...Мен әкемнің отыз екі жасында, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғанмын. Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарқаны аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай, салбырап, шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе, малай, малшы, қызметкер қатынның да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып, жақсы көріп, ойнап-қалжыңдап отырар еді.
Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. ...Ұйқысы шағын, жалпы халықтан кеш жатып, ерте тұру – жалпы, әдеті. Төсегінің алдынан қалың постель төсетіп, оның үстіне көрпе салғызып, бір жағынан үлкен жастық қойғызып, көйлекшең, басқа киім кимей, жастығына шынтақтап, кейде бауырына басып отырушы еді, қағаз шайдан басқа шай ішкен емес, қантсыз шай ішкенін көргенім жоқ. Бірақ ол қант алдында жатады. Көп жегіш емес. Таңертеңгі шайына кейде жұмыртқа қостырып құймақ құйғызады, кейде самса пісіртетін, жеке бауырсақпен іше қоймаушы еді. Шайын стаканға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салушы еді.
Қазақ ойнайтын ойындар – дойбы, қарт сықылды ойындардың бәріне де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнаушы еді, сөйтсе де мен білген кезде салынып, қызықтап ойнайтын ойыны тоғызқұмалақ еді. Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып, ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдарының дәулеті нашарлары кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, я атқа мініп қайтқаны да болды.
...Таңертеңгі шайды ішкен соң, менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады. Күндіз келген ел арасының ретті адамдары да ойынға кірісіп кетеді, құмалақ кезек тимегендер, я ойнай білмейтіні, балалар өз алдына дойбы, я қарттың дүкенін ашады. Құмалақта әкемді жеңген адам көргенім жоқ.
Біздің қазақтың уақытқа байлығынан бір әдеті – бір жерге жұмыспен барса, барған жұмысын барған жерден айтпай, не қонып, не түстеніп, енді аттанарында ғана айтады. Менің әкем елдің бұл әдетіне қарсы еді. Алыс жерден келген сыйлы адам болмаса, ел арасының адамынан келген жерден жұмысын сұрап, бітіріп, «енді отыра бер» деп, өзі алаңсыз ойынына, я кітабына кіріп кетуші еді. Егер келген кісі сұраған жерден жұмысын айтпай, елдің әдетіне салып тығынып қалса, оған ыза болып, енді ол «айтарлық кезегім келді» деп жұмысын айтпақшы болғанда, «бағанағы сұрағанымда неге айтпадың?» деп ұрсып, кейде сөзін тыңдамай да қояды. Сұраған жерде жұмысын айтқан кісіге ырза болып қалады. Біздің елдің адамы бұл мінезіне үйренгендігінен, «неғып жүрсің?» деп сұраған жерден жұмысын айтатын болды.
Шаруа жағына көзінің қырын сирек салады. Күндіз-түні босатпайтын елдің жұмысынан қолы да тимейді. Шаруаның үш түрін ескеруші еді: жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып, ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ер жетіп кеткені бар ма – соны ғана қараушы еді. Жақсы ат, я айғыр сықылды жылқысы болмаса, жалпы, жылқысын танымайды, қой мен түйені де сеніп алған қойшы, түйешісінен ғана сұрайды, әйтпесе өзі «мынау менің түйем», «қойым» деп бірін де танымайды, сиырды жиған кісі емес, «сиыр қар теппейді, жаз болса, үйдің маңайын былғайды» деп, ол кездегі біздің елдің байларының бәрі де жимаушы еді.
...Таңертеңнен кешке шейін көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, өлең жазып тастайды, сол өлең жазардағы түрі: бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де. Өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды.
...Бір ғадеті – жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді, өзі екі-үш жыл салтанатын келістіріп, құсбегілерін, мергендерін сайлап құс салып тұрды. Балаларының әрқайсысына құс салғызды. Бірақ ұзақ уақыт құсшы болғанымыз жоқ. Біреудікін алып, біреуге сапырып отырады. ...Мен әкемнің топта билікке тартысып, яки айтысып, сөзін сарқа сөйлеп суырылып отырғанын көргенім жоқ. Байлаулы жерінен қысқаша түйем сөзді ақырын айтса – тоқтаса қалушы еді. Менің әкемнен басқа разы іздеп, жүгінетұғын адамды көргенім жоқ. Жалпы, өзіміздің елдің жақсысын абайласам, алдына келген даудан мүмкін қадарлы өзінің досына пайдалы жағынан қапы қалдырмай билік айтады. Жалпы, ұрылар айтады: «Абайдың алдына өтірікпен бара алмаймыз, жанымыз қалса, шын сөзіміздің арқасында қалады», – деп.
...Енді, Долгополовтың менің әкеме айтқан сынын жазайын. Бұл Долгополов – бірінші ме я екінші ме, Государственный Думаға Одесса қаласынан депутат болып сайланған адам. Докторлыққа экзамен беріп жатқанда саяси айыбы болып айдалып, Семейге келген кезінде менің әкеммен таныс болып, сексен бесінші жылы жаздай біздің ауылда болған. Бір күні менің әкем сөйлесіп отырып: «Менің балаларымды сынашы», – депті. Сонда Долгополовтың айтқаны: «Сенің балаларыңның адамға қарасы түзу, зерек, жақсы балалар. Бірақ сенің мына сән-салтанатыңды, дәулет-дәуреніңді көріп отырып, жақсы бала бола алмайды. Ғылымға ет ауыртып еңбек қылмаса, қолға түспейді. Сенің балаларың оншалық етін ауыртып, еңбек қып неғылсын. Еңбексіз-ақ өзі – хан, өзі – би. Сенің ауылыңның төбесі көрінбестей алысқа кетсе, сонда адам болады», – депті.
Содан соң: «Өзімді сынашы», – депті менің әкем. Сондағы Долгополовтың айтқан сыны: «Сен басың алтын адамсың, бірақ үйренген әдет-салтың жаман. Таңертең төсектен тұрасың, біреу әкеп киімдеріңді киіндіреді, арқаңа шапаныңды жабады, есікті ашып, тысқа шығарады, қайтып келген соң тағы да есікті ашып үйге енгізіп, алдыңа шылапшынды әкеліп, құманмен суды қолыңа құяды. Ас келсе, шайыңды құйып береді, етіңді жапырақтап береді. Ұйықтамақ болсаң, төсегіңді салып, өзіңді біреу шешіндіріп жатқызып, шақшаңды бір жағыңа, мұрын орамалыңды бір жағыңа тығып, үстіңе көрпеңді жауып салады. Өзің үшін өзің не қыласың? Әрнешік ұйықтап көресің», – депті. Осы Долгополовтың аз ғана сөзі менің әкемнің бірқатар әдетін, салтын көрсетер деп жаздым...
(Тұрағұл Абайұлының естелігінен ықшамдалып алынды)
Тұрағұл ИБРАГИМОВ, Абайдың ұлы: Жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді
Последние статьи автора