Құрметті "Алаш айнасы" порталының оқырмандары! "Дуалау - ең ауыр күнә, сығанның оқыған дуасын кетіру өте қиын" деген сөздерді де естіп жүрдім. Өз басымнан өткеннен соң ғана жын-шайтандардың араласуымен іске асатын бир сиқырдың бар екеніне сене бастадым.
 
Ертеректе біздің көрші ауылда Есет деген жиырма бес жастағы жігіт еліктей сұлу әйелі мен екі ұлын тастап Зоя есімді татар әйелдің қолына кіріп алған еді. Зояны «қара магиямен айналысады» деп айтатын ауылдастар. Есетті де өзіне қарату үшін «оқытып, сиқырлап» алды деп шулады халық. Ол кезде мен мектеп оқушысы едім. Ол кезде сондай әңгімені құлағым шалса да өз басымнан өтеді деп еш ойлаған емеспін.
 
Мен қазір бір мекемеде заңгермін. Үйленгенмін. Екі қызым бар. Өзім еліміздің шығысынанмын. Ата-анам сол шығыстың бір ауданында тұрады. Үйдің кенжесімін. Оқуды жақсы оқыдым. Университет бітіріп, заңгер мамандығын алып шықтым. Диплом алған соң бірден Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге аттандым. Атырау қаласында борышымды өтедім және сол жақта кейіннен "контрактник" болып қалып қойдым. Яғни, келісім шарт бойынша әскери қызметкер болдым. Сонымен әскери өмірге үйреніп, Атырау қаласына да бауыр басып кеттім. Әскери қалашықта жұмыстан берілген пәтерде бірге істейтін жігітпен тұрдым. Екеумізде бойдақпыз. Күндіз жұмыста, кешке қыдырамыз. Біздің қалашықта ойын-сауық құрып жүретін бір қыз болды, есімі - Гүлшат. Ол Гүлшатты бүкіл қалашық танитын еді. Ащы суды сіміріп алып, кафелер мен клубтардан шықпайтын. Көзі сығырайған, иегі біраз алдына шыққан, өңі де бір түрлі еді. Бірақ өте өжет қыз болды. Сол қызбен бір күні кафеде кездесіп, кейін сол қыз менің махаббатыма айналды. Көрмесем тұра алмаймын. Тіпті ғашық болып оның айтқандарын бәрін істедім. Ақшамды да аямадым. Достарымның барлығы таң қалып: "Бүкіл қалашық жігіттерімен қойындас болған қыздан не таптың, қойсаңшы! Бұл әйел болып жарытпайды", - деді. Тыңдайтын мен емес. Гүлшат туралы жаман айтқандардың бәрін өзіме жау көрдім. Тіпті: "Ол өткен өмірі, маған сүйіктімнің өткен өмірі еш қызықтырмайды, ең бастысы біз бірімізді-біріміз сүйеміз" деп ақталдым. Осылайша күндер өтіп жатты, Гүлшат мен тұратын пәтерге көшіп келіп алды. Болашақта мен оған үйленбекші де болдым.
 
Кезекті еңбек демалысым келіп, мен Өскеменге үйіме кеттім. Ауылға барған соң да Гүлшатты бір минут есімнен шығара алмай, күні-түні телефон тұтқасына жабыстым. Мені сағынып, құрақ ұшқан ата-анам көңіліне де мән бермедім. Анам намаз оқитын жан еді. Бір күні анам түс көріпті. Түсінде мен бір қызбен қол ұстасып жүр екенмін, бір уақытта менің жанымдағы қыз билеп, мені арбай бастайды екен де аяқ жағында құбыжыққа айналады екен. Анам түс көрген соң бірден секем алып, ауылда Күлзи деген бақсы әжейге барады. Ол кісі «мені ертіп алып кел» депті. Мені қоярда қоймай анам сол кісіге алып барды. Басында қарсы болсам да анамның көңілін қимай бардым. Ол әжей маған: "Балам сені бір әйел адам орысқа барып, өзіне қарату үшін дуалаған" деді. Мен ол сөзге күліп, шығып кеттім. Анам қоярда қоймай әжейдің берген суын іштіртіп, қағазқа жазылған дұғасын басыма жастап қойды. Осылайша еңбек демалысым бітіп, Атырауға кеттім. Тағы да бұрынғысынша өмір басталды. Сүйіктіммен ажырамай, жақсы көруімді тоқтатпадым.
 
Бір күні қызмет бабымен мені іссапарға Алматыға жіберді. Ұшаққа билет алып, Гүлшатпен қоштасып, Алматыға жүріп кеттім. Міне қызықты қараңыз, айтсам ешкім сенбес. Ұшақтан түскен соң Алматы әуежайында қалта телефоным шырылдады. Қарасам, Гүлшат хабарласып тұр. Мен іштей оның хабарласқанына таң қалып, жаратпай «мына қыздың менде несі бар, маған неге хабарласады» деп ойладым. Телефоннан суық сөйлестім. Алматыда жүргенде "сүйіктімді" мүлде ойлаған емеспін. Ол өзінше қайта-қайта хабарласып қоймады. Бірден «маған енді хабарласа берме» дедім, тіпті телефонды көтермедім.
 
Үш күннен соң Атырауға қайтып келдім. Қасымдағы досыма болған оқиғаны түгел айтып бердім. Өзімнің қылығыма ұялдым. Оларға ұрысып қоямын, «маған неге дұрыстап ақыл бермедіңдер» деп. Олар: «сен бізді тыңдамақ түгілі бізден қашатын болдың ғой», - деп күледі. "Сүйіктіме" бірден кесіп маған жоламауын және бірге тұра алмайтынымды айттым. Шынымен де ол қызды мүлдем көргім де ол қыз туралы естігім де келген жоқ. Ол туралы ойласам денем біртүрлі болып, жаным түршігеді. Гүлшатқа дуалау туралы ештеме айтпадым. Құтылғаныма қуандым.
 
Кейіннен өз махаббатымды кездестіріп үйлендім. Кейде ойлаймын сонда шынымен мені Гүлшат сол кезде дуалаған болды ғой, бір күнде мен ол қыздан жеріп кеттім ғой. Махаббат болса үйленер едім ғой. Сонда көзімді шел басып, менің жан-дүниемді сиқырлап тастаған ба? Сондай қылыққа баратын қыздар қазір көп деп естимін. Және де «дуа» дегенге сенетін болдым. Сондай шайтандардың азғыруынан, сиқырлардан, қорқыныштан сақтайтын «Аят уль-Курси» аятын іштей оқып жүремін. "Ақыр заман таянғанда осындай сиқырлау көп болады" дегенді оқып едім бір жерден. Сиқырды жасайтын адамдар ғой, сонда олардың Алладан қорықпағаны ма?
 
 
 
Автор: Диас Жолдасов, Астана