Жалпы, нарықтық экономикаға көшкелі бері қазаққа қойылатын негізгі айыптың бірі – жұрт қазақты жалқау дейді. Бірақ өткенде Ресейдің әлеуметтанушы ғалымы Леонид Мордвинов бір сөзінде қазақтың еңбекқорлығын өз еңбегінде жіктеп тұрып дәлелдеп берді. «Қазақтың малы көп. Еуропалықтарға қарағанда, қазақтың малы сегіз есе артық. Бірақ қазақ жерінің құнарсыздығы, ай сайын табатын табысы тағы сол еуропалықтармен салыстырғанда 10 есе төмен», – дейді Леонид Мордвинов мырза.
Рас, бұдан соң «батыспен салыстырғанда шырт түкіріп шылқымалы өмір сүру қазақтарға әлі де алыстау ғой» деп те қаласың... Өйткені біздегі қала қазағы мен дала қазағының күнкөріс деңгейі төмендегідей...
Қала қазағы...
Бұл ретте біз алдымен қаладағы қазақтардың қалтасындағы қаржысын қайтіп жұмсайтынын сөз етіп көрелік...
Сарапшылардың айтуынша, қазірде қала халқы өз қаржысын үнемдеу мақсатында өздеріне біраз шектеулер қойған. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда Алматыда биыл қала халқының мейрамхана, дәмханаларда тамақтану үрдісі 30 пайызға төмендеген. Сондай-ақ халықтың көңіл көтеретін клубтарға, интернет-кафелерге, ойын залдарына бару үрдісі де саябырси бастаған. Бұған қоса соңғы үш жылда қала қазақтарының тамақтану үлгісінде де үнемдеу бары байқалады. Бұл ретте тәуелсіз сарапшы Аймара Тілеукина:
– Осыдан екі жыл бұрынғы мәліметтерге көз жүгірте отырып сөз етсек, 2008-2009 жылдары қала қазағы ай сайын 24-26 келі ет өнімдерін тұтынған болса, бүгінде бұл көрсеткіш – 10-15 келінің айналасында. Ал сүт өнімдерінен қала халқы ай сайын 18-20 литр сүт тұтынады. Бұрындары бұл көрсеткіш әр адамға шаққанда ай сайын 25-28 литрдің айналасында болатын. Бүгінде қала қазақтары мал етінен гөрі, құс етін көбірек тұтынады. Бір қынжылтатыны, қалалық қазақтардың 60 пайызы қаржыларын астан үнемдеуге көшкен, – дейді.
Ал енді ауыл қазағының бюджеті қалай жоспарланады? Осыны тізбелеп көрсек...
Дала қазағы...
Ауыл қазағы қазірде жиған-тергеніне мал азығын сатып алуға тырысып жатыр. Ауылды жерлерде бүгінде бір машина шөптің құны – 30-40 мың теңгенің айналасында. Ал енді есептеп көрсек, жекеменшік жері жоқ, әйтсе де қорасында 10 қойы, екі сиыры, аз-маз уақ малы бар шаруаға малын қыстан аман алып шығуы үшін кем дегенде екі машина шөп қажет. Демек, азын-аулақ малды қыстан алып шығуы үшін 60 мың теңгенің айналасында қаражат керек. Бұған қыстық отын-суды қосыңыз. Сонда дала қазағы қыстан қысылмай шығу үшін қосымша кем дегенде 100 мың теңгедей қаржы жинауы керек. Ал ауылдағы зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері тағы белгілі. Осыған қарап, ауыл қазағының күнкөріс қамы үшін жанталаса тіршілік ететінін тағы пайымдай беруге болады емес пе? Бұл ретте қайсыбір отандық сарапшылар «біздің Үкіметіміз ауыл халқына арнайы мемлекеттік жәрдемақы төлерде ауыл халқының тұрмысын, мал азығы, отын-су жайын, көпбалалы отбасылар әлеуетін ескеруі тиіс, осыған орай ауыл халқына берілетін мемлекеттік төлемдерге үстемеақы қосылса жөн болар еді» дегенді алға тартады.
P.S.
Байыптап қарасақ, қазақ бір отбасын асырау үшін батыс елдеріне қарағанда 80 есе артық күш жұмсайды екен. Ал енді жалқау халық осылай әрекет ете ме? Бұл ретте жазушы-ғалым Сапабек Әсіпұлы былай дейді:
– Қазақ жалқау емес. Қазақ – еңбекқор, бейнетқор халық. Қазақ тер төгіп, бейнет көріп барып зейнетке жеткен. Қазақты жалқау, енжар дегенге мен келіспеймін. Егер қазақ жалқау, енжар болса, еуропалықтардан 80 есе артық күш жұмсап, аз-маз тапқан қаржысын өзінен-өзі үнемдеп тіршілік кешуден әлдеқашан түңіліп кетер еді.
«Қазақ – жалқау халық» дегенмен келісуге болмайды
Последние статьи автора