Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мерзімді әскери қызметін өтеп келгендерге жоғары білім алуға жеңілдік жасау жобасын түсіндірді, деп хабарлайды Alashainasy.kz Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін қорғаныс министрлігі жаңа жобаның аясында мерзімді әскери қызметін өтеп келгендер жоғары оқу орнына тегін түсе алатынын мәлімдеген болатын. Негізгі мақсаты – жастардың мерзімді әскери қызметін өтеуге деген ынтасын арттыру. Әскерге барып келгендерге бірнеше жеңілдік жасалады. Олар:
- ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу;
- ЖОО әскери кафедрасында тегін оқу;
- мерзімді әскери қызметті өтеу кезіндегі жетістіктеріне қарай жоғары оқу орны грантын беру;
- әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-сыз оқуға түсу.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мұндай бастаманың ұсыныс ретінде түскенін растады.
"Иә, қорғаныс министрлігі бізге осындай ұсыныс айтты. Бұл жерде ескеретін екі жәйт бар. Біріншіден, грантты заңды түрде ҰБТ-ның нәтижесі бойынша ғана бере аламыз. Екіншіден, бұл бастама қорғаныс министрлігі мен университтер арасында келісіммен жасалады. Біз қарсы емеспіз. Шынымен де, жастарды әскери қызметке ынталандыру тетіктері болуы қажет. Өкінішке қарай, жастардың көбісі әскерге бармайды", - деді Нұрбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде Израиль, АҚШ, Еуропа, тіпті, жақын көршіміз – Өзбекстанда ондай тетіктер бар.
"Грант емес, университеттің өзінен жеңілдіктер беріледі, я болмаса, ақылы түрде оқуды жалғастыруға мүмкіндік жасалады. Ал гранттар тек ҰБТ-ның нәтижесі бойынша үлестіріледі", - деп түйіндеді Нұрбек.