Павлодарда қазақ күресінен тұңғыш рет "Әлем Барысы" халықаралық турнирі өткізіліп, онда Куба қабыланы Брайсон Видаль қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды, деп жазады "Алаш айнасы".
Салмағы 160 келі, бойы 192 см Куба алыбы – Оскар Рене Брайсон Видаль қазақ күресінің нағыз жеңімпазы қандай болуы керек екендігін боз кілемде көрсетіп, көпшілікті сүйсіндірді. Дзюдодан 2008 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2009 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Панамерика ойындарының үш дүркін жеңімпазы қазақ күресіне тез төселіп алып, біздің елдің мақтаулы балуандарының өздерін оңды-солды лақтырды. "Әлем Барысына" іріктелініп алынған төрт жігітіміздің үшеуін жеңіп, бас бәйгені иеленді.
"Бостандық аралының" қарамаржаны ширек финалда Асыл Бәрменовтен басым түсті. Одан кейін әр жылдары "Қазақстан Барысы" атанған екі балуанымызды жеңді. Атап айтқанда, жартылай финалда Бейбіт Ыстыбаевты жығып, финалда Айбек Нұғымаровты алып ұрды...
Сөйтіп, Куба қабыланы Оскар Рене Брайсон Видаль қазақ күресінен тұңғыш рет өткен бүкіләлемдік біріншіліктің жеңімпазы атанып, алғашқы "Әлем Барысы" атанды. Әрі бас бәйгеге тігілген 100 АҚШ долларын жеңіп алды.
Екінші орынға Айбек Нұғымаров ие болып, 20 мың доллар сыйақы сертификатына қол жеткізді.
Үшінші орынды және 10 мың доллар сыйақыны Ресей самбошысы Максим Ширяев еншіледі. Ол жартылай финалда Айбектен ұтылып қалғанымен, үшінші орын үшін өткен белдесуде Бейбіттен басым түсті.
Төртінші орын мен 6000 доллар сыйақыны Бейбіт Ыстыбаев иеленді.
Бесінші орын мен 4000 доллар сыйақы Тәжікстан балуаны Дадахан Құрбанәлиевке тапсырылды.
Алтыншы орын мен 3000 доллар сыйақы Нидерланды балуаны Даниэль Бернардус Герардусқа бұйырды.
Жетінші орын мен 2500 долларға Асыл Бәрменов ие болды.
Сегізінші орын мен 2000 доллар сыйақы Моңғолия балуаны Алтангэрэл Даваанямға тиді.
Әу баста тоғызыншы орынға тиеслі деп жарияланған 1500 доллар Чехия балуаны Лукаш Крпалекке табысталды. Ол "жеңіске деген жігерлігі үшін" жүлдесінің иегері атанды. Оның да өзіндік себебі бар сияқты. Өйткені чех балуаны 1/8 финалында Бейбіт Ыстыбаевпен кездескен болатын. Белдесу барысында ұпай санымен ұтқандай да еді. Бірақ төрешілердің шешімімен белдесудің негізгі уақыты тең аяқталған. Ал қосымша уақыттағы "белдестіру" әдісінде ол қазақ күресі ережесін толық меңгермегендіктен, қолын Бейбіттің белбеуінен шығарып қойып, боз кілемнен тыс қалған-ды.
Ал оныншы орынға тағайындалған 1000 долар сыйақы Польша балуаны Мацей Сарнацкиге табыс етілді. Бұл жігіт "Әлем Барысының" 1/16 финалында біздің Руслан Әбдіразақовты жеңген болатын.