Менің тұңғыш қызым биыл бес жасқа толады. Қыз баланың неше жасында құлағын тесуге болады?
Гүлмира ЖАНБОЛАТҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласы
«Құлағыңа таққаның күміс сырға, күмбірлетіп шығасың күнде қырға» деп халқымыз өлеңге қосқандай, қыз болып жаралған соң құлақ тесіп, алтын, күміс және тағы басқа бағалы тастардан жасалған сырға тағамыз. Қыздың құлағын тесу – дәстүрге енген ежелгі ғұрыптың бірі. Әдетте бойжеткеннің немесе балиғатқа толған қыздың (9 жас, кейде одан да ертерек) құлағын тесуге қазақ өте қатты мән берген. Халық ұғымында қыздың құлағын тесу – ұлды сүндеттеумен бірдей деген қағида бар. Сырға сыңғыры бойжеткеннің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын аңғартқан. «Адам көркі – шүберек» демекші, сәнді асыл бұйым, алқа-моншақ, білезік, сырға тағу қыз көркіне көрік, сәніне сән берері сөзсіз. Бұрынғы кезде қыз балалардың құлағын тарымен тесетін болған. Ал қазір көптеген сұлулық салондарында арнайы құлақ тесетін құралдар бар және кейбір клиникаларда да арнайы құлақ тесумен айналысатын дәрігерлер жұмыс істейді. Сондықтан қызыңыздың құлағын тестірер алдында міндетті түрде санитарлық тазалықтың сақталуына мән беріңіз. Қазіргі кезде ертеден келе жатқан салиқалы дәстүріміз бен ибалылықтан аттап өтіп, қазіргі жастарымыз құлақты ғана емес, кіндіктерін, мұрнын, қабақтарын тесетін болды. Мұндай ерсіліктің дәстүрімізге де, шариғат заңына да қайшы екенін есте сақтағанымыз жөн.
Қыздың құлағын тарымен теседі
Последние статьи автора