Кеше Астанада қазақстандық-франциялық бірлескен форум болып өтті. «Технологиялар беру және инновациялық саясат» тақырыбындағы аталмыш жиын Назарбаев университеті қабырғасында ұйымдастырылыпты.
Форумның өтуіне Назарбаев университеті, Францияның Қазақстандағы елшілігі, Қазақстандағы Француз альянсы және «Болашақ» түлектері қауымдастығы мұрындық болған. Оған сондай-ақ Қазақстан мен Франция инновациялық жобаларының білікті өкілдері атсалысып отыр.
Бүгінгі таңда еліміздің басымдық беріп отырған бағыттарының бірі – озық технологияларды Қазақстанға тарту. Әсіресе білім-ғылым саласы мен инновациялық жобаларға деген ниет жоғары. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның негізгі арқауы да осыған арналған. «Сол себепті бүгінгі форум да осындай технологияларды енгізу, отандық жүйенің сапасын арттыру мақсатын көздейді. Адам капиталы, бизнес, мемлекеттік орган және білім беру саласы арасындағы ынтымақтастықты арттыру жайын айтуға болады», – дейді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, Қазақстандағы Француз альянсының президенті Арын Өрсариев.
Форумда мамандар Астанада Қазақстан-Франция технополисі құрылатынын сүйіншіледі. Керек болса, аталмыш идеяны жүзеге асыру мүмкіндігін жан-жақты зерттейтін қауымдастық та құрылып қойыпты. Қауымдастық президенті Жерар Момплоның айтуынша, Қазақстан-Франция технополисін ашуды Франция Парламентінің сенаторы Аймери де Монтескью ұсынған. «Оған мүше болуға 15-ке жуық франциялық кәсіпорын ынта білдірді. Бұл үлкен жобаның бастамасы болғалы отыр. Назарбаев университеті бастаманың негізгі құрамдаушысы болады. Себебі Қазақстанда технополиске сай келетін технологиялық орталықтар мен білікті университеттер желісі құрылған. Қазіргі таңда Астана қаласында технополис құру мәселесі реттеліп жатыр», – дейді шетелдік мейман.
Бұл екі ел арасындағы алғашқы жоба болмаса керек. Өткен жылдың желтоқсанында Қазақстанның білім министрінің қатысуымен «Шнайдер» атты тағы бір орталық ашылған болатын. Бүгінде бұл орталық электротехника және электроэнергетика мамандарын даярлау мақсатында жұмыс жасап жатыр.
Айтпақшы, жиында француз ағайындар Қазақ елінің аз уақыттың ішінде алыс-жақын шетелмен тамыры тым тереңге кеткен қарым-қатынас жасап үлгергеніне таңғалып жатты. Өзгені байыпты мінезімен баурай алған Алаш жұрты Наполеон елінің өкілдерінің көңілін де таба білген. Қазақстандағы Франция елшілігінің ғылым және техникалық ықпалдастық жөніндегі атташесі Гийом Жироденің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда білім және ғылым саласында жүзеге асып жатқан қазақстандық-француздық бірлескен жобалардың өзі біразға жеткен көрінеді. «Соның ішінде Нанси Франция политехникалық университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық техникалық университеті мен бірнеше франциялық кәсіпорындардың ықпалдастығын атап өтуге болады. Олар Қазақстанда Геоэнергетикалық орталық құру идеясы мақсатында топтасқан болатын. Геоэнергетикалық орталықтың басты мақсаты – Қазақстан-Франция университеттерімен ықпалдасу, аталмыш бағытта жасалуы мүмкін байланыстарды анықтау, студенттерді даярлауға қажетті мамандықтарды белгілеу», – деп атап өтті ол.
P.S. Шетелдік меймандардың мақтауы жел берген болар, форумға қатысушы қазақстандық тарап мінберде орысша-ағылшынша-французша араластыра сөйлеп, бар өнерін салып бақты. Бәлкім, мұнысы дұрыс та шығар. Шетелдік сыншы көздердің алдында айбынымызды асырып көрсеткіміз келгені деп түсіндік. Алайда «мемлекеттің ана тілі екен-ау» деп қазақша тіл қатқандарын көре алмадық.