Жыл басы балалар спорты және мәдениет саласындағы мемлекеттік тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыруға қатысты реформаға қоғамның назары артты. Шенеуніктер жоспарлар мен бюджеттерді белгілеп, ата-аналар жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасының жалғасуын күтті, журналистер де жобаның бағыт-бағдарын мұқият бақылап отырды. Бірақ бүгінгі таңда үйірмелер мен секцияларда балаларды мәдени-спорттық салаға баулуда қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін жеткізуші кәсіпкерлерге қиын болып тұр. Өйткені, қаңтар айы - еліміздің барлық өңіріндегі әкімдіктердің бейінді басқармалары кәсіпкерлердің қызметтерін есепке алу және төлеу процестерін іске асыру үшін ата-аналар, жеткізушілер мен билік арасында өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу өтетін ақпараттық жүйелерді іріктеуді жүргізетін кезең.
Жақында мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бағдарлама елімізде жұмыс істей беретінін айтты.
- Бағдарлама жалғасады, бірақ жаңа сипатта. Өткен жылы ережелер қабылданды. Әр аймақ өз бағдарламасын әзірлеуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, - деп атап өтті министр.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру мемлекеттік бағдарламасының қызмет көрсету саласындағы бұрынғы монополист - artsport.edu.kz платформасы - мақтауға да, сынға да ұшырады. Жымқыру жанжалдары, қызмет көрсетушілерге байланысты жүйеден деректердің жоғалуы және ақпараттық жүйенің кемшіліктерін жою туралы өтініштерді елемей қою және тағы басқа түйткілдер бейінді министрліктің өңірлерде жеткізушілердің қажеттіліктерге сүйене отырып, ақпараттық платформаны бәсекелестік негізде өз бетінше таңдау құқығын ұсыну туралы шешіміне әкелді. Мұндай құқықты аумақтық билік бірден бірнеше жолмен жүзеге асыра алады: ашық конкурс, баға ұсыныстарын сұрау, бағдарламалық өнімдердің артықшылықтарын ішкі талдау негізінде тікелей келісім жасасу.
Ашық конкурс әдісі - бұл сатып алушы бағаны ғана емес, сонымен қатар сатушыға тән белгілі бір белгілерді салыстыратын әдіс, бұл оның тәжірибесін, осы саладағы біліктілігін және тіпті тапсырысты жүзеге асыру үшін материалдық жабдықты бағалауға көмектеседі. Әдіс күрделі және көпсатылы, мұндай сатып алуды дұрыс жүргізу үшін сатып алушы мамандарының жоғары техникалық біліктілігі қажет (сатып алынатын өнімнің техникалық сипаттамасын және сатып алу шарттарын жасау үшін). Бүгінгі таңда осы жолмен бірқатар өңірде конкурстарды өткізу мерзімдері техникалық сипаттамалар мен сатып алу шарттарындағы дұрыс емес тұжырымдары себебінен үнемі ауыстырылуда. Бұл жеткізушілерді қынжылтып, ата-аналар арасында алаңдаушылық тудыруда.
Баға ұсыныстарын сұрату әдісі - әкімдік «баға жарысына» қатысуға қажетті цифрлық шешімі бар фирмаларды шақыратын әдіс. Мұндай сатып алуда өз өнімін сатып алу немесе пайдалану үшін ең төменгі бағаны ұсынған әлеуетті жеткізуші ұтады. Бұл әдіс іске асыру мерзімдері тұрғысынан өте жылдам, бірақ сонымен бірге аймақтарда көптеген сәтсіздіктер тудырды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті сатып алу шарттарына ашық конкурсқа тән параметрлерді (белгілі бір техниканың болуы, мамандардың біліктілігі және т.б.) енгізуге байланысты және рәсімдерді өткізу ережелеріне сәйкес келмейтіндіктен, бірқатар өңірлердегі сатып алулар күшін жойды. Бұл аймақтарда қайта сатып алу жарияланды. Олардың көпшілігі ақпанның бірінші онкүндігінде жүзеге асырылады.
Тікелей келісім жасау әдісін Ақтөбе облысының әкімдігі қолданды. Аймақ билігі жергілікті бағдарламашылар қауымдастығына жеткізушінің, ата-ананың және уәкілетті шенеуніктердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар осындай қызметтер нарығындағы сұранысты болжай алатын, балалар спорты мен мәдениетін қаржыландырудың барлық түрлерін қамтамасыз етуге кететін шығындарды дәлірек бағалай алатын ақпараттық жүйені әзірлеуді сұрады. Себебі заңда тікелей көрсетілген: ата-аналар баласына үш қаржыландыру жүйесінің біреуінде ғана тегін сабақ алу құқығын пайдалана алады:
1. Балалар мен жасөсіпірмдер спорт мектептері;
2. Қосымша білім беру мекемелері (оқушылар сарайлары және т. б.);
3. Жан басына шаққандағы қаржыландыру мекемелері (мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлер құрған тегін үйірмелер мен секциялар).
Сондықтан әкімдікке белгілі бір баланың барлық үш жүйенің мекемелеріне барғаны туралы мәліметтер жинай алатын ақпараттық жүйе қажет. Тиісті қадам бюджеттің артық жұмсалуын болдырмай, заңбұзушылықтардың алдын алуға және мүмкіндігінше көп баланы дамытуға жол ашпақ.
Нәтижесінде, облыс жеткізушілері өңірдегі реформаның тұрақты жұмысына сеніп, өз деректерін жаңа «Дара Бала» платформасына көшіруде. Ал балалар секцияға немесе өздерінің сүйікті үйірмесіне бару үшін қоржындарын жинауда.
Сатып алу тоқтатылған немесе кейінге қалдырылған барлық аймақтың жеткізушілері сатып алу мерзімі мен нәтижелерін бақылауда. Өйткені қаңтар айы аяқталып, жеткізушілер жергілікті бюджеттерден көрсетілген қызметтер үшін түсімдер күтуде. Сатып алу неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым көп кәсіпкер қаржыландыру алшақтығына төтеп бере алмайды және балалар орталықтарын жауып, өскелең ұрпақ өз нәтижелерінде өсу мүмкіндігін жоғалтуда. Бұған жол бермеу үшін өңірлер өз жеткізушілеріне үйірменің немесе секцияның қызметтерін төлеуді есептеу үшін әкімдікке берілетін жаңа табельдерді қай платформада қалыптастыру керектігі туралы мүмкіндігінше тезірек түсінік беруге тиіс. Барлығы бұл алдағы күндері болады және реформа қайтадан тұрақты жұмыс істейді деп үміттенеді. Бұл балаларды, ата-аналарды және кәсіпкерлік қоғамдастықты қатты қуантатын игілік болмақ.
Ақтөбе облысының қосымша білім беру қауымдастығының төрағасы, Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы спорт және креативті индустриялар жөніндегі бірқатар комитеттердің мүшесі Марина Деркачтың айтуынша, жаңа платформаға көшу процесі жалғасуда.
- Қазір барлық жеткізуші үшін табельдерін жабатын кезең жүріп жатыр. Әрине, бұл жаңа платформада бірінші рет жасалғандықтан, ата-аналар мен жеткізушілердің көптеген сұрақтары бар. Біз әкімдікпен бірлесіп барлық тараптарға ыңғайлы, жайлы болу үшін жоспарлы міндеттер бойынша жұмыс істеуді жалғастырамыз. Менің ойымша, ескі платформа Egov және НОБД базаларымен деректерді индекстеу тұрғысынан жетілмеген. Бұл өте маңызды, өйткені НОБД базасында баланың қай мектепте, қай ауысымда оқитыны көрінеді. Осылайша, оператор (мемлекеттік орган) баланың осы қалада тұратындығына, секцияға шынымен баратындығына көз жеткізе алады. Бұл мемлекет тарапынан бақылауға қажет. Өйткені ақша мемлекеттен бөлінеді және оны бақылау керек. Жеткізушілер әр тиын үшін есеп беретінін жақсы түсінеді. Сонымен қатар, жаңа платформада EGOV дерекқорымен индекстеу жүріп жатыр. Менің ойымша, бұл керемет. Өйткені, тіркеу ата-ананың атынан жүреді. Бұл жалған деректердің пайда болу қаупін азайтады, - дейді Марина Деркач.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа платформада қаржыландыру тұрғысынан ешқандай қаупі жоқ.
- «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының базасында біз қаржыландыру мәселелеріне қатысатын және оператор болып табылатын барлық тарапты жинадық (прокуратура; «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы; спорт, мәдениет, білім басқармасы; СЭС және ТЖ өкілдері). Енді бірқатар мәселелер жедел шешілуде. Жаңа платформа толығымен іске қосылғаннан кейін біз балаларға арналған орындардың санын көбейту мәселесін бірлесіп шешетін боламыз. Алдымен бәрі жақсы жұмыс істейтініне көз жеткізгіміз келеді. Мониторингке қосылған және бірқатар мәселелерді шешуге көмектесудегі Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесіне үлкен алғыс айтамыз, - деді Марина Деркач.
Жаңа платформа жеткізушілер үшін де ыңғайлы. Олар үшін бағдарламаны әзірлеушінің өзі мемлекеттік органдармен және жеткізушілермен тұрақты тікелей өзара іс-қимылда болуы өте құнды және барлық мәселелер өте жедел шешіледі.
- Жеткізушілер үшін ыңғайлылыққа қатысты, менің ойымша, әрқашан ескіден жаңаға көшудің тиімді тұстарды көп. Біз қазір үлкен қолайсыздықтарды байқап отырған жоқпыз, - деп атап өтті Марина Владимировна.
Айта кетер жайт, жаңа платформаға көшу туралы шешім аяқастынан әрі асығыс-үсігіс қабылданған жоқ. Бәрі жан-жақты ойластырылған және сараланған күйде жүзеге асты. Бүгін Ақтөбе облысында жұмыс істейтін платформа 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап ісін бастаған. Онда облыстың білім басқармасының осындай жобасын жан басына қаржыландыру платформасы қалыптасқан.
- Бүгінгі таңда бұл платформа пысықталып, бізге жаңа форматта таныстырылды. Жергілікті әзірлеушінің пайдасына шығару оңай болмады. Бұған дейін көп жұмыс жасалды. Қазіргі платформаның негізгі құқық иесі - мемлекеттік орган, сондықтан ішіндегі өзара іс-қимыл тезірек жүреді.
Өткен жылы біздің облыс республика деңгейінде үлкен кеңестің бастамашысы болғанын еске саламын. Сол кезде Мәжіліс депутаттарын, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасын, спорт, мәдениет басқармаларының өкілдерін еліміздің барлық өңірінен жинадық. Өзара әрекеттесу форматында сындарлы түрде мәселелерді шештік және қазір де солай істейміз. Біздің платформамызды бірқатар салалар бақылайды, өздеріне енгізгісі келеді. Өйткені, жаңа бастама әрқашан өсуге жетелейді. Мен кері жол жоқ екенін білемін және бүгін біз бірге жасаған нәрсе жақсы нәтиже бермек. Биыл біз орналастыра бастаған «Дара Бала» платформасының оң ықпалы бар екенін аңғарып отырмын. Ал туындаған мәселелерді барлық қатысушылардың өзара іс-қимылы кезінде, оның ішінде «Атамекен» республикалық өкілдер палатасы жанынан құрылған мәдениет және спорт мәселелері жөніндегі республикалық кіші комитеттің көмегімен шешуге болады. Ең бастысы, бәрі жұмыс істейді және процесс жалғасуда, - деп атап өтті Марина Деркач.
Жан басына шаққандағы мемлекеттік қаржыландыру жобасына қалың бұқара үшін бұрын ақылы болған көптеген үйірмелер мен секция кірді. Бүгінгі таңда мемлекет осы қосымша сабақтарға балалар қатысқаны үшін қызмет көрсетушіге айына 8000-нан 26000 теңгеге дейінгі соманы төлейді.
Шығармашылық және спорттық тапсырыс беру қызметтерін жеткізушілер жоба ашылғаннан кейін үйірмелерге келушілер саны бірнеше есе артқанын келтіреді. Облыста көпбалалы отбасылар көп, олар үшін бұл нақты қолдау. Бағдарлама көптеген балаларға тың келбетте спортпен және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді.
Алуа ТІЛЕУБАЙ