«Жаңа жылдан бастап дзюдо күресінің ережесіне өзгеріс енеді» деп естіп жүрмін. Сіздердің газеттеріңіз арқылы осы бір жапон күресіне қандай ереженің қосылғанын немесе алынып тасталғанын білгім келеді.
Мақсат БАБАТАЕВ, Ақтау қаласы
Лондон Олимпиадасы аяқталған соң, дзюдо ережесіне біраз өзгерістер енгізілді. Атап айтар болсақ, әлем чемпионаты мен құрлықтық біріншіліктерге қатысатын спортшылар тізімі азайды. Бұрын ең көп дегенде қыздар мен ерлердің әрқайсысынан 14 спортшыдан апаруға болатын еді. Бұдан былай әр команданың сапындағы дзюдошылар саны 9-дан аспайды. Яғни тек екі салмақта ғана екі спортшыдан қатысуға мүмкіндік бар. Ал бұған дейін қолданылған ереже бойынша, әр салмақтан екі спортшы әлемдік сынға қатыса беретін. Жаңа ереже бойынша белдесуге бір ғана төреші қазылық етеді. Екінші төреші сырттай бақылау жүргізіп отырады. Қазылар бір-бірімен радиоарна арқылы байланыса алады.
«Шидо» бұдан былай қандай да бір спортшыға басымдық бермейді (шидо – ережені бұзған дзюдошыға тағылатын айып. Мәселен, белдесуден қашқақтап, жүріп алатын балуанға шидо жазылады).
Таблода тек техникалық әрекеттерге берілген баға ғана тұрады. Тек екі спортшы теңесіп қалған жағдайда шидосы аз дзюдошыға жеңіс беріледі. Белдесу кезінде балуандардың бірі төртінші рет шидо алса, белдесу бірден тоқтатылып, әлгі балуан татамиден аластатылады.
Дзюдодағы ең жоғарғы ұпай – иппон. Балуандардың бірі қарсыласын татамиге жауырынымен алып ұрса ғана беріледі. Осы орайда «көпірдің» де иппонға жататынын ескеру керек.
Әлем кубогы додасы да жыл сайынғы күнтізбеге ілінген жоқ. Бұл біріншілік енді «Қалалардың ашық турнирі» деп аталмақ. Мысалы, Испаниядағы әлем кубогы – Мадридтегі Еуропаның ашық турнирі. Сонымен қатар Қазақстандағы әлем кубогы Алматыдағы Азияның ашық турнирі деп аталуы мүмкін.
Бұл жаңа ережелер ақпан айында Парижде өткен «Үлкен дулыға» турнирінен бастап қолданысқа енді.
Дзюдода белдесу ережесіне өзгертулер енгізіле бастады
Последние статьи автора