосын тамақ жеткізушілерге бұл мәселені шешуді тапсырғанмын. Барлығы комиссияда қарастырылатын болады", - дейді орталық өкілдері.
23 қаңтарда науқастармен прокуратура өкілдері кездескен.
"Одан бөлек, науқастар дәрігер тағайындаған дәрілерді қабылдағысы келмейтін кездер болады. Олар аштық жариялағаны туралы да айтты. Бір аптадай уақыт беріңіздер, бәрін комиссия арқылы шешеміз дедім. Ал арызда жазылған қызметкерді уақытша жұмыстан шығардық", - дейді орталық өкілдері.