Осы уақытқа дейін еліміздегі теміржол вагондарының сапасына қатысты сыни пікірлердің жиі айтылып келгені жасырын емес. Тіпті денсаулық сақтау мекемелері жолаушыларға арналған кейбір пойыз вагондарының адам денсаулығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп дабыл қаққан болатын. Аталған мәселелерді ескерген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қарасты «Жолаушылар тасымалы» АҚ бүгінде барлық пойыз құрамдарын жаңарту жұмыстарын қолға алып отыр. Қыркүйектің 10-ы күні құрамы толық жаңартылған «Алматы-Мәскеу» бағытындағы №7/8 жолаушылар пойызы жолға шықты.
Жолаушылар пойызының бұл құрамасы отандық кәсіпорындарда қайта жөндеуден өткен. Ресей мен Қазақстанның қос мегаполисін жалғастыратын халықаралық теміржол көлігі «Алатау» деп аталады. Оның жалпы құрамы 14 вагоннан тұрады. Жөндеу жұмыстары кезінде вагондардың ішкі құрылысымен қатар сыртқы келбетіне де ерекше мән берілген. Бұл вагондардың бұрынғылардан бір өзгешелігі қазақтың көгілдір түсті байрағын көзге елестетеді. Көгілдір түспен боялған вагондардың жиектері мен белдеулеріне сары түспен қазақтың ұлттық оюы жүргізілген. Көзге ерекше көрінетін вагондарды, расында да, Алатау бөктерінен жол тартып, жүйткіп бара жатқан қазақтың заманауи тұлпары дерсіз. «Қазақстан темір жолы» компаниясының мамандарының айтуынша, вагондардың іші жолаушыларға жайлы болуы үшін терезелерге сыртқы шудан қорғайтын пластика орнатылды. Жатын және купе вагонындағы ескі перделер ролл-перделермен алмастырылған. Сөрелер былғарыға тең сапалы материалмен қапталыпты. Әр купе осындай қолайлылығымен ерекшеленеді – мұнда ыңғайлы диван, радио мен теледидар да бар. Түрлі ойын үстелдері, шағын кітапхана, тігін және тазалық жинақтары үш күндік жолды қысқарту үшін таптырмайтын ермек. Жолаушылар газет-журналдардың жаңа сандарын да оқи алады. «Алатаудың» арнайы вагоны, купесі, плацкарты мен мейрамханасы бар. Енді Алматы-Мәскеу бағыты бойынша аптасына төрт құрам қатынайды. Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін қосымша тағы үш жаңартылған құрам іске қосылмақ. Айта кету керек, ағымдағы жылдың маусым айында «Астана – Мәскеу» бағытына №71/72 «Қазақстан» пойызының жаңа құрамы іске қосылған болатын.
Асқар Шүкірбеков, «Жолаушылар тасымалы» АҚ аймақтық директоры:
– Бізде вагондарды жөндеумен айналысатын жұмыс паркі бар. Арнайы бағдарлама бойынша барлық пойыз құрамдары күрделі жөндеуден өтетін болады. Бұл вагондардың жүріп жатқанына биыл
28 жыл болыпты. Күрделі жөндеуден өткеннен кейін мұнда енді жолаушылар жол жүргенде еркін тынығатын болады. Жаңартылған пойыз вагондарында жолаушыларға барлық жағдай қарастырылған. Теледидар, сейф, ойын үстелдері және басқа да қажетті құрал-жабдықтар бар.
Наталья Бахрева, жолаушы:
– Мен бұрын Мәскеуге мұндай жайлы вагондарға мініп барамын деп ойламап едім. Енді, міне, өте ыңғайлы жағдайда жол жүріп барамын. Бұл вагондарда барлығы қарастырылған. Теледидар, жұмсақ төсек, үстел, тіпті жерге төселген кілемдеріне де дейін түгел жаңартылған. Мұндай вагондармен жолаушылар екі жаққа алаңсыз қатынай алады деп ойлаймын.