Ұлттық арнадағы "Әйел бақыты" бағдарламасына келген шымкенттік тұрғын өгей анасы туған әкелерінің басын дуа мен сиқыр арқылы айналдырып, бала-шағасынан алыстатып отырғанын айтып, көмек сұрады деп хабарлайды NUR.KZ.
"Анам 2009 жылы дүниеден өткенде, үйленейін деп отырған ұлымызды үйлендірудің орнына, әкеміздің қарындасы анамның қырқын өткізіп, "бауырым құса болады" деп әкемізді екінші рет үйлендірді.
Бәрі сол жағдайдан басталды. Әкеміз бізбен содан бастап толықтай қарым-қатынасын үзді. Тіпті телефонмен де сөйлеспейміз", - дейді әкесін сағынғанын айтып жылаған Пернегүл Дүйсенқызы.
Өгей анасы үйге келгеннен шырқымыз бұзылды деген Пернегүл қызмет істеп жүріп, бар тапқанын әкесіне тасығанын айтты. "Бермейін десем, бар ақшамды беріп қоятынмын" деп таңданған кейіпкер, өзінің де басын дуалап қойғанына сенімді.
"Өгей анам қара сиқырға барып жүргенін өзі аузынан қағынып айтты. Киров деген жерде, кез-келген таксистке айтсаңыз, Надя деген дуакешке апарады. Оның дұға жасау бағасы 19500 теңге. Оған әкемнің қарындасы өзі де барғанын мойындады.
Олар таңертең , түсте, кешке бір мәртеден соған барады. Әкемді ертіп апарды", - деген Пернегүл атышулы Надяға өзінің де барғанын жасырмады.
"Ол мың-екі мың теңгеге сөйлемейді. Мен өтірік сылтау айтып, оқып беріңізші дедім. Кейіннен 5000 теңге бергенімде бәрін жайып салды. Дәптерінің ішінде тізіліп тұрған суретімізді өз көзіммен көрдім. Ол өгей шешем мен туысқан апамыздың келіп жүргені рас екенін айтты", - дейді көмек сұраған келіншек.