Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұралы Әліп әке атанды. Бұл туралы федерацияның ресми парақшасы хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Ұлттық құраманың қорғаушысы Нұралы Әліп алғаш рет әке атанды. Нұралы мен жұбайы Әйгерімнің шаңырағында Алайя есімді ару дүниеге келді. Біз жас отбасының тұңғыш рет ата-ана атануымен құттықтап, сәби Алайяға ұзақ ғұмыр тілейміз! Бауы берік болсын!", - делінген футбол федерациясының ресми парақшасында.
Айта кетелік, Нұралы Әліп желтоқсан айында үйлену тойын дүркіретіп өткізген болатын. Ол үйлену тойын футболдан әлем чемпионатының финалдық күнімен сәйкестендіріп, Аргентина құрамасының жеңісін ерекше атап өтті. Кейін сол тойда қонақ болған ресейлік ойыншы Дмитрий Чистяков арнайы сұхбат беріп, салтанатты рәсімге 500 адам қатысқанын жеткізген еді. Нұралы Әліп Қазақстан ұлттық құрамасы мен Санкт-Петербургтің "Зенит" клубында доп тебеді.