«Ас – адамның арқауы» десек те, астан уланған жұрттың бүгінде қарасы көп. Әсіресе жазғы уақытта жеміс-жидектен, оның ішінде бала түгіл, ересек адамның аузының суы құритын қауын мен қарбыздан уланып қалғандар санының еселенуі алаңдатарлық... Себеп: еліміздің қай түкпіріне көз жүгіртсек те, жабайы сауданың дәурені жүріп тұр.
Мұнымен СЭС мамандары, одан қалды, құқық қорғау органдары қаншалықты әрекет етіп, адам денсаулығына теріс әрекет болатыны мүмкіндігін айтқанымен, жабайы сауда жасаушылар айылын жияр емес. Әсіресе ми қайнатқан қазіргідей шілденің шіліңгір ыстығында қауын мен қарбыз сатушылар қалтасы қаржыдан кенде емес.
Ауа райының ыстығынан шөліркеген жұрт қай жерде болсын, оның санитарлық талапқа сәйкестігін ажыратпастан, қауын-қарбызды сатып алып жатыр. Әрине, дәмді жемісті кімнің жегісі келмейді дейсіз?! Отаны Оңтүстік Америка мен Египет деп саналатын қауын мен қарбыздың адам денсаулығына тигізетін пайдасы да мол. Оның құрамында магний өте көп болғандықтан, ағзаға қажетті бір күндік магнийді бар-жоғы 150 грамм қарбыз қамтамасыз ете алатын көрінеді. Сондықтан артериялық қан қысымы бар жандар оны ас мәзіріне міндетті түрде қосып отыруы қажет көрінеді. Сонымен қатар, дәрігер мамандардың айтуынша, қарбыздың шырынында табиғи қышқылдар мен тұздар болмайды.
Бірақ шектен тыс дәріміздің әсерінен қарбыздың адам ағзасына тигізетін кері әсері де молынан болатынын СЭС мамандары растап отыр.
Айдар ТЕГЖАНОВА, Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының орынбасары:
– Жаздың аптап ыстығы – қауын-қарбыз саудасы нағыз қызатын шақ. Әсіресе заңсыз болса да ашық аспан астында осы дақылдарды сатып тұрғандар өте көп. Олардың бірнеше күн тұрып, қолдану мерзімі өтіп кетуі де әбден мүмкін. Бірнеше мәрте ескерту жасап, базар маңындағы сатушыларға тыйым салып, рейд шараларын жүргізгенімізбен, жабайы сауда жасаушылар өз істерін тоқтатар емес.
Департамент мамандары мен облыстың жұқпалы аурулар ауруханаларының дәрігерлері берген мәліметтерге көз жүгіртсек, осы жылдың алты айында Ақмола облысында ғана қарбыздан уланып қалған жандардың саны онға жеткен. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге көп. Өз денсаулығына онша-мұнша мән бермейтін жұрт қарбызды кезіккен жерден ала береді. Ал онда санитарлық сертификат болмаған соң, сол жерден уланғанын дәлелдеудің өзі қиынға соғады. Өздері қашып-пысып қарбыз сатқандардың оған куәлігінің болуы да екіталай.
Бірақ жабайы сауданың жағасынан алып жойып жіберуге санитарлық- эпидемиологиялық стансы мамандарының шамасы жетпейді. Өйткені заң бұл жағынан олардың аяқ-қолдарын матап, тұсап тастаған. Базар маңында болсын, көлік жүретін көше қапталында болсын, сатылып жатқан қарбыздарды заңсыз деп тауып, айыппұл салуға прокуратураның арнайы рұқсаты керек. Онсыз СЭС мамандары еш әрекет ете алмайды.
Анар БЕКСЕЙІТОВА, қарбыз сатушы:
– Қайтемін... Маған бала-шағамды асырау керек. Олай етпесем, екі қолға бір күрек болар жұмысым да жоқ. Қарбызды шет жақтағы көтерме базардан алып, орталыққа сатамыз. Әзірге «қарбыздан ауырыпты» дегенді естімедім.
Аптап ыстықтың салдарынан дәл қазір тұтас еліміздегі жағдай да көңілге күдік ұялатқандай. Себебі қауын мен қарбыздан уланғандар қатарының биыл шамадан тыс болуы дәрігерлерді де алаңдатып отыр. Ресми ақпарат көздерінің мәліметтерінше, Алматы қаласында ғана 65 адам осы астан уланып, ауруханаға жатқызылған. Сондықтан мамандар «қандай тауар болса да, оның санитарлық сертификаты болуын талап еткен дұрыс» деген пікірде. Ал оның қай жерден қашан келгенінен жабайы сауданың жетегінде жүрген сатушылардың өздері бейхабар.
Негізі, қарбыз Қазақстанға еліміздің оңтүстік облыстары мен Өзбекстаннан тасымалданады. Ал ол тауарлардың бәрі арнайы санитарлық сапаға сәйкес дегенге мынадай деректер табылып жатқанда сену қиын. Сонда қайтпек керек? Бәлкім, заңсыз сауда жасап, бір тиынын екі қылмақ болған саудагерлерді тыю үшін заңды қатайтуымыз қажет шығар? Онда күнкөрісін осы кәсіптен айырып отырған жанның нәпақасын алақанынан суырып алатынымыз тағы бар. Болмаса, оның заңды әрі сапалы болуын анықтап, шараны қатайту үшін құқық қорғаушылармен қатар, СЭС мамандарына да прокурор рұқсатынсыз тексеріс жүргізуге құқық берген жөн бе?
Қалай десек те, өз денсаулығымыздың өз қолымызда екенін ұмытпай, санитар және дәрігер мамандардың айтқан кеңестерін жадымыздан шығармасақ екен.
Жабайы сауда жағдайды ушықтырып тұр
Последние статьи автора