«Дипломмен – ауылға» жобасына туризм мамандығы кірмей ме?
Мен «Дипломмен – ауылға» жобасымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне қарайтын мемлекеттік ұлттық табиғат парктерінің біріне туризм саласы бойынша жұмысқа тұрайын деп едім, бірақ аудан әкімдігіндегі мамандар: «Ол мекеме бюджеттік мекеме емес, сондықтан «Дипломмен – ауылға» жобасына қатыса алмайсыз», – дейді. Бұл мекеме мемлекеттік мекеме емес пе? Туризм мамандығы «Дипломмен – ауылға» жобасына енгізілмеген бе?
Қияс КАБЕРОВ, Семей
«Дипломмен – ауылға» жобасы «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ауылдық елдi мекендердiң әлеуметтiк сала қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдау және ынталандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 24 желтоқсандағы N 111-IV заңын іске асыру мақсатында қабылданған.
Осы заңды іске асыру тетіктерін реттейтін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысымен бекітілген Ережелерге сәйкес, әлеуметтік қолдау шаралары ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін баратын денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына ғана қолданылады. Аталған заңнамалық актілерге сәйкес, тізімге туризм саласының мамандары енгізілмеген.
Әлеуметтік қолдау шаралары аталған салалар бойынша ауылдық елді мекендерде орналасқан әлеуметтік сала ұйымдарына жұмыс істеуге келген, кәсіптік мамандықтар бойынша арнайы дипломдары бар мамандарға ғана ұсынылады.