Бүгінде қуат көздерін тиімді пайдалану адамзат үшін стратегиялық міндетке айналуда. Халықаралық энергетика агенттігінің бағалауынша, дүниежүзінде тұтынылатын бүкіл электр қуатының 19 пайызы жарық беруге жұмсалады. Ал біздің елде өндірілетін бүкіл энергияның 13 пайызға жуығы жарықтандыруға кетеді. Әрі бүкіл электр қуатының 75 пайызы көмір жағу арқылы өндіріледі. Таяуда Қазақстан баспасөз клубында қуат үнемдеу тақырыбына арналған жиында бас қосқандар осы қуатты үнемдеу жайын талқылады.
16 миллионнан астам халқы бар еліміз, Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда, электр қуатын жан басына шаққанда – екі есе, ал өзге дамушы мемлекеттерге қарағанда, орта есеппен 3,5 есе көп тұтынады екен. Сондықтан қуат үнемдеу мәселесі түптің түбінде алдымыздан шығатыны анық. Бұл қалайша жүзеге асырылмақ?
Заманауи энергия үнемдеуші технологияларды енгізу жасанды жарықтандырудың жаңа стандарттарын орнату арқылы ғана мүмкін екенін түсінген елдер осындай нормаларды әзірлеу саласында жоспарлы саясатқа көшті. Мәселен, АҚШ-та 2014 жылға қарай тиімсіз жарық көздерінен толық бас тартуға бағытталған нормативті акт күшіне енген, бұл ретте шығындар 20 млрд долларға азайтылмақ. 2009 жылдың қыркүйегінен бастап Еуроодақ қуаттылығы 100 Вт қыздыру шамдарын сатуға тыйым салып, 2012 жылға қарай бұл шара қыздыру шамдарының барлық түріне қатысты қолданылады. Қазіргі замандағы жарық технологиялары электр қуатын тұтыну мөлшерін 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Бұл көрсеткіш әлемдік ауқымда жылына 106 млрд евроны үнемдеумен бірдей. Экология тұрғысынан алғанда, көмірқышқыл газының ауаға таралуын жылына 555 млн тоннаға азайтып, электр энергиясының 2 тераватын үнемдейді.
Мүмкіндік бар
Еліміз де осы бағытқа қарай бет алды. Жуырда Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі хабарлағандай, 2012 жылы қуаттылығы – 100 Вт, 2013 жылы – 75 Вт, 2014 жылы 25 ваттан асатын қыздыру шамдарын елге әкелуге және сатуға тыйым салынбақ. Министрлік тиісті заң жобасын әзірлеуде. Таяу арада ол Парламент қарауына ұсынылады. Сонда қыздыру шамдарының орнына үнемді люминисцентті және жарық диодты шамдар келуі тиіс.
Есенбай ИСЛАМОВ, «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын (ТҮКШ) дамыту және жаңғырту орталығы» АҚ Білім тарату департаментінің директоры:
– Энергия үнемдеу технологияларын енгізу қажеттігі – Қазақстан Республикасының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жөніндегі 2011-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты міндеттерінің бірі. Үнемдеу және энергия қорларын орынды пайдалану өз үйімізден басталуы тиіс, өйткені біздің әрқайсымыздың электр қуатын, жылуды және өзге де қуат көздерін тұтынуға деген көзқарасымыз елімізде тұтынылатын энергияның жалпы көрінісінің сипатын айғақтайды. ТҮКШ дамыту және жаңғырту орталығы білім мен жаңа технологияларды тарату мәселесімен белсенді түрде айналысуда: біздің тарапымыздан жүргізілетін пилоттық жобалар оң нәтиже мен өзгерістерді байқатып, жаңадан енгізілген шаралардың энергия тиімділігі мен үнемділігін көрсетіп отыр.
«Энергопром» ҚазҒЗИ президенті Геннадий Андреевтің бағалауынша, еліміздегі энергия үнемдеу әлеуеті энергия тұтынудың жалпы деңгейінің 30 пайызын құрайды. Бұл қуат үнемдеу мүмкіндігі бар екендігін дәлелдейді. Алайда мұны дұрыстап жүзеге асыру қажет. Ол үшін жаңа технологияларға жүгіну қажет.
Сенеміз бе, қайтеміз?
Жарықтандыру саласындағы жаңа технологияларды сөз еткенде, люминисцентті және жарық диодты шамдар алдымен ауызға ілінеді. Көршіміз Ресейде жыл басында 100 ваттық қыздыру шамдарына тыйым салынған. Қазір кейбір ақпарат құралдары 2009 жылы осындай тыйым енгізген Еуропа тұрғындары бармағын тістеп қалды деп жазып жүр. Ал қуат үнемдейтін шам шығарушылар өз өнімін барынша мақтап әлек. Жиында сондай бір компанияның өкілі люминисцентті шамға қатысты «аңыздарды» жоққа шығаруға тырысты. Оның ішіндегі ең негізгілері – бағасы, қызмет мерзімі және денсаулыққа әсері.
Мәселен, бағасына қатысты есеп мынадай: бір пәтерде 100 ваттық 10 қыздыру шамын 20 ваттық люминисцентті шамға ауыстырса, жылына 10 000 теңге шамасында үнемдеуге болады. Қызмет мерзіміне қатысты: тұтынушы кейде сатып алған әлгіндей шамның қызмет мерзімі кем деп, наразылығын білдіріп жатады. Бұл арада өнім сапасын бақылау мәселесі шетін екені шығады. Өйткені белгілі брендпен шығарылатын шам да, Қытайдан әкелінген арзан тауар да супермаркетте сатылуы мүмкін. Айталық, белгілі фирмалар шамның орташа пайдалану мерзімін жазады. Мәселен, сыртында мерзімі сегіз жыл деп жазылса, бұл 8000 сағат дегенді білдіреді. Сонымен қатар шамның жарамдылық мерзімі жеткізілетін электр энергиясына да байланысты көрінеді. Адам денсаулығына қатысты: қазір көп адам шамның құрамындағы сынаптан үркеді. Бұл жөнінде де компания жауабы дайын: біріншіден, шамдағы сынап буы 5 мг дейін болса, дененің қызуын өлшейтін градусниктің ішіндегі сынап мөлшері – 3000 мг. Егер люминисцентті шамды абайсызда сындырып алса, дереу бөлменің ауасын тазартып, сынықтарды жинап алса, жеткілікті. Ал градусник сынса, онда тазалық мекемесіне жүгінуге тура келеді. Жанып тұрған кезінде мұндай шамнан ешқандай зиян жоқ деп сендіреді мамандар.
Солай болған күннің өзінде де бізде әлі күнге дейін мерзімі біткен шамды тапсыратын арнайы орын жоқ. Сондықтан алдымен кәдеге жарату жағын шешіп алмайынша, елді жаппай қуат үнемдейтін шамға көшірудің де жөні жоқ сияқты.
Үнемді шамның жарығы
Последние статьи автора