Жұмыссыздық жоспарсыздықтан туындайды
Кеше Статистика агенттігі елімізде жарты миллионға жуық жұмыссыз бар екенін мәлім етті. Қазірде елдегі жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап отыр. Ал нақты санына жүгінер болсақ, бүгінде мемлекетімізде 548,5 мың жұмыссыз бар. Жұмыспен қамтылғандардың тізімі 8,6 млн тұрғынды құрап отыр. 2012 жылдың басынан тамыз айының соңына дейінгі аралықта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 60,8 мың адам ресми тіркеуден өткен. Айта кетерлігі, бұл тізімге «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының қатысушы тұлғалары енгізілмеген.
Сонымен, елдегі жұмыссыздар санының жарты миллионды құрауы нені білдіреді? Бұл жұмыссыздық мәселесімен күресте алға жылжығандығымызды көрсете ме, әлде кері пікір қалыптастыруға ықпал ете ме?!
Сырт көз сыншы
Негізінен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, тек 2010 жылы ғана елдегі жұмыссыздық деңгейі 7 пайызды құраған. Араға екі жыл салып біз жұмыссыздық деңгейін 5,2 пайызға дейін төмендетіп отырмыз. Дегенмен біз «екі жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда елдегі жұмыссыздар саны едәуір азайды» деп отырған тұста көршілес Ресей елінің әлеуметтанушылары еліміздегі еңбек нарығы турасында өзіндік пессимистік болжам таратып отырған көрінеді.
Аман ШОТАЕВ, экономист-ғалым:
– Қазірде «елдегі жұмыссыздық деңгейін қанша төмендеттік» дегенімізбен, Ресей сарапшыларының болжамынша, «Қазақстан халқының әлеуметтік ахуалын әзірге оңалту қиын. Себебі елде экспорт жағы жетілмеген, отандық кәсіпорындар легі аз. Қымбатшылық кернеп тұр. Республика халқының 39,7 пайызы орташа жалақы алады. Ауылдық жерлерде агроөнеркәсіптік кешен дамымаған. Сондықтан кемі бес жылдан соң Қазақстанда жұмыссыздық артады». Алайда экономист-ғалым ретінде мен мұнымен келісе алмаймын. Себебі біздің елімізде халықты «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы, «Өнімділік – 2020» бағдарламалары нақ сол 2017 жылдары оң нәтиже бере бастауы тиіс. Әрине, сырт көз сыншы екені даусыз. Бірақ өркениетті елдердің біразында нақ осындай жұмыссыздық мәселесімен күресу және оның алдын алуға қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқтың қасы. Тіптен бізді сынға алып отырған Ресейдің өзінде жұмыссыздық жайы тым өршіп тұр. Сондықтан маман ретінде мұндай болжамдарды қолдамаймын. Өйткені біздің елде жұмыссыздарды жәрдемақымен қамту мәселесі, жәрдемақы төлеу арқылы олардың зейнетақы қорына ай сайын қаржы аударып отыру жайы, еңбек биржалары арқылы есепке алып, жұмыссыз маманды жұмысқа алу, жұмыссыздарға сұранысты арттырып, олардың еңбек өнімділігін қарастыру жайы өзіндік жолға қойылып келе жатыр. Тек ендігі біздің алаңдауға тиіс мәселе елімізге сырттан келетін жұмыс күшіне бақылау, қадағалау орнату болуы қажет.
Жәрдемақы төлеуде жаңа жүйе керек
Жалпы, еңбек нарығын бақылаушы мамандардың пайымдауынша, қазірде еңбекпен қамту мәселесі әсіресе жастар арасында кең етек алуда. Мемлекет тарапынан құрылған еңбек биржалары да әлі де болса жастарды, сондай-ақ кезінде тәжірибелі маман қызметін атқарғандарды еңбекпен қамту мәселесін толық шеше алмауда. Осыған байланысты жұмыссыздарға жәрдемақы төлеуде жаңа жүйеге көшкен абзал...
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
– Соңғы уақытта көптеген компаниялар жұмысшыларға деген сұранысын күрт азайту үстінде. Жұмыссыздардың көп бөлігін жас мамандар құрайды. Осыған орай қазірде бізде азаматтарды сұранысқа ие басқа кәсіп түрлеріне оқыту жүйесі біртіндеп жүзеге аса бастады. Алайда біздегі жұмыссыздық бойынша тіркеуде тұрған азаматтарға берілетін жәрдемақы мөлшері ұлғайтылса жөн болар еді. Мысалы, Испанияда жұмыссыздық бойынша тіркеуге тұрған азамат тәжірибесі мен біліктілігіне қарай 900 евро мен 1300 евро аралығында мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Бірақ одан үміті бар адам кем дегенде алты жыл жұмыс істеп, арнайы әлеуметтік жарна төлеп тұруы тиіс. Бізге де біртіндеп осы жүйені енгізген абзал. Себебі қазірде елімізде бір кәсіпорында 10-15 жыл бойы жұмыс істеп жұмыссыздар санатына ілініп кеткен азаматтар қаншама? Сондықтан олардың біліктілігі мен тәжірибесі аяқасты етілмеуі үшін мұндай жүйе бізге керек. «Мемлекеттік жәрдемақылар халықты жалқаулыққа үндейді. Осыдан барып жұрт мемлекетке масыл болады» деген пікір тудырушылар да баршылық. Бірақ бұл жағы да арнайы зерттеуден өтуі тиіс. Біздің арнайы бағдарламаларға осы іспетті жаңа жүйе енсе жөн болар еді.
Жұмысты қай мезгілде іздеген жөн
Абзалында, «елде жұмыссыздық деңгейін төмендетудің алғы шарттары бар, бірақ бұл жүйені әлі де жетілдіру қажеттігін» алға тартқан мамандар еңбек нарығындағы ахуал үнемі құбылып отыратынын, осыған орай жұмыс іздеп, «екі қолға бір күрек» табуда өзіндік қолайлы мезгілдер болатынын алға тартуда. Отандық сарапшылардың байыптағанындай, елімізде жұмыс іздеуге қолайсыз мезгіл мамыр, маусым, шілде айлары екен. Мұны арнайы кестеден көруге болады.
Түйін
Сөйтіп, қалай десек те, жұмыссыздық қамыты жарты миллион бұқараны қос өкпеден қысып тұрғаны да жасырын емес. Мамандар бұған қатысты «Жұмыссыздық жоспарсыздықтан туады. Қалай болғанда да жұмыссыздықты шешуде өзіндік жоспарымыз, бағыт бағдарымыз болуы тиіс. Ұлттық кәсіби жұмысшы табы қалыптасып, еңбек нарығында ол мамандарға сұраныс артқаны жөн. Ол үшін алдымен отандық кәсіпорындардың, өндіріс орындарының жұмысы алға басуы қажет» деседі.