Өзбекстандық жүргізуші куәлігін қазақстандыққа қалай ауыстырамын?
Менің жүргізуші куәлігім Кеңес үкіметінің тұсында Өзбекстанда берілді. Оны 1992 жылдан 2002 жылға дейін Өзбекстанда қолдандым, қазір – Қазақстан азаматымын. Енді жүргізуші куәлігімді ауыстырып алу үшін қандай құжаттар қажет? Емтихан тапсыруым керек пе?
Әбілхан, Алматы облысы, Іле ауданы
Автокөліктерді тіркеу бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының айтуынша, емтихан міндетті түрде қайта тапсырылады. Ал жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін мына құжаттар қажет: нотариалды, қазақ және орыс тілдеріне аударылған жүргізушінің жеке картасы, көлік жүргізу курсынан өткендігіңізді растайтын куәлік, Өзбекстан МАИ-ының сіздің жүргізуші куәлігін, расында да, алғандығыңызды растайтын анықтама (мөрі бар түпнұсқа) және оның нотариалды қазақ, орыс тілдеріндегі аудармасы, сонымен қатар жүргізуші куәлігінің де нотариустан берілген екі тілдегі аудармасы талап етіледі. Ал Қазақстаннан: медициналық анықтама, психдиспансер мен наркодиспансердің анықтамалары және жеке куәліктің түпнұсқасы қажет. Сондай-ақ 2200 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж салығы төленуі тиіс. Аталған құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсыра аласыз.