Бір тылсым сырдың бары анық. Өйткені, басқаша оны сипаттап беру де мүмкін емес. Түнгі сәттерде кімнің де болсын көз алдына қорқынышты бейнелер елестейтіні бар. Кейбіреулер қорыққанға қос көрінеді деп мән бермей де жатады.
 
Бірақ, мына бір сурет әруақтардың шынымен жер бетінде адамдармен бірге жүретінін және адам жанының басқа жаққа емес сол өз өскен әрі жүрген жерінде қалатынын дәлелдейтін сияқты.
 
Суретті көрген сәтте маған дәл осындай ой келді. Оқиға Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының Лавровка селосында болған. Ауылда астықпен айналысатын «Рамут» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде шөп шабушы болып жұмыс істейтін 23 жасар Александр Обухов әдеттегідей ымырт түсе шөп шауып келе жатқан. Қарсы алдынан кездесе кеткен аңшылардан мылтығын алып суретке түсуді өтінеді.
 
Балаң көңіл жас жігіттің көңілін қалдырмаған аңшылар мылтықты алып жігіттің ұялы телефонымен суретке түсіріп алады. Көңілі бірден көтерілген Саша үйге жеткенше асығады. Үйіне келгесін «агент» әлеуметтік желісіндегі «аватарға» жаңағы суретті қоймақ болады.
 
Алайда компьютерге суретті көшірген кезде күтпеген жағдайға тап болады. Алғашқыда мән бермеген жігіт суретті үлкейтіңкіреп қараған кезде өзінің артқы тұсынан шашы жалбыраған әйел бейнесінің сұлбасын анық байқайды. Суреттің дәл артқы тұсында аппақ болған әйелдің сұлбасы тұр. Шашы жалбыраған, көйлек киген қыздың бейнесі сияқты.
 
Ауыл тұрғындарының айтуынша кезінде бұл әйел қорлық көріп қаза болған адам болуы мүмкін. Алыпқашпа әңгімелер әйелдің сол ауыл маңын торуылдап жүретінін, бірақ адамның көзіне көрінбейтінін айтқан.
 
Фотосуретке түсіп қалғанынан әруақ бейнесінің суретте көрінетінін аңғару қиын емес.
 
Иә, әлемде әлі біз түсініп болмайтын талай ғажайыптың бары анық. Тек оны ғылым мен білімнің күшімен ғана анықтау мүмкін болмақ.
 
Автор: Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы