Ақша жүрген жерде алаяқ та табылады. Соңғы жылдары олар ұялы байланыс нарығына да ендеген.
Әлбетте, алаяқтықпен күрес – құқық қорғау орындарының міндеті. Ұялы оператордың мұндай қызметті орындауға өкілеттігі жоқ. Оның өкілеттігі қолданыстағы заң мен нормативті-құқықтық актілермен айқын белгіленген. Әйтсе де, GSM Қазақстан/Kcell компаниясы Бұқарамен байланыс департаментінің директоры Аида Досаева: «Біз құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізуіне жәрдемдесуге дайынбыз. Kcell-дің мобильді алаяқтықтың алдын алу бағдарламасы шеңберінде ақпарат науқанына басымдық береміз. Құлағдар адам сақтанып жүреді», – дейді. Сондықтан Kcell абоненттерінің мобильдік сауатын арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізеді. Бұл орайда Тұтынушылармен жұмыс жөніндегі департаментінде Бақылау мен есеп тобы құрылған. Осы топ алаяқтарға жем болған абоненттердің арыз-шағымын тіркеп, халықаралық тәжірибеде неғұрлым кең таралған мобильді алаяқтық түрлеріне талдау және мониторинг жүргізеді.
Мобильді алаяқтықтың кең таралуы әлеуметтік жағынан маңызды мәселеге айналғанын ескеріп, GSM Қазақстан/Kcell компаниясының корпоративтік сайттарында www.kcell.kz (https://www.kcell.kz/kz/?l=fraud ), және www.activ.kz (https://www.activ.kz/kz/?l=fraud ) арнайы бөлім құрылды. Онда Kcell абоненттері неғұрлым көбірек кездесетін мобильді алаяқтық түрлері жайында егжей-тегжейлі біле алады.
Сонымен мобильді алаяқтықтың кең таралған түрлері қандай?
Жалған жүлде – сіздің ұялы телефоныңызға қандай да бір ірі компанияның (радиостанция, дүкендер желісі) ұтыс ойынын өткізіп жатқандығы туралы қоңырау немесе sms келіп, құнды жүлде ұтып алғаныңыз туралы баяндалады. Алаяқтар сізден ұтып алған жүлде салығын немесе жеткізу үшін белгілі бір көлемде қаржыны нөмірлерге аударуды немесе төлем карталарын сатып алып, олардың құпия кодтарын айтуды ұсынады. Қысқа нөмірге бағасы қымбат sms жолдау – егер сізге қысқа нөмірге (көп жағдайда төрт таңбалы) жауап беруді сұраса, бұл – құны жүздеген теңге тұратын контент-провайдерлердің қымбат қызметі болуы мүмкін. Мәселен, «Сіз дауыстық хабарлама (немесе ммs алдыңыз, оны тыңдау үшін ХХХХ нөміріне ҮҮҮҮ коды бар sms жолдау қажет» деген мәтінде. Егер сіз шынымен дауыстық хабарлама алсаңыз, нөмірге келген мәлімдеме 2000 нөмірінен келуі қажет. Осы секілді хабарлама алған соң ақпаратты нақтылау үшін компанияның ақпараттық –анықтамалық қызметіне хабарласқан дұрыс. Туыстың қайғылы оқиғаға ұшырауы – қоңырау шалушы өзін сіздің туысыңыз немесе әріптесіңіз екеніне иландырып, қайғылы оқиғаға ұшырағанын айтады. Басқа біреудің телефонынан қоңырау шалып тұрғанын хабарлайды. Әрмен қарай төлем карточкасын сатып алып, құпия кодты айтуыңызды сұрайды. Компьютерлік вирус – компьютеріңіздің мониторингінде мынадай хабарлама пайда болады: «вирус табылды, оны жою үшін ҮҮҮҮ мәтінін ХХХХ нөміріне жолдаңыз». Windows операциялық жүйеңіздің лицензиясы таусылғанын, оны ұзарту үшін ХХХХ нөміріне ҮҮҮҮ мәтіні бар sms жолдау қажеттігі айтылады.
Бұл – мобильді алаяқтардың аңқау жандарды алдап соғуда жиі қолданатын негізгі тәсілдері. GSM Қазақстан/KCell қоғаммен байланыс жөніндегі бас маманы Наталья Еськованың айтуынша, ұялы байланыс нарығы өркендеген сайын мобильді алаяқтық та тамырын терең жаяды.
Наталья Еськова,
GSM Қазақстан/KCell Бұқарамен байланыс департаментінің қоғаммен байланыс жөніндегі бас маманы:
«Осы нарықта жаңа технологиялар, жаңа өнімдер мен қызмет түрлері артқанда мобильдік алаяқтық та көбейеді. Сол себепті біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз абоненттерімізді сайттағы арнайы бөліммен танысуға шақырамыз. Ондағы ақпарат пен кеңес мобильді алаяқтардың алдауына түсуден сақтандыратыны сөзсіз. Алаяқтықтың жолын кесудегі ең қарапайым әдіс – кез келген мәліметті тексеру. Ол үшін біздің компанияның тәулік бойы жұмыс істейтін анықтама қызметіне қоңырау шалса, жеткілікті».
GSM Қазақстан/KCell Бақылау және есеп бөлімінің жетекшісі Елена Хлыновская алдап-арбаудың жаңа әдісі шыққанда, ұялы байланыс нарығында құрбандардың қатары молаятынын айтады. Компанияның өз абоненттерін сақтандыруға бел шешіп кіріскені де содан. Тек солай ғана мобильді алаяқтардың жолын кесуге болады.