Отандық өнім өндіруге келгенде кімді де болса қолынан қағып, аяғынан тартып отырған ешкім жоқ. Made in Kazakstan деп маңдайы жарқырап тұрса, әрине, мақтанышымыз. Сапасы мықты өнімге қай жерде де сұраныс мол. Бұл жағынан алғанда, «ТаразКожОбувь» ЖШС қамшы салдырмайды. Тақыр жерге тау тұрғызғандай ештеңе жоқ. Бұл кәсіпорынның тарихы сонау кеңестік кезеңде жатыр.
Іргетасы 1961 жылы қаланған «Жамбыл тері комбинаты» КСРО-дағы тері аяқкиім саласындағы ірі өндіріс ошағы болатын. Аты алысқа кеткен кәсіпорын кезінде нарықтың алпауыт көмейіне жұтылып кете жаздағаны да бар. «Жамбыл тері комбинатының» бір артықшылығы – шикізатты шеттен тасымай, тек өзіне қажетті барлық өнімді өндіретін. 1995 жылдан бастап оның өнім өндіруі төмендеп кетті. Экономикалық дағдарысқа байланысты тоқырауға ұшырады. 1996 жылы «Жеңіл өнеркәсіп және ағаш өңдеу өндірісіне мемлекеттік қолдау» туралы үкіметтің қаулысына сай реестрге енгізілген болатын. Осыған орай «КазКредСоцбанк» АҚ несие беруі тиіс болатын. Алайда ол орындалған жоқ. 1997 жылы кәсіпорынның 80 пайыз акциясын «Иран ұлттық индустриялық компаниясы» сатып алды. Алайда кәсіпорынды қайта түлету үшін Иран тарапынан ешқандай да қолдау жасалған жоқ. 1998 жылдан бастап өндіріс ошағын қайта түлету жұмыстары қолға алына бастады. Бірақ одан да ештеңе шықпады. Ақыры алып кәсіпорын 2000 жылы банкрот деп жарияланды. 2001 жылы саудаға шығарылды. Содан оны «Астық – Сервис» ЖШС сатып алды. Қайта түлеу осы кезден басталды десе де болады. 2002 жылы «Астық – Сервис» ЖШС «ТаразКожОбувь» ЖШС-і болып атауы өзгеріп, қайта құрылды. 67 500 шаршы метрді алып жатқан алып өндіріс орнында 700-ден астам техникалық құрал-жабдығы бар. Зауытта тері илейтін цех, майы бояғыш цехы жұмыс істейді. Аяқкиім фабрикасында жұмысшыларға арналған арнайы етік, хромды ерлер және балалар аяқкиімін тігеді. Бұл өндіріс орнының материалдық-техникалық базасы бір-бірімен сабақтасып жатыр. Теріні терең өңдеп қана қоймай, қалдықсыз өнім шығарады. Мұнда ірі қараның терісінен мықты да төзімді аяқкиімдер тігіледі. Бір артықшылығы – шикізаттың бәрі де өзінде дайындалады. Қонышын да, табанын да өздері тігеді. Шикізатты алыстан іздемейді, малдың терісін ауылдағы ағайын өздері-ақ әкеліп береді. Өз мамандары жуады, тұздайды, өңдейді, илейді, бояйды. Тек технология ғана шетелдікі демесең, қалған керекті шикізаттың бәрі қол астында. 2009 жылы германиялық «ДЕСМА» компаниясының құрал-жабдықтарымен қайта жарақтандырылды. Алынған агрегаттар аяқкиімдердің өкшесін жасап шығарады. Сондай-ақ сол жылы италиялық «Москони», «Рицци», «Картигльяно», «Джиматто», «Карлесси» атты құрал-жабдықтармен толықты. Соның арқасында теріге арналған химиялық сұйықтықтар шығарыла бастады. Ол терінің сапасын арттырып қана қоймай, өндіріс орнының кең қанат жаюына да ықпалын тигізді.
Шетелдік құрал-жабдықтарда дайындалған өндірістің аяқкиімге су сіңірмейтін қасиеті бар. Терінің қалыңдау болуына ықпал етеді. Зертханалық зерттеулерден өткізілгенде мұндай аяқкиімдер жеті сағат бойы су кешіп жүрсе де, ішіне ылғал өткізбейді. Керемет емес пе? Заманауи аяқкиім сәнді ғана емес, сондай-ақ ыңғайлы, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай, өкшеге өте ыңғайлы болуы тиіс. Тараздық етіктер бұл талаптардың барлығына да жауап береді. Іргелі кәсіпорын заман көшінен тыс қалмауды қадағалап отырады. Жаңа технологияларды енгізу, мамандардың білімін жетілдіру – басты талаптардың бірі. Австрия, Чехия, Италиядан әкелінген жаңа технологиялармен жабдықталған өндірісте әскерилерге, қорғаныс саласына, күзет және құтқару қызметіндегілерге, өндіріс орындағыларға арналған арнайы аяқкиімдер шығарады. Австриялық «LIM» фирмасының құралдары аяқкиімнің үстіңгі қабаты мен өкшесін қосып тігуге мүмкіндік береді. Мұндай аяқкиімдер сапалы, жеңіл болуымен қоса, жанармай, сондай-ақ түрлі майларды сіңірмейді. Барлық тауарлар сертификатталған. Мұнда шығарылған аяқкиімдер жоғары температуралы, яғни металлургия және химия саласында жұмыс істейтіндерге таптырмайды. Әскерилер мен қорғаныс саласындағыларға арналған аяқкиімдердің артықшылығы аязда сіресіп қатып, қақырап кетпейтін теріден тігілген. 70 градус суық пен 250 градус ыстыққа дейін шыдамды. Кәсіпорын жылына 600 мың аяқкиім шығарады. Өз зертханасы бар. Онда тәжірибелі модельерлер стандартқа сай кез келген тапсырыс берушінің талғамына сай аяқкиімнің үлгісін жасап шығарады. Тері бұйымдары цехы Италия, Чехия, Югославияның құрал-жабдықтарымен жарақталған. Мұнда ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдейді. Жылына мұнда 500 мың шаршы метр хромды жартылай өнім, 45 миллион шаршы метр хромды тері, 30 миллион шаршы метр юфтелі тері, 300 тонна жартылай өңделген тері мен 20 миллион шаршы метр аяқкиімнің астына тігетін былғары жасап шығарады. Экологиялық қауіпсіздік те назардан тыс қалмаған. Қалдықтарды қайта өңдеу үшін локальды-тазалау құралдары орналасқан 6,45 гектар жері бар. Қоршаған ортаға әсері бар шайынды суларды биологиялық тазалау үшін фильтрацияға жіберіледі. «ТаразКожОбувь» ЖШС-нің негізгі тапсырыс берушілері «Қазақстан темiржолы» ұлттық компаниясы, «ҚазМұнайГаз» ҰК, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қаржы полициясы, ірі құрылыс компаниялары мен мұнай-газ саласындағы ірі өндіріс орындары, «Мал өнiмдерi корпорациясы» АҚ. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі тері бұйымдарын қажет ететін өндіріс орындары сұранысты арттырып отыр. Аяқкиімнің астына, қонышына арналған былғарылар, белдік, қолғапқа арналған тері, киімге, жиһаздарға арналған өнімдер де шығарады.
Бақытхан Теңізбаев, «ТаразКожОбувь» ЖШС-нің директоры:
– Шығарған өнімдерімізді еліміздегі кәсіпорындар алады. Сұраныс көп. Алдағы уақытта тек арнайы тапсырыспен ғана жұмыс істеп қана қоймай, көпшілікке арналған аяқкиімдер тігуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін арнайы цех ашуды көздеп отырмыз.
Отандық өнім өндіріп отырған кәсіпорынның жетістігі жемісті, ертеңгі күні кемелді болары анық. «Қазақстанда жасалған» деген тауарлық брендтің атын шығару үшін отандық өндіріс орындарымыз тер төгіп жатыр. Тек ниет болса болғаны ғой. Ниет болса, ниетпен бірге сұраныс болса, іс өрге басады.
Тараздық етіктерге сұраныс мол
Последние статьи автора