Кездейсоқтық па, әлде бір тылсым құпияның жаңа қырынан көрінуі ме мен естімеген, оқымаған, көрмеген көріністік құбылысқа тап болдым. Ежелден келе жатқан адам баласы тіршілік күні біткенде Жаратушының құдіретімен Жан (рух, аруақ) тәннен бөлініп шығып, ғарышқа самғайды деген нақ танымды қасиетті Құран аяттары негізінде сипатталады.
Адам ұйықтағанда аян алады, бұл көбінесе пайғамбарлар мен сахабаларда және ұлы адамдарда кездесіпті дейді білгіштер? Бірақ, бұл да әлі ғылыми жағынан толық шешімін таппаған. Кейде адамдар түс көргенде осы мезгілде тән демалса ал, жан кеңістікке кетеді де әлемді шарлайды, өзі білетін немесе бейтаныс о дүниелік аруақтармен кездеседі, тілдеседі, аян алады т.б. нұсқаулар алады деп жатады. Сонда осы нақты дәлелі жоқ болжамдар адамзат баласын мыңдаған жылдар бойы иландырды, сендірді және тәубесіне келтіріп бас игізіп келеді.
Сондай мистикалық құбылыстардың болғаны мен шындығы жөнінде әлем ғалымдары әлі де бір толық шешімін берген жоқ. Үнсіз. Неге үнсіз, бұған кім кінәлі, мықты болсаң шешімін тауып көр. Жараушы мен табиғат және адам құпиялары не үшін толық ашылмауда? XV ғасырда өмір сүрген француздің жұлдызшысы Мищель Нострадамус пен жақын жылдары о дүниелік болған болгариялық Ванга апайдың құпиялары әлемнің көптеген елдерінің көп салалы ғылымдарының ғалымдарының зерттеулеріне қарамастан, әлі нақты ғылыми тұжырымын таппағаны қалай?
Мәңгілік өмір жоқ. Өміріміз айтысқа, өсек-аяңға толы. О дүниеге кеткенде де артымыздан піші-пішілер келіп жатар. Бұны да өз уағында сезе жатармыз. Менің бата алған және оқытқан ұстазым болған жоқ. Мен Жаратқанның құдіретімен бір-ақ түнде емшілік қасиетін қабылдаған жанмын. Бұл жөнінде ширек ғасырға жуық жария етпедім, мақтанбадым. Бәрі құпия қала берді. Басқа емшілер сияқты жоғарыдағы орынның есігін ашпадым, жалбарынып жалынбадым. Осындай шешімімнің арқасында «Құтқарушыларға» құл болудан азат болдым. Соның нәтижесінде тылсым құпия сырларынан сыр шертетін он бестен аса кітаптың авторы атандым.
Еңбегімнің алды әр елге жетсе, интернет арқылы жер шарын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шарлағалы жеті жылдан асты. Аяқ астынан, күтпеген жерден осындай қабілет берген, қорғаушы, бақылаушы және қуат берген Алла тағалаға басымды ием, шексіз қарыздармын. Халықтық тектік киелі тылсым сырлары құпиясын ашу парызыма жатады. Әр нәрсенің негізі ғылымға сүйенеді. XV ғасырдың дала ғұламасы, шипагер, менің рулас қоныстас бабам Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты энциклопедиялық медициналық көп салалы ғылымдарды қамтыған, теңдессіз туындысын он бес жылдан бері философиялық және психологиялық ғылыми танымдық негізде зерттеудемін.
Осының нәтижесінде «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» және орыс тілінде «Целительская традиция и философия» атты ғылыми монографиялық еңбегім ҚазҰУ «Философия тарихы және мәдениеті» кафедрасының ғылыми кеңесінің шешімімен баспадан шықты, өз оқырманын тапты (А. 2009). Ғылыми еңбекте халықтық емшіліктің біздің дәуірімізге дейінгі жағдайы, шипагер баба Өтейбойдақ еңбегіне ғылыми талдау мен баға беру және осы уақыттағы халық емшілігінің бағыты мен болашағы қамтылған. Әрине, еңбектерімнің барлығы көп салалы ғалымдардың талқысынан кейін баспадан шыққан. Мен осы халық емшілігі жөнінде құр бос сөз қашан бітеді деп көп күттім. Бос сөз азаймады, керісінше халық емшілігінің абыройын төмендетуде. Емшілер жаман дейді, шетінен шарлатан дейді т.с.с.
Дұрыс, сын болмай мін түзелмейді. Емшілердің бәрі жаман емес, арнайы терең білімді болмаса да адамгершілігі мен имандылығы жоғары барлары жетерлік. Тектік кие ол тұқымқуалайды. Ұстай, ұлықтай білсе емшіге бақ, ардақтай білмесе, кіші тозақ. Бұған қарап, сонау адамзат дәуірінің алғашқы қауымдық кезеңінде адамзаттың ұрпағының қалыпты тұлға болып өсуіне басшылық жасаған, денсаулығын бақылаған, бір ортаға басын біріктіріп қоғамдастырған, жаратушы Тәңірдің құпиялық тылсымын мойындатқан, адамдардың сөздік қорының, туыстық танымының оянуына және өмір сүру жолдарына жол көрсеткен бақсылар мен балгер, болжаушы мен көріпкел, т.б. ұрпақтарын неге сыйламасқа, әрине оның білімділерін. Мен енді ашық айтамын. Менің кім екенімді білмегендерге өкпем жоқ. Мен басқа біреулер сияқты жанама атқа әуес емеспін.
Мемлекетіміздің тәуелсіздігінің беріктігі мен халықтың амандығы үшін, мен өзімнің сақтандыру ойларымды ашық жариялық тұрғыдан халқыма жеткізуді азаматтық парызым деп санаймын. Қанатын жайып ұясын құрып алған секталардан кем түспейтін, ортамызда тайраңдаған, талай жанды зар қақсатқан неке қиғыштар мен «Аруақ телекомдар» және «Пархат», «Аққулар», «Ордалар» әрекеттері және жандарын шүберекке түйіп жүрген, қалтылдаған сырқат жандарды жүзден-бес жүзге дейін саптағы солдаттай тізіп алып шындығы және өтірігі аралас бата айтқыш, «Әулиелер кесенесіне» зиярат еткізгіштердің іс-әрекеттері бүгінде арам пиғылды діни секталардан кем түспейді. Адамның өзін-өзі аздыруы ма, жоқ қоғам кінәлі ме? Бұған болашақта баға беретін өмірдің өзі таразы. Әр адамның өмірі өлшеулі. Осы еңбекті жазуға ұзақ уақыт ойландым. Толғандым. Тәуекелге бел байладым. Бастадым да ойымдағыны ықшамдап аяқтадым. Халықтық шипагерлік туралы тамаша еңбектерді жазуға Алла тағала нәсіп етсе, оны да тағдырым орындатарына күманым жоғы анық.
(«Түнгі ғажайып» кітабынан)
Автор: Зядан Қожалымов