Өсімсіз қаржыландыруға негізделген алғашқы пайлық инвестициялық қор жазда жұмысын бастағалы отыр. Бұл қор басы артық қаржысын тиімді инвестиция жасағысы келгендерге арналады. Осы қордың басы-қасында жүрген «Фаттах финанс» брокерлік компаниясы басқарма төрағасы Заратқали Нұрпейісовпен сұхбаттастық.
– Заратқали Мәненғазыұлы, «фаттах» сөзі не мағына береді?
– «Фаттах» – Алланың 99 есімінің бірі. Қор ислам қағидаларына негізделгендіктен, осылай атадық.
– Брокерлік компанияның пайлық инвестициялық қор құруға құқы жоқ емес пе?
– Иә, расында да, брокерлік компания пайлық инвестициялық қор құра алмайды. Біз Қаржылық қадағалау агенттігінен инвестициялық портфельді басқаруға лицензия алуға өтініш бердік. Осы айда құжат қолымызға тиіп қалады деп отырмыз. Әзірге түрлі ұйымдастыру жұмыстарын «Алматы қаржы орталығы» басқарушы компаниясы атқаруда. Ең бастысы, біздің қаржылық өнімдердің халал екенін растайтын шариғат ұйғарымын алдық. Малайзияның Amanie Business Solutions компаниясының төрт ғалымы біз ұсынатын өнімдердің ислам қағидаларына қайшы келмейтінін растады.
– Қаржылық қадағалау агенттігі құрамында шариғат кеңесін құру туралы мәселе көтерілген еді.
– Малайзияның Орталық банкі жанындағы шариғат кеңесі ислам банктері жұмысының ислам қағидаларына сәйкестігін қадағалайды. Дәл қазір елімізде шариғат пен экономиканың қыр-сырын қатар меңгерген мамандар болмағандықтан, біздің мемлекеттік органдарда мұндай ұйым құрылмай отырған сыңайлы. Бұл орайда Қазақстанда ислам банкін ашқалы отырған Біріккен Араб Әмірліктерінің «Әл Хиләл» банкі өнеге көрсетер деп ойлаймын.
– Шариғат кеңесі ұйғарымы діні берік мұсылмандар үшін сыртқы аудит есебі тәрізді ғой?
– Иә, шариғат кеңесі ұйғарымы салымшылардың көкейінде инвестицияның халалдығына қатысты күмән болмауы үшін қажет.
– Пай құны қанша болады?
– Пай құны – 1 миллион теңге. Бұдан арзан етуге де болар еді. Бірақ онда ұйымдастыру шығындары көбейіп кетеді. Жұмысымыз алға басса, кейін 150 мың теңге немесе 15 мың теңге тұратын да пай шығаруымыз мүмкін. Жобалар құны – 1 миллион мен 30 миллион доллар аралығында.
– Қаржы қайда инвестиция жасалады?
– Ел ішінде біз бірнеше жобаны іріктеп, жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – исламдық тәрбие беретін мектептер желісі, дайын өнімдер қоймасы, жеміс өсіретін және жем шығаратын зауыт. Пай сатып алған адамдар табыс көрумен қатар, балаларын осы мектепке бере алады. Онда дін негіздері оқытылып, халал тамақ беріледі.
– Араб елдері азаматтарының осы қорлардан пай алғысы бар ма?
– Жалпы, ниеттері бар. Бірақ олардан қаржы алу үшін жобаның кіріс-шығысын мұқият есептеп, аудиторлық есеп ұсынуымыз керек. Аудитті анау-мынау емес, Ernst and Young, KPMG тәрізді айтулы «төрттік» жасауы керек. Жобалардың тағы бір бағыты – араб елдері мен Малайзия.
– Қазақтар араб елдеріне инвестиция жасай ма?
– Неге жасамасқа?! Дубаиде қазақстандықтар бірнеше миллиард доллар қаржыны жылжымайтын мүлікке салған. Бұған әмірліктегілердің өздері таңғалып отыр. Араб елдеріне инвестиция жасағанда біз нақты бір жоба емес, қорлардың қоры ретінде жұмыс істемекпіз. Яғни ол жақта жұмыс істеп жатқан қорлардың пайларын сатып аламыз. Жылжымайтын мүлік қоры, металл немесе алтын қорлары пайын аламыз. Мысалы, бір азамат келіп, «100 000 долларға ислам облигациялары – сукук сатып әперіңіздер» деуі мүмкін. Бірақ заң бойынша, сукукты жоқ дегенде 2 миллион долларға алу керек. Біз сукукқа инвестиция жасаған қордан пай алып береміз. Дағдарыс өз тәуекелін әртараптандырмаған инвесторлардың қайраңға отыратынын көрсетті. Тек акциялар алған қорлар табысы 30-40 пайызға түсіп кетті.
– Табыс қандай болады деп отырсыздар? Қазақ банктері депозиттерінің құнынан жоғары бола ма?
– Жабық формадағы пайлық инвестициялық қор болғандықтан, бізге заң «табыс мынадай болады» деп айтуға тыйым салады. Жалпы, дағдарыс ислам қаржы өнімдерінің дамуына жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Банктердің салымшылары қазір табыстан гөрі қаражатының сақталғанын көбірек ойлайтын болған. Біз қаржыны Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы үкіметтерінің мемлекеттік облигацияларына салуды көздеп отырмыз. Бұл – өте сенімді қағаздар. Ал байсалдылықтан гөрі жоғары табысты көздейтін инвесторларға басқа инвестиция көздерін көрсетеміз. Біздің инвестицияларымыз – халал. Батыс елдері облигациялары сияқты емес, ислам құнды қағаздары артында нақты өндіріс бар, өсім бар жерге жоламаймыз. Құранда өсімнің экономикалық қарым-қатынастарға кері әсері барлығы жазылған. Өсімді жүйе әділетсіздікке жол ашады. Бір адамдар маңдай терін төгіп жұмыс істесе, екіншілер еңбек етпестен, байыған үстіне байи береді. Халал инвестицияның тағы бір артықшылығы бар. Миллиондап ақша табуға болады, бірақ онда береке бола ма? Біз үшін қаржы операцияларымыздың дін тұрғысынан, ана жақта (қолымен жоғары жақты көрсетіп) қолдауға ие болғаны маңызды.
ҚР бірқатар заңнамалық актілеріне ислам банктерін ұйымдастыру мен олардың қызметін және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң наурыз айында күшіне енді. Осы заң ислам банктері мен ислам қаржы ұйымдары жұмысын қамтамасыз етеді.
Пайлық инвестициялық қор – жұрттан жиналған қаржыға құнды қағаздар сатып алу немесе белгілі бір жобаны қаржыландыру арқылы пайда табуды көздейтін құрылым. Қор жұмысын басқарушы компания жүргізеді. ПИҚ белгілі бір табыс алып беруге уәде бермейді. Жоғары табыс болуы да мүмкін, салған ақшаңыз кеміп те қалуы мүмкін.
2 сәуірде Абу Дабиде Қазақстан қаржы вице-министрі Руслан Дәленов пен «Әл Хиләл» банкі басқарма төрағасы Ахмет әл Мазури арасында Қазақстанда ислам банкін ашу туралы меморандумға қол қойылды. Банк заңды тұлғалармен қатар, жеке тұлғаларға да қызмет көрсетпек.