Жанна Слямова - Қазақстанда адам энергиясымен жұмыс істейтін тұңғыш коуч-ағартушы. Өзін метафизик деп таныстыратын ерекше маман иесі энергия деңгейіндегі нәзік әлемді тоғыз жасынан танып-білген. Бүгінде ол мыңдаған адамның көкірек көзін (жүрегін) ашуға көмектесіп, өзіне деген сенімін қайтарып жүр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жанна Слямова әр адамды өз ішіне үңілдіріп, проблемасының шешімін оңай табуға жөн сілтейтін маман.
Метафизик деген кім және оған қалай келді
- Менің "энергия әлемін" зерттеуім ертеректен басталады. Тоғыз жасымда анам онкологиямен ауырды. Оған қасиетті жерлерге барып тәу етсін деген аян берілді. Сол кезден бастап анам мені өзімен бірге ертіп алып, әулиелерді аралады. Сөйтіп анам өз-өзін емдеп алды. Маған ол қызық боп көрінді. Қазір мен оны қолданып жүрмін. Менің айтып жүргенім метафизика деп аталады. Бұл - адамның ішкі күйімен жұмыс. Адам энергиясы - өте нәзік дүние. Оны ғылыми түрде кванттық физика түсіндіре алады. Ол - түрлі вибрациялар. Энергияны көзбен көре алмасақ та, сеземіз.
Ата-баба аруағы және үлкендердің батасының адам энергиясына әсері қандай
- Әр адамның шыққан тегі оның өміріне, энергиясына тікелей әсер етеді. Қазақ жерінде бойына киесі бар әулиелер жатқан жерлер көп, әдетте біз сол кісілердің рухына (аруағына) барып тағзым етіп, Құран бағыштап жатамыз. Ондай жерлерде тілеген дұғалар көбінесе қабыл болады. Адам дұға жасаған кезде жоғарыдан өте күшті энергия түседі. Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да, қабылдамағыңыз келмесе де, ол бар. Мені бәлкім намазда тұрып, Алламен тілдескен адам түсінер. Құдайға жалбарыну - ол да өзінше медитация. Сол уақытта адам сыртқы әлемнен өзін шектеп, ішкі әлеміне назарын бұрады. Сол сияқты әулиенің басында тілеген дұғаң - үлкендерден бата сұраумен тең. Сондықтан қазақта "аруақ қолдайды" деген сөз бар. Ол жерлерде өте күшті энергия шоғырланады. Адам сондай жерге таза ниетпен барады. Неге сенсек, сол орындалады. Адамның жүрегі, көкірек көзі ашық болса, тілегені тезірек орындалады. Мен сол жүректердің ашылуына себепші болып жүрмін. Егер адам шынайы өмірді толықтай сезінгісі келсе, жүрегі ашық болуы тиіс.
Адам өз өмірін өзгерту үшін не істеу керек
- Егер адам өз назарын ішкі жан дүниесіндегі процестерге аударса, өмірін өзі қалағандай өзгерте алады. Қазір 99 пайыз адам зейінін сыртқы әлемге бұрып өмір сүруде. Өз ішінде не болып жатқанын білмейді. Біреулер қуанса, ол да қуанады, біреу жыласа, ол да жылайды. Назары сыртта. Бұл ХХI ғасырдың проблемасы. Адамдар не қалайтынын өздері білмейді. Басқалардың өмірі қызық. Сол себепті өз өмірін өзгертуге әлдебір ғажайып сиқырдың, алапат күштің қажеті жоқ. Жай ғана қалау қажет, және өзіңді тыңдау қажет. Тәжірибемнен бір адамды айта аламын. Онкологиямен ауырған. Өзіне, өзінің жан қалауына мән беріп, ішкі қайшылықтарынан арылып еді, айығып кетті. 70 жасқа келсең де, өмірді өзгерту кеш емес. Балаларымен, немерелерімен қатынасын жақсартып, сүйікті ісін, тіпті сүйіктісін тауып, қаржылық жағдайын реттеп жатқандар бар.
Жастар түп-тамырынан жырақтап барады
- Қазір қазақ қоғамы қалың ұйқыда дер едім. Олар дайын асты күтіп жүргендей. Өмірін өзгерткісі жоқ, тағдырдың жазуы, бұйырғаны болар деп жүр. Сондықтан өміріне риза емес, шағым айтушы адам көп. Ондай адамдарға айтарым – оқыңыздар, ояныңыздар. Өзгерісті күтудің қажеті жоқ. Өмірді өзіміз жасауымыз керек. Жастар үшін де алаңдаймын. Біз кезінде ақыл айтар ақсақалдардың көзін көріп өстік. Олар бізге өз түйгенін айтып, өнегелі әңгімелерімен бізді тәрбиеледі. Ал қазір ауыз толтырып айтатын ақсақал қалмады. Жастар тамырынан алшақтап барады. Ақылын айтар шал жоқ. Міне біздің қоғамның ең түйткілді мәселесі.