«Аяла» қайырымдылық қоры, «Бесік» балалар қоры, «Эйр Астана» әуекомпаниясы, Trade commerce oil компаниясы, «Қағанат» асханалар желісі және Besmart компаниялары бірігіп, Ақтөбе облыстық перинаталды орталығының балалар жансақтау бөлімшесіне 14 620 180 теңгенің медициналық жабдықтарын сыйға тартты.
Жалпы, Ақтөбе облысында жыл сайын 18 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді екен. Оның жартысы осы облыстық перинаталды орталықта туылатын көрінеді. Сол 8000 нәрестенің арасында 8 пайыздайы, яғни шамамен 400-ге тарта шақалақ шала туылып, салмақтары аз болып өмірге келеді. Әрине, олар арнайы медициналық жабдықтарды, жан-жақты күтімді қажет етеді. Осыны ескерген «Аяла» қайырымдылық қоры «Деміңді алшы, балақай!» жобасы арқылы қарапайым адамдар арасынан, ірі компаниялардан демеушілер тауып, мерзімінен бұрын туылған балаларды аман сақтап қалу үшін көмек көрсетуге ұйғарым жасаған.
Сыйға тартылған медициналық жабдықтар:
1. «СИПАП» тыныс алу аппараттары. Бұл – шала туылған (500 грамм салмақпен) балаларды құтқарып қалуға, олардың тыныс алуына мүмкіндік беретін қондырғы.
2. Жансақтау үстелшелері. Бұл – жаңа туған және шала туған нәрестелерге медициналық жәрдем көрсетуге арналған аппарат. Аталмыш құрал науқас сәбидің денесінің қызуын тұрақты ұстау үшін қажет, дәрігерге баланың пульсін, қан қысымын, дем алу қозғалысының жиілігін, басқа да маңызды көрсеткіштерін үнемі бақылап отыруға мүмкіндік беретін, науқастың жағдайын көрсететін мониторлармен жабдықталған.
3. Рентгендік аппарат. Нәрестенің диагнозын анықтап, емдік шара жасауға таптырмайтын құрал.
4. Медициналық электросорғыштар. Бұл – нәрестенің тыныс алу жолдарын өңезден тазартуға арналған өмірлік қажетті аппарат.
5. Фототерапия аппараттары. Жаңа туған нәрестелерді сараурудан емдеуге арналған қондырғы. Бұл сараурудың күрделі түрінде де дәрі-дәрмек қолданбауға немесе шақалаққа жүргізілетін емдік шаралар жүктемесін неғұрлым азайтуға көмектеседі.
6. Медициналық таразылар. Жаңа туған нәрестелердің салмағын өлшейтін құрал.
Айта кетейік, бұл қондырғылардың барлығын «Эйр Астана» әуекомпаниясы Ақтөбе қаласына тегін жеткізіп берді. Сондай-ақ «Деміңді алшы, балақай!» жобасы аясында аталмыш орталыққа медициналық жабдықтарды ұсыну рәсіміне қатысу үшін «Эйр Астана» әуекомпаниясының қызметкерлері бізді арнайы Ақтөбе қаласына алып барды.
Сәуле СЕРҒАЗИНОВА, «Эйр Астана» әуекомпаниясының әлеуметтік мәселелер бойынша үйлестірушісі:
– Аталмыш жобаны «Аяла» қайырымдылық қорымен бірлескен түрде жүзеге асырумен біз қоғамның өмірін жақсартамыз деген үміттеміз. «Эйр Астана» АҚ-ның қайырымдылық бастамаларында балаларға көмек көрсету ерекше орынға ие. Билет сатып ала отырып, «Аяла» қайырымдылық қорының ақша салатын жәшіктерін сырт айналып кетпеген жолаушыларымыздың барлығына алғыс айтамыз. Көпшіліктің осы мәселеге бейжай қарамауы қазақстандық дәрігерлерге кішкентай пациенттердің өмірін құтқаруға көмектеседі деген сенімдеміз.
«Аяла» қайырымдылық қоры 2007 жылдың наурызында ашылған. Қор ісінің басты бағыты денсаулық сақтау және білім жөніндегі балалар мекемелеріне – ауруханаларға, емханаларға, перзентханаларға, санаторийлерге, реабилитационды орталықтарға, балалар үйлеріне, мектеп-интернаттарына, балабақшаларға көмек көрсету болып табылады.
Жангелді СӘРСЕНОВ, «Аяла» қайырымдылық қорының вице-президенті:
– Алматы қаласындағы перинаталды орталықтар мен перзентханалардың балалар жансақтау бөлімшелерін заманға сай медициналық жабдықпен қамтамасыз ету бойынша «Тыныс ал, балақай!» жобасы аяқталғаннан кейін қорымыз жобаны кеңейтуді шешті. Қаламыздағы шала туған нәрестелерді күту ісіндегі жағымды беталыстарды көргеннен кейін облыс орталықтарында орналасқан босандыру мекемелеріне де көмек көрсету қажет екендігін түсіндік. Осы мақсатпен 2011 жылдың наурыз айында біз Денсаулық сақтау министрлігімен әріптестік және өзара әрекеттесу туралы меморандумға қол қойдық. 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап заманға сай жабдықпен қамтамасыз ету көмегі Өскемен, Семей, Қарағанды, Атырау және Тараз қалаларында орналасқан облыстық перинаталды орталықтар мен перзентханаларға көрсетілді. Енді Ақтөбе облысына да заманауи медициналық жабдықтар алуға демеушілер таптық. Біз жас сәбилердің өмірін құтқару туралы жай ғана айтып қоймай, дауысымыз жеткен жерге дейін жар салуымыз керек. Себебі біздің жобамыз теңіздің тамшысындай ғана, ал бұл проблеманы кең көлемде жүзеге асыру үшін көптеген ұйымдардың, компаниялардың, қарапайым адамдардың, ең бастысы, мемлекеттің көмегі қажет. Сондықтан біз бұл жобаны әлі де жалғастыратын боламыз.
Ақтөбе облыстық перинаталды орталығының басшысы Асхат Балықовтың қуанышында шек жоқ. «Аяла» және «Бесік» қорларына, «Эйр Астана» әуекомпаниясына, сондай-ақ бізге демеушілік көрсеткен барлық кәсіпорындарға айтар алғысымыз шексіз. Әрине, бізге республикалық және жергілікті бюджеттен медициналық жабдықтар сатып алуға қаржылар бөлінеді. Алайда кейде бұл жабдықтар саны көп болса екен дейміз. Осы қондырғыларды аламыз дегенде біздің дәрігерлер қатты қуанды. Өйткені, шынында да, біз алған аппараттар жаңа туған және шала туған сәбилердің күнделікті емделуіне өте қажет. Қазірдің өзінде облыс бойынша ана мен бала өлімі төмендеп, жағдай жақсарып келеді. Алдағы көрсеткіштердің одан да жақсы болатынына сенімім мол, – дейді Асхат Жәртемғалиұлы.
Шара соңында «Аяла» қайырымдылық қорының вице-президенті Жангелді Сәрсенов «Бесік» балалар қорының басшысы Алма Жансаринова мен «Эйр Астана» әуекомпаниясының әлеуметтік мәселелер бойынша үйлестірушісі Сәуле Серғазиноваға «аталмыш перинаталды орталыққа өмірлік қажеті бар медициналық жабдықтарды сатып алуға демеушілік жасағаны үшін» алғысхатымен марапаттады.
Шала туған нәрестелерге көмек көрсетілді
Последние статьи автора