Адвокаттың ақысы қанша тұрады?
Еліміздегі адвокат жалдау ақысы қанша тұрады? Қылмыс түрлеріне қарай адвокаттың қызметінің ақысы белгіленген бе?
Алмас БЕКТҰРҒАНОВ, Қапшағай қаласы
Сіздің сауалыңызға орай, Алматы қаласындағы бiрнеше адвокаттық кеңсеге хабарласқанымызбен, адвокаттық қызмет ақысының нақты көлемін біле алмадық. Дегенмен адвокат Шыңқуат Байжановтың: «Қаржы мәселесі көмекке зәру кісінің төлем қабілетіне байланысты. Мәселен, бір іске байланысты адвокатты 200 000 теңгеге жалдағанымен, адвокат ол істі бір айдың ішінде бітіре алмаған жағдайда ол ақы бірнеше айға созылып кетеді. Өйткені соттың бір айға немесе одан да көп уақытқа созылып кетуі мүмкін. Сонда әлгі қаржыны бірнеше айға бөлсеңіз, бар болғаны 40-50 мың теңгеден ғана келеді. Ал бірнеше істі бірден алу мүмкін емес», – дегеніне қарап, адвокаттар ақысын шамалағандай болдық. Негізі, қорғаушы жалдау екі адамның арасында жасалатын келісімге байланысты. Әрине, мықты адвокаттардың өз қызметін қымбатырақ айтатыны белгілі. Сондықтан адвокат қызметінің нақты ақысының қанша тұратынын кесіп айту қиын болып тұр. Яғни ол қылмыстық және әкiмшiлiк iстердiң түр-сипаты мен оның өндiрiсте қаралу ұзақтығына және дамуына байланысты әрқалай болады.