Қазіргі қазақ қоғамындағы ипотекамен үй алғандардың жағдайын хәкім Абайша осылай жырға қоспасқа, шара жоқ. Неге десеңіз, біздің елімізде ипотекамен үй алған ағайынның маңдайы шылқып жүргені шамалы. Еуропа тұрғындарының 90 пайызға жуығы өз баспаналарына ипотека арқылы қол жеткізгенін ескерсек, «бұл қаржы құралының қызығын қазақ қашан көреді?» деген заңды сауал менмұндалайды. Америкада басталып, әлемдік қаржы дағдарысына негіз болған ипотекалық дағдарыс баршамыздың ипотекамен үй алуға деген құлшынысымызды су сепкендей басқаны анық. Бұған қоса, біздің еліміздегі екінші деңгейлі банктер тарапынан берілетін ипотекалық несиелендірудің орташа мөлшерлемесі күні бүгінге дейін 15,5 пайызды құрап отыр. Бұл ипотека алған азаматтардың ай-сайын банкке шамамен 1300 евро төлейтінін айғақтайды.
Ипотека неге қымбат?
Ипотека құнына байланысты 2011 жылдың мамыр айында ресейлік Penny Lane Realty компаниясы жариялаған рейтингте Қазақстан 60 елдің ішінде 55-орынға тұрақтаған. Бұл Қазақстандағы ипотекалық несиелендірудің өте қымбат екендігін білдіреді. Рейтинг бойынша ипотека алу жөнінен әлемдегі ең қолайлы мемлекетке Дания жатады екен. Даниялықтар несиеге алған үйінің құнын өтеу үшін жылына бар болғаны 1,36 пайыздық үстемеақы төлесе, ал ең жоғарғы ипотекалық несиені 18 пайыздық үстемеақымен Түрікменстан тұрғындары төлейді екен.
Негізінде, ипотека азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған. Ал біздің елімізде ипотекамен үй алғандардың бар тапқан-таянғанын банкке беріп, қарызданғанына қарап, мәселенің шешімі ипотека еместігіне көз жеткізесің. Содан болар, көптеген баспанасыз адамдар пәтер жалдап, әлі күнге көшпенділік дәуірінде өмір сүруде. Ал салынып жатқан тұрғын үйлер өте аз. Бұған көз жеткізу үшін мына дерекке көз жүгіртсек жеткілікті. Қазақстанда жылына орташа есеппен бір кісіге шаққанда 0,4 шаршы метр үй салынады. Ал дамыған елдерде жан басына шаққанда жылына 1 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл жағдай үйді жалға берушілер мен риэлторлардың мұртын майлап жатқаны айтпаса да түсінікті. Еліміздегі тұрғын үй бағасының тым шарықтап, түспей қоюын сарапшылар тұрғын үй нарығына салынатын инвестицияның аздығымен түсіндіреді. Мамандар егер тиісті көлемде инвестиция құйылмаса, 2012 жылы тұрғын үй құрылысы 2,5 млн шаршы метрге дейін қысқарады деп болжап отыр.
Үйлі болам десең, күйлі бол!
Қазақстанда 2007 жылдың орта тұсында басталып, 2010 жылдың шілдесіне дейін жалғасқан ипотекалық дағдарыс тұрғын үй құрылысының бәсеңдеп қалуына ықпал етті. Осы ретте Үкімет бірқатар шараларды қолға алды. Соның бірі – жылына 11 пайыздық мөлшерлемемен берілетін ипотека. Мұның мән-жайын ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин былайша түсіндіреді: «Егер де банктер тұрғын үй салуды өз мойындарына алса, онда үй құны шаршы метріне 170 мың теңгеден асып кетеді. Алайда бүгінгі таңда банктер мұндай тәуекелге бармайды. Ипотеканың осы жаңа түрін алғысы келетіндер банктерге 2011 жылдың ІІ жартысынан кейін барып, құжат тапсырулары керек. Бұл уақытқа дейін қандай объектілердің салынатыны және олардың құны белгілі болады. Мемлекеттің талабына сәйкес, үй толық біткен күйінде берілуі керек. Бұл бағдарламаға кез келген банк қатыса алады. Ешқандай шектеу жоқ. Біз үшін ең бастысы, ипотекалық мөлшерлеменің тұтынушылар үшін жылына 11 пайыздан жоғары болмауы».
Үкіметтің бұл қадамы ипотекалық несие нарығындағы қатып қалған сеңді қаншалықты қозғайтынына уақыт төреші. Осы ретте Қазақстанның Құрылысшылар қауымдастығының Төрағасы Айдын Рахымбаев: «Бағдарламада «толық біткен үйдің шаршы метрінің құны 170 мың теңгеден аспасын» деген тармақ бар. Бұл сома Қазақстанның барлық өңірлерінде үй салуға жеткілікті. Ал Астана мен Алматы қалаларында сапалы тұрғын үй салуға бұл қаржы жеткіліксіз. Құрылыстың өзіндік құнына жер учаскесі мен сол жердегі үйді бұзу да кіреді. Қазақстандағы ең қымбат жер Алматыда – шамамен 1 шаршы метріне 300-400 $. Сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстары да қымбатқа түседі. Бұл қалаларда сәулет жобасы мен ғимараттардың технологиясына деген талап та жоғары және жұмыс күші де қымбат. Үкімет салынатын тұрғын үйлер сапалы болуы үшін аталған жобаға түзету коэффициенттерін енгізу керек» деп есептейді. Біздіңше, 11 пайыздық ипотеканың өзін әлі де арзандатқан жөн. Сонымен қатар Үкімет жалдамалы үй берумен қатар, мемлекет есебінен тұрғын үйлерді көптеп салып, оны әлеуметтік санаттағы тұлғаларға жеңілдетілген бағамен сату керек. Сонда ғана ұлан-ғайыр жердің иесі өз жеріне қожайын екенін шын сезінер еді...
Гүлназ Бексұлтанова, ипотека бойынша менеджер:
Халық қазір банктен ипотека алуға қорқып қалды. Себебі, біріншіден, ипотекаға алынатын үй кепілге қойылады, екіншіден, жылына 13-15 пайыздық мөлшерлемемен несие алу да тәуекелді қажет етеді. Ипотекалық несие рәсімдеу барысында қарыз алушының табысы мен жинақтық салымы есепке алынады. Ал егер, ипотекамен үй алған адам уақытында несиені жаба алмаса, онда ол қаржы сот арқылы өндіріледі. Оған қоса, ипотека нарығы енді ғана қайта қалпына келе бастады. Сондықтан да қазір қалталы адамдардың өзі ипотека алуда бұрынғыдай белсенділік танытып отырған жоқ.