Туризмді дамыту қазақтың қолынан келмей тұр...

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Туризм мәселесі айта-айта ауыз талып, жаза-жаза жауыр болған тақырып. Дегенмен, жадырап жаз шыққасын жыл он екі ай тосқан демалысты жақсы өткізуге тырысатынымыз анық. Бірақ, сананы тұрмыс билеген, ақша жетпей иленген заманда демалуға мұрша да болмайды. Себеп – біреу. Елдегіге қазір ерін тимей тұр. Сауықтыру және демалыс орындарына аттап бара алмайсың. Бағалары асау аттай қол тигізбейді. Тіпті шарықтаған үстіне шарықтап барады. Ал сервис деңгейі сын көтермей тұр. Туризм кластерін дамытып, қазақ елін туристтік державаға айналдыру идеясының шыққанына да біраз уақыт болды. Алайда, қыруар қаржыға кенелте алатын саладағы бағаны тізгіндеп, сервис деңгейін дүр сілкінту қолдан келер емес...

Қазақстандықтар қайда демалады?
Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдері осы туризм саласын дамытудан негізгі кіріс көзін тауып отырғаны рас. Мәселен Испания мен Түркия, Таиланд пен Италия сияқты елдердің бюджеттік түсімінің 30 пайыздан астамы туризм саласының түсімінен келіп тұр. Өйткені мұндағы қызмет көрсету мен сервис деңгейі керемет. Қыдырып келген туристтер үшін барлық қолайлы жағдай жасалып қойылған. Жолдары тақтайдай тегіс, қызмет көрсетудің барлық түрлері сақадай сай. Ең бастысы бағалары қолжетімді.
Ал елімізге келсек. Инфрақұрылым жоққа тән, білікті кадрлар аз. Қауіпсіздік туралы айтудың өзі артық. Өйткені, туристтік орындарда ол жағы тіпті ұмыт қалған сияқты. Статистикалық деректерге қарағанда Қазақстанға келген туристтердің 90 пайызы кейін кері қайтіп келмейтін көрінеді. Яғни, қаншалықты тарихи орындар мен ескерткіштерге, табиғаты көркем аймақтарға бай болғанымызбен, туризм саласы аяғынан нық тұрды дей алмаймыз. Туристтік орындарға жеткенше жолдан сілікпесі шығып, дөңгелегін жарып, көлігін қиратып алатындар жетерлік. Тіпті, туристтік маршруттардың өзі де еліміздегі көрікті жерлерді аралатуға құлықсыз. Бұған дәлел ресми тіркелген 600-ден астам туристтік агенттіктердің 85 пайыздан астамы туристтерді шетелге тасымалдаумен айналысады екен. Тек 14 пайызға жуығы ғана еліміздегі демалыс орындары мен табиғи көрікті аймақтарды аралатады.
Алма БОЛТАЕВА, Көкшетау қаласындағы «Круиз» туристтік фирмасының экскурсия жетекшісі :
–Аймақтағы көрікті деген Зеренді, Сандықтау, Бурабай, Имантау сияқты көркіне көз тоймас жерлерге туристтік маршруттармен барамыз. Көбіне шетелдіктер келіп қайтады. Табиғи орындарымызды көргенде таң-тамаша қалады. Ал, ойқы-шойқы жолдар мен жолдың жиегінде үйілген қоқыстарды көргенде олар түгіл өзіміз ұяламыз. Көбіне жол жүргенде арнайы автобустың перделерін ашпауға тырысамыз.

Ресми деректерге қарағанда Қазақстан халқының 2,5 пайызы демалысын шетелде өткізеді. Негізінен қазақ туристерінің таңдап баратын жері Түркия болып тұр. Анталия десе ауыздарының суы құриды. Жазғы демалыс маусымы басталды дегенше Қара теңіздің жағасындағы Анталияға баратын қазақстандықтардың қатары артты дей беріңіз. Тәуелсіз «Форбес» журналының есебіне қарағанда жылына 200 мыңнан 300 мыңға дейін қазақстандықтар Түркияның төрінде демалады. Қазақстандық туристтердің демалуға баратын шетел ішінде Қытай екінші орынға жайғасқан. Мұнда жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандық қыдырып барып қайтады. Қазақстандықтардың таңдайтын орындардың ішінде үшінші орынды Біріккен Араб Әмірліктері алып тұр. Мұнда 36 мыңнан астам қазақстандықтар дем алады.
Тіпті, саяси-экономикалық ахуалы қазақ елінен әлдеқайда төмен Қырғызстан да қазақстандықтардың көңілінен шығып тұр. Жаз болса Ыстықкөлдің жағасынан шықпайды. Соңғы деректер қазақстандықтардың жыл сайын 6 мыңнан астам туристі демалысын осында өткізетінін айғақтаған. Сондай-ақ, саяси ахуалы мен қатар табиғи апаттардан көз ашпайтын Тайланд пен Үндістан, Мысыр елдері де қазақ туристтерінің көңілін аулай алып тұр. Яғни бұл дегеніңіз ел туризмінің әлі шатқаяқтап сүріншек аттай сүрініп келе жатқанын аңғартады. Ал Елбасының туризмді аса басымдықпен қозғап үдемелі-индустриялық инновациялық дамудың ең басым бағыттарының бірі ретінде қарастырса да, осындай жағдай орын алып тұрғаны алаңдатады. Ел туризмі өркендетудің орнына, туристтеріміздің қаржысы шетелдіктердің экономикасына құйылып жатыр.
Тәуелсіз сарапшылардың есебіне қарағанда еліміздегі туристтік агенттіктер барлық кірістерінің тек үш пайызын ғана отандық туризмнен алатынын растады.. Ал, туристтік сала дамып кеткен Италия, Түркия, Қытай басқа да елдерде отандық туризмнің үлесі 50 пайыздан асып жығылады.
Сәбит ОРЫНТАЕВ, туризм саласына еңбегі сіңген нұсқаушы (инструктор).
–Қазақстанда туристтік инфрақұрылым мүлдеп жолға қойылмаған. Мәселен, Шымкенттен Өскеменге баратын жолды алып қараңызшы. Жолға шыққан су жаңа джип көлігіңіздің де сау-тамтығы қалмайтынына мен кепілдік беремін. Ал, шығыстағы Алакөл, Көкшетаудағы Бурабайдың жайын көзіңізбен көрдіңіз бе? Толығымен антисанитария! Қызмет көрсету сапасы, шетелдіктермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Тазалыққа, демалыс орындарындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке көңіл бөлінбеген. Әрине, осыдан кейін қазақ туризмін қалай дамытуға болады?!.

Бағалар қайда барады?
Баға. Демалыс орындарының бүгінгі бағасы да қазақ туризмінің аяғына тұсау салып тұралатып тұрған негізгі себеп деуге болады. Өйткені, жекеменшік болғандықтан отандық туристтік орталықтардың демалыс ақысы үшін қандай құн сұрайтынын билік те басқа да бақылауға ала алмайды. Бұған заң да мүмкіндік те бермейді. Ал Елбасының нұсқауымен мораторий жарияланғалы бері жекеменшік кәсіпкерлерді бақылауға тіпті тыйым салынған. Сегіз ай бойы «ай дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаса баға одан сайын шарықтамасына кім кепілдік береді?
Салыстырып көрейікші. Дәл қазір әлемге әйгілі Бурабайдағы демалыс орындарындағы бір тәуліктің құны 20 мың теңгеге бағаланады. Бір апта демалғыңыз келсе кемінде мың долларды шығындауға тура келеді. Ал дәл сол сомада, тіпті одан да төменірек бағаман Түркия немесе Еуропа елдеріне баруға әбден болатын көрінеді. Әрі төрт жұлдызды, барлық қызмет түрлері көрсетілетін, ашық және жабық бассейндері бар демалыс орындарына баруға болады. Ал бұл ел туристінің бірден-ақ шамаданын буып-түйіп шетел асуына басты себеп болатыны сөзсіз.
Тіпті Қырғыз елінің Ыстықкөлі де қазақ жерінен әлдеқайда бағасы төмендеу. Сараптамашылардың дерегіне сүйенсек елу доллар шамасында Қазақстанда дәретханасы бар шағын бір бөлме мен теледидар мен тоңазытқыш берілсе, Ыстықкөлде дәл сол сомаға сол жердегі ең мықты қонақ үйлердің біріне жайғасып, онымен қоймай үш мезгіл тамағы мен бассейнге де баруға болады. Бұдан кейін қырғыз ағайынның бюджетінің қоржынын қазақ қампайтпайды дем кім айта алады?
Сондай-ақ, еліміздегі сондай-ақ шетелдік туристтерді тартуда қазақ елі үшін өзбектер де бәсекелес болып тұр. Тіпті еуропалықтар үшін бұл жаққа келіп қайту үлкен сұранысқа түсіп үлгеріпті. Мәселен немістер он мың евро қаражатты Бұқара мен Самарқанды бір көру үшін жұмсауға дайын. Оларды қазақ еліне де тартуға әбден болады. Бар кедергі тағы да бағаға тіреліп тұр.
Тарихи орындарды танытуға тиістіміз
Аса бір өзекті жайдың бірі тарихи ескерткіштеріміз бен тарихи орындарымызды жаһанға таныта алмай отырғанымызда. Аты аңызға айналған мәдени-тарихи орындарды өзге түгіл өзіміз де ұмыт қалдырғанбыз. Мәселен, Орталық Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан жерлерінде көбірек шоғырланған балбал тастар, қорымдар мен кесенелер шетелдік туристер үшін көрсетуге болады. Олай деуіміздің де өзіндік себебі бар. Батыс жұрты әсіресе еуропалық саяхатшылар мен туристтер қазір жақсы демалыстан гөрі шығыс мәдениеті мен өркениетін, тарихи орындары мен халықтың салт-дәстүрін көбірек танып білгісі келеді.
Сондықтан этно-туризмді дамыту бүгінгі күні ауадай қажет болып тұр. Бұл орайда қазақтың рекреациялық байлықтары мен қатар тарихи мәдени орындардың әлі де қолға алынбауы алаңдатады. Бәлкім алда болатын ЭКСПО-2017 әлемдік көрмесіне осы бір мәселені шешуге болатын ба еді?
Шынарбек БАТЫРХАНОВ, Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы:
–ЭКСПО көрмесіне қазірден бастап әзірлік қызу басталып кетті. Біз де өзіміздің туристтік орындарымызды көрсетуге, шетелдіктерді қабылдап көрсетпек ойымыз бар. Тіпті, бірқатар аудандарда этно-ауыл жасауға даярлық басталып кетті. Сондықтан, туристтерді тартуға жағдай жасалып жатыр дей аламын.

Иә. Туристтік әлеуетіміз әлеуметіміздің тұрмысын көтеруге үлес қосатын бірден-бір басымдыққа ие бола алатын сала. Дегенмен, дәл осындай жағдайда шетелдіктердің шаңын жұтып, өзімізге түсер қаржыны желге ұшырып, өзгенің экономикасын ұлғайтуға жұмсағанымыз жөн болар ма екен? Қайтсек, қазақ туризмі өрге басады? Біз ой тастадық. Талқыға салып таразылау ортақ міндет болуы тиіс.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста