Шоқанның тұлғасы кадетте қалыптасты
Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың шығармашылық өмірінің бастауынан хабардар болғым келеді.
Ермек ЖАНТІЛЕУ, Ақмола облысы
Шоқан 12 жасында сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадет корпусына оқуға орналасқан. Шоқанның шығармашылық өмірінде бұл оқу орнының алар орны ерекше. Бұл жерде әскери пәндермен қоса, орыс, батыс әдебиеті, географиясы мен тарихы, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері оқытылып, орыстың озық ойлы интеллигенттерінің өкілдері сабақ берген.
Сібір кадет корпусында оқудың соңғы жылдарында-ақ Шоқан өзіндік қөзқарасы қалыптасқан, туған халқының қажет-мұқтаждарын пайымдай алатын ғалым болған. Ғылыми пайымдаулар мен тұжырымдар жасай білді. Оның зерттеушілік қабілеті де осы корпуста оқып жүргенде біртіндеп қалыптасып, дами түсті. Ол ел ішіндегі халық жырлары мен дастандарын жазып алып, аңыз әңгімелерді жинауға қызықты. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу жыры» Шоқанның алғашқы жазған шығармаларының бірі болды. Шоқанның «Профессор И.Н.Березинге хат», «Профессор И.И.Березиннің «Хан жорықтары» кітабына рецензия» т.б. алғашқы ғылыми жұмыстарының өзінен-ақ оның болашағы зор ғалым, зерттеуші болатындығы аңғарылған.
Шоқан кадет корпусында оқып жүргенде-ақ саяхатшылардың өмірі мен ісі туралы жазылған еңбектерге аса қызығушылықпен қарап, танысқан. Осы еңбектердің ықпал әсерінен ол саяхатшы болуды, Орталық Азияны аралап, жан-жақты танысуды армандады. Соның нәтижесінде ғылымдағы ұлы жолы басталған.