Әжеме айтылған қарғыс әкемді мерт қылған екен

Әжеме айтылған қарғыс әкемді мерт қылған екен

Ойлап қарасам, мен ес білгелі біз қоныстанған бес үй өртеніпті. Соған қарап, осы кезде «елдің айтқан қыңқу сөздері де тек емес-ау» деп ойланам. Елдің айтуынша, оның сыры әкемнің өрт сөндіруші болуымен немесе әжеме айтылған қарғыспен байланысты болуы ықтимал. Елдің олай тоспалдауының мәнін тарқатып айтайын.

Үлкендерден естуімше, әжем 10-11 жасында көршінің пішен қорасында бір топ қыздармен ойнап отырып ұрсысып қалады. Ашуға шыдай алмай, балалықпен пішен қораға өрт қойып жібереді. Қыздардың екеуін күйік шалып, қайтыс болады. Әжемнің әкесі малдай өтем төлейді. Бірақ көршілердің көзқарасы дұрыс болмаған соң аудан орталығына көшіп кетеді. Сол кездегі кінәсін сезінді ме екен, әйтеуір әжем (үлкен ұлын) менің әкемді өрт сөндіруші болуға бағыттайды. Әкем де әжемнің қалауын құп алып, өрт сөндіруші болады. Мен мектеп бітірген жылы әкемді сол тілсіз жау жалмап тынған болатын.

Үйіміз алғаш өртенгенде мен 7-8 жаста болатынмын. Сондықтан ол кезде өрттің неден болғанын да білмеймін. Сол кезде үйдің жартысынан көбі және біраз заттар өртеніп кеткен еді. Кейіннен, асар жасап, сол үйді қайта қалпына келтірді. Араға екі-үш салып сол үйіміз тағы өртенді. Сонан соң әжем басқа үйге көшуді ұйғарды (атам ерте қайтыс болған, сондықтан бәрін әжем басқаратын). Сол жерден басқа үй сатып алып сонда көшіп бардық. Бірақ ол үйде де көп тұру бұйырмады. Келесі жылы жаз мезгілінде жаңа үйіміз өртенді. Бұл жолы өртті тез өшіріп алды. Алайда, одан кейін ол үйде ұзақ тұрмадық. Әжемнің ұйғаруымен көрші ауданның орталығына көшіп бардық.

Ол жерге көшіп барған соң да әкем өрт сөндіруші болып жұмыс істеді. Арада екі жыл өткенде тағы да үйіміз өртенді. Өрт сөндірушілер дер кезінде келіп өртті ауыздықтады. Бірақ ас бөлмеде біраз заттар жанып кетті. Үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сатуға қойдық. Ол үй ескілеу болатын. Үстіне ақша қосып жаңалау үй алдық. Бірақ екі жылға жетпей ол үйіміз де өртенді. Алла сақтап көп шығын келмеді. Сол үй өртенген соң әкемнің мінез-құлқы өзгерді. Тұйықталып, ешкіммен сөйлеспейтін болды. Әжемнің сұрақтарына да қысқа жауап қайтаратын. Сөйтіп жүргенде, әжем басқа үйге көшетінімізді айтты. Арзандау, үлкен үйді сатып алуға келісіп келіпті. Сонымен, тағы көштік.

Ол кезде жас болғандықтан ба, үйдің қайта-қайта өртенуіне де, әрі-бері көшкенімізге де мән бермейтінмін. Мен мектеп бітіретін жылы үй тағы өртенді. Үйде әжемнен басқа ешкім болмаған. Өрт шатырдан шығыпты. Шатырдан өрт шыққанын сырттан көршілер байқап, өрт сөндірушілерді шақырыпты. Келген бойда әкем шатырға шығады. Сол кезде шатыр опырылып түсіп, әкем сол жерде мерт болады.

Ел-жұрт болып жиналып, үйімізді қайта қалпына келтіріп берді. Әкемнің қазасынан кейін әжем есінен адасқан сияқты болды. Өз-өзімен сөйлесіп, көршілерді аралап кететінді шығарды. Үйдің бар ауыртпалығы анама түскен соң, оқуға түсуді кейінге шегеріп, жұмысқа тұрдым. Әжем «әкеңнің жолын жалғастыр» деген. Бірақ ешқашан ешкімге қарсы сөз айтпайтын анам, осы жолы әжеме қарсы шығып, менің өрт сөндіруші болуыма үзілді-кесілді қарсы болды. Сөйтіп анамның қалауымен құрылысшы болдым.

Арада бес жыл өтті. Үйді өрт шалу әкеммен бірге кеткен сияқты еді. Көңілдегі үрей сейілгендей. Тұрмысымыз қалыпты бола бастаған. Енді анамның көкейінде жүрген келін түсіру ойын жүзеге асыратын кез жеткен сияқты. Анаммен ақылдасып, жазда үйленетін болдым (ол кезде әжемнің ештеңемен ісі жоқтұғын). Бірақ өрт бұл жолы да біздің ұйғарымымыздың күлін көкке ұшырды. «Үйлерің өртеніп жатыр» деген хабар жетісімен желдей ұшып үйге келдім. Мен келгенде өрт сөндірушілер өртті ауыздықтап болған екен. Екі бөлмені өрт шалыпты. Қарындасым қалада. Інім мектепте. Сондықтан өрт сөндірушілерден үйде жалғыз қалған әжемді сұрадым. Олар үйде ешкім жоқ екенін айтты. Көршілерден сұрасақ, «бағана ғана үйдің алдында жүрген» дейді. Көрші-қолаң болып іздеп, әжемді тападық.

Не істерге білмей, кешке, бұрынғы ауылымызда тұратын әкемнің қарындасына хабарластық. Әжемнің жоғалғанын айттық. «Мамам біздің үйде» дегенде таң қалдық. Тәтемнің айтуынша, әжем ауылға түс мезгілінде барған. Ауданнан 180 шақырым жердегі ауылға әжем қалай барған. Сұрағанмен тұшымды жауап ала алмапты. Түсініксіз. Өрт те түс кезінде шыққан. Ал көршілердің айтуынша, өрт шығардан сәл алдын әжем есік алдында жүрген. Яғни, әжемнің ауылға түсте жететіндей мүмкіндігі болмаған. Түсте көлікпен шықса да кешке қарай жетуі тиіс. Сонда әжем бір мезгілде қалай екі жақта болған? Көршілердің сөзіне сенбеске тағы болмайды. Өйткені түс алдында әжемнің есік алдында жүргенін бір емес, бірнеше көрші растады.

Бір аптадан кейін әжем тәтемнің үйінде қайтыс болды. Сол жаққа атамның қасына жерледік. Әжемнің қазасынан кейін, көп ұзамай қалаға көшіп кеттік. Ол кезде ауылдағы ағайын қалаға қарай қозғала бастаған 80 жылдардың орта кезі еді. Алғашында жер үй алғанбыз. Өрттен қорықты ма, көп өтпей анам «көпқабатты монолиттен тұрғызылған үйге көшейік» деді. Анамның қалауымен көпқабатты үйге көшіп өттік. Қазір сол үйде тұрып жатқаныма 30 жылдай болыпты. Сол үйден анамды соңғы сапарға ұзаттым. Сәйестік пе әлде әулеттен жалғасқан қызығушылақ па менің бір ұлым өрт сөндіруші болуды қалаған. Бірақ мен оған қарсы болдым. Өткенді ойлап, баламның өртпен алысқанын қаламадым.

Соңғы кездері әкемнің үйлерінің неліктен өртке орана бергені жайлы жиі ойлаймын. Расымен де әжем қарғысқа қалған ба екен? Онда әкемнің жазығы не? Жоқ, әлде, ел-жұрт айтқандай, әкем өрттің киесіне кез болды ма екен? Сонда өрттің де киесі болғаны ма? Тіршілікте адам түсінік таба алмайтын тылсым құбылыстар көп-ақ. Бәлкім, бұл да соның бірі болар.


Өмірбек Қосқараев

alashainasy.kz/ 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста