Адамзат баласы бағзы заманнан-ақ мысықты сиқырлы жануар деп ойлаған. Ежелгі мысырлықтар мысықты фәни мен бақиды жалғастырушы деп есептеді. Сол кездегі сиқыршылар «мысықтың көзі басқа әлемнің көрінісі, өзге дүниеге апаратын жол», - деп сенді. Әлемнің әр еліндегі халықтар мысыққа байланысты сан алуан салт-дәстүрлерді өмірге енгізіп, бұжытпай орындайтын болды: орыс халқы жаңа үйге, пәтерге қоныстанар алдында сол баспанасына әуелі мысықты кіргізеді. Мұндағы наным-сенім: мысық үйді тылсым күштерден тазартады. Көп халық «қара мысық алдыңды кесіп өтсе, жолың болмайды», - дейді. Қазіргі қазақтар да оған иланады.
Халықтың мұндай наным-сенімінде құпиясы толық ашылмаған сырлар көп. Өйткені, қандай да таным, түсінік тектен-текке пайда болмайды. Соған кейбір халықтардың ескі аңыздарында мысықтың үйдегі тылсым күштермен, үй иесімен сөйлесетінінің айтылуы, жазылуы нақты дәлел. Иә, қазір де көп адам, олардың ішінде тылсым дүние сырларын зерттеушілер: «мысық адам көзіне көрінбейтін тылсым дүниені көре алады, онымен байланыста болады», - деп ой қорытады. Олардың дәлелдеуінше, мысықтар біздің өмір сүріп отырған әлемімізді жұлдызды әлеммен жалғастырып, адамдарды тылсым күштерден қорғай алатын қасиетке ие. Мысықтың алдыңды кесіп өтуі саған кесірін тигізейін дегенінен емес, керісінше, сені төніп тұрған қауіп-қатерден сақтандырып, сездіргені, осылайша өзіңді қорғауға тырысқаны. Зерттеушілердің дәлелдеуінше, қара түсті мысықтар өзге түсті мысықтарға қарағанда тылсым күштерге қарсы тұруға өн бойында қуаты мол, әрі өте қабілетті. Сондықтан да бірқатар экстрасенстер үйлерінде тек қана қара мысықтарды ұстайды. Олай болса, қара мысықтың теріс энергияны жұтып алатын қасиетін біліп, оны ұнатпауымызды қоялық. Алайда есте болатын бір жағдай, мысық иесіне ит тәрізді сенімді де адал серік бола алмайды. Өйткені мысық әубаста жер бетінде тышқан аулау үшін емес, басқа мақсат үшін жаратылған. Яғни, оның негізгі мақсаты: бойындағы таңғажайып сиқырлы күшімен, ерекше қасиеттерімен өзі тұратын үйді жын-шайтаннан, теріс энергиядан сақтау. Егерде бөтен бір мысық үйіңе келіп, ішке енгісі келсе, оны кері қумау қажет. Себебі, ол өзінің сиқырлы қызметін жүзеге асырып, сол үйді аластау үшін іздеп келіп отыр. Бұл әрине, тылсым күштерді зерттеушілердің пікірі. Оған сену, сенбеу әркімнің өз ықтиярында.
Мысықтың құпия қызметін, қасиетін зерттеп, ой-пікір айтушылардың әңгімесіне назар аударсаңыз, «мысықтар өз иесін өлімнен де арашалап алып қала алады».
Бірқатар халық емшілерінің баяндауынша, мысық иесінің қай жері ауырса, сол жерге барып жататын көрінеді. Және де мысықтардың кейбірі иесінің ауырған жерін ақырын тырналап емдесе, екіншілері олай массаж жасамай-ақ, сол жерде жатқан күйі оған бойындағы қуатымен әсер етіп, шипасын силайды екен. Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Тек біздің бір білетініміз, бұрындары халық емшілерінің мысық бойындағы шипагерлік қасиетті жақсы біліп, оны іс-тәжірибеде пайдаланғаны. Қазіргі медицинада «анималтерапияның» бар екені, бұл саланың жылдан-жылға дамып келе жатқаны мысықтың емдік қасиетіне басты дәлелдердің бірі. Бұл жөніндегі ой-пікірлерге назар аударсақ, «мысық иесінің ауырған жерін дәл табатын энергетикалық – ақпараттық құрал іспеттес. Өйткені, адамның ауырған жерінің энергетикасы өзгереді де, осы өзгерісті мысық бірден сезеді».
Тағы бір таңғаларлық ой-пікір: «мысықтың биоөрісі жүректің жұмысын қалпына келтіреді, қан қысым реттейді, бас ауруын жазады, ол үшін мысыққа жақын болып, оны бір мезет сипап қою қажет». Ол адам бойындағы теріс қуаттарды да сүзіп алады. Аниматерапевтердің дәлелдеуінше, мысықтың пыр-пыр еткен үнінің өзі адамдарға шипалы. Мысықтың мияулаған дауысы – 20-25 герцке дейін жететін дыбыс толқындары болғандықтан, бұл мөлшердегі дыбыс диапазоны адам жарақатының тез жазылып кетуіне, сынған сүйектің тез бітуіне өте жақсы әсер етеді. Ол тіпті, ағзаның иммунитеттік жүйесін күшейтіп, адам өмірін ұзартатын болып шықты. Сондай-ақ, мысықтың мамық терісін бірнеше минут сипасаң, инфаркт, инсульт алу қаупі азаятын көрінеді. Себебі, мысықты сипау - әлсіз ток арқылы электростатистикалық әсер ету деген сөз. Бұл нағыз физиотерапия!
Таңғажайып оқиға
Мысық жыртқыш хайуан, тышқан, торғайды ұстап алып жей беретін етқұмар, итпен араз жануар саналғанымен, мысық пен торғайдың, иттің достығы тәрізді де таңғажайып оқиға, құбылыстар туралы әңгімелер көп. Жазушы Николай Семенович Тихонов «Таңғажайып қызық оқиғалар» атты хикаятында хайуандар достығы жөнінде былай деп жазады:
«...Ертемен балконға шыққанымда көрші аулада екі хайуанның шөп арасында жүргенін көрдім. Мен бұған қайран қалып, үн-түн жоқ тұра қалдым. Біздің жирен түсті еркек мысығымыздың қасында қаздаң-қаздаң басып бір қарға жүрді, ал мысық анда-санда бір қарап қояды да, қатарласып жүре береді. Бұл әдеттен тыс көрініс еді, мен оған түсінік таба алмағанымды мойындаймын. Мысық екі ауланы бөліп тұрған аласа шарбаққа дейін келіп, оның астынан өтті де, гүлзардың ішімен аяңдай бастады, ал қарға шарбақтан оп-оңай ұшып өтіп, мысықтың қасына келіп қонды.
Мен осының бәрін үй ішіне айттым; мұны көрген жалғыз мен ғана емес екенмін. Оның үстіне бұл үйде тұратын біз ғана емес, өзге келім-кетімді кісілер де мұншалықты таңғажайып достықтың куәгері болды. Таңертеңгі сағат алтыларда қарға біздің сая бақтың алдына келіп қонады да, ерсілі-қарсылы жүріп, мысықты күтеді. Сол сәтте, жирен мысық та далаға шығып, екеуі біздің аулада серуендейді немесе көрші қораға кетеді. Бұлардың алғаш ұшырасқан жері – жөке ағашының маңында жүргенін талай адам көріпті; мұнда мысық өзінің өрмелегіштік өнерін көрсетеді. Бұл кезде қарға үнсіз отырып, оның акробатикалық жаттығуларын тамашалайды. Бұдан соң мысық бұтақтардың үстінде отырады, ал қарға үздіксіз қарқылдай бастайды. Сырттан қарағанда, бұл мысықтың гимнастикасын талқылағанға немесе оған көрген-білгендерін айтқанға ұқсайтын еді; мұндайда мысық үнсіз отырып, мұқият тыңдайтын. Екеуі өстіп көп отырады да, қайтадан серуенге шығады.
Бұл оқиға жұрттың аузынан түспейтін болды. Кей адамдар мысық пен қарғаны көру үшін әдейілеп келіп жүрді. Екеуі кісіден қорықпайтын-ды, жақындап барсаң да тұра қашу дегенді білмейтін. Біраздан соң қарға ұшып кететін де, ертеңіне таңертең қайта келетін.
Алайда бұл оқиға қайғылы аяқталды. Қарға кенеттен жоғалып кетті. Ол дуал іргесінде өліп жатқан жерінен табылды. Көрші ауланың балалары үрлеме мылтық атуға жаттығып жүргенде қарға біздің қораға келіп қону үшін көршілердің жерін айналады, тым төмен ұшып келе жатқанда байғұсқа оқ тиіп кетеді...
Жирен мысық біршама уақытқа дейін ертемен далаға шығып, досын күтіп жүрді. Оның қаншама қайғы шеккенінен ешбір хабарымыз болмады. Біз хайуандардың сезім дүниесін тым аз білеміз ғой».
Автор: Мақсұтбек Сүлеймен