Батыс Қазақстан облысы – даңқты Көшім жылқысының Отаны.
Облыстағы аудандар арасында жылқы шаруашылығы саласы бойынша Ақжайықтың еңсесі биік. Осында Болат Аткеев басқаратын бір ғана «Жамбыл» шаруа қожалығында 1153 бас жылқы бар. Одан бөлек «Сәбит» қожалығы былтыр асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін алды. Ал жері кең, шөбі шүйгін бола тұра, кейбір аудандар жылқы өсіруге құлықсыз. Олардың қатарында қаратөбеліктер «топ бастап» тұр.
Соңғы жылдары жылқының өз төлі есебінен көбеюі де қуантады. Өткен жылы жалпы облыс бойынша әр жүз биеге 75-тен құлын алынды. Сөйтіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда, мал басы 7 пайызға өсті.
Мемлекеттік қолдау арқасында Зеленов ауданындағы «Қымыз» СТК-і мемлекеттен 80 миллион несие алып, биені автоматты жүйемен сауып, өнімін өңдеуге жоспар құрып қойды. Күні кеше ғана құрылған «Ұлттық тағам» кооперативінің келешегінен күтілер үміт мол.
Қали АҚОН, БҚО ауылшаруашылық басқармасының бөлім бастығы:
– Облыстағы қылқұйрық саны биыл 71 мыңнан асты, алынған құлын басы – 10 500. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, сәйкесінше, 7 және 11 пайызға көп. Жылқы тұқымын асылдандырумен айналысатын жеті шаруашылық, үш зауыттың жұмысы жақсы. Көшім тұқымын өсіретін шаруашылықтардың саны бесеуге жетсе, ең кемі 100 бас жылқы ұстайтын 24 қожалықтың тірлігіне де көңіл толады. Мемлекет тарапынан бірінші рет жылқы етін өндіруге 13 млн, қымыз өндіруге 3 млн теңге демеуқаржы бөлінді. Жылқы етін өңдеумен айналысатын “Ұлттық тағам” кооперативі құрылды. Ендігі мақсат – етті, қымызды экспортқа шығару.