Еліміздің ірі кондитерлік фабрикаларының потенциалы толықтай игерілмей жатыр. Олар өнім шығару көлемін арттыруға барынша тырысса-дағы, отандық нарықты жаулап алған украиналық және ресейлік «тәттілер» бұған кедергі келтіруде. Кедендік одақтың құрылуы да аталған нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп отыр. Сол себепті отандық кәмпит өндірушілер Үкіметтен қазіргі уақытта Премьер-министр кеңсесіне берілген «Кондитерлік өнімдер импортының тек жеті түріне үш жыл бойына тыйым салу туралы» жобаны мақұлдауды сұрайды. Бұл туралы кеше Алматыда осы мәселеге байланысты өткізілген баспасөз мәслихатында Қазақстанның кондитерлер қауымдастығының төрайымы Лариса Константиниди мәлімдеді.
«2008 жылы Қазақстанның кондитерлер қауымдастығының өтінішімен сырттан тасымалданатын кондитерлік өнімдердің кейбір түрлерінің қарқыны мен сол импорттаушы елдегі өндіріс көлемінің өсу қарқыны салыстырмалы түрде талданған еді. Сондағы есеп пен сараптама қорытындыларын екшей келе, құзырлы мемлекеттік органдардың жауапты мамандары отандық өндірісті қорғау шараларын енгізу туралы объективті шешім қабылдаған еді. Нақтырақ айтқанда, 2009 жылдың қыркүйек айында аяқталған бұл талқылау бойынша Экономикалық даму және сауда министрлігімен қорғаныс шараларын енгізу қажеттігі туралы қорытынды шығарылды. Яғни бұл арадағы шектеу кондитерлік өнімдер импортының тек жеті түріне үш жыл мерзімге арнайы баж салығын енгізу арқылы жүзеге асырылмақшы. Бұл қорытынды биыл ақпан айында сауда саясаты мәселелері бойынша өткен ведомствоаралық комиссия мәжілісінде мақұлданған болатын. Алайда осы күнге дейін ол жоба бойынша қандай да бір шешім шығарылған жоқ. Сондықтан Үкіметтен бүгіндері осы жобада көрсетілген мерзім мен талапқа сай отандық кондитерлерді импорттан қорғау шараларын енгізуді сұраймыз», – дейді Қазақстанның кондитерлер қауымдастығының төрайымы.
Оның айтуынша, қазақстандық кондитерлер соңғы он жыл қатарынан импорт экспансиясымен күресуді мемлекеттің қатысуынсыз өздері жүргізіп келеді. Ал бұл уақытта Ресей және Украина өздерінің отандық нарығын импорттан қорғауды үдемелі жүргізіп отырған. Мысалы, Ресей 2001 жылы екі жылға, 2005 жылы тағы екі жылдан астам мерзім аралығында, ал 2008 жылдың қараша айында Украинаға қарсы қорғаныс шараларын енгізіп, отандық өндірістің дамуына жағдай жасаған.
Баспасөз мәслихатында айтылғандай, Қазақстан кондитерлік өнімдер нарығын импорттан қорғау шараларын енгізбеді деуге болмайды. Мәселен, 2006 жылы мұндай қорғаныс шарасы алты ай мерзім аралығында, 2008 және 2009 жылдары да үш-үш айдан мұндай процедуралар жүргізілген. Алайда Лариса Константинидидің айтуынша, ол ешқандай нәтиже бермеген. Оның айтуынша, сол кездері берілген мерзім көлемі мардымсыз, үш ай, алты ай деген уақыт нарықтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды. «Сол себепті бүгін біздер жоғарыға ұсынылған жоба негізінде импорттан қорғанудың үш жылдық мерзімін сұрап отырмыз», – дейді ол.
«Біздің талабымызбен санасуға толық негіз бар. Мәселен, отандық кондитерлер бүгіндері Үкіметтің қазақстандық мазмұнды қамту талабын қажетті деңгейде орындап отыр. Біз кәмпитке қажетті компоненттерге Қазақстанда шығарылған өнімдерді пайдаланамыз. Тек біздің елімізде өсірілмейтін, жағрафиялық жағдайымыз мүмкіндік бермейтін какао мен жеміс майларын ғана сырттан алдырамыз. Яғни кондитерлік өндіріс өңдеуші кәсіпорындармен тікелей байланыста болғандықтан, еліміздегі қант, май, сүт, сірне, жеміс, крахмал езбесі, жұмыртқа өнімдері, ұн, картон және қағаз секілді, негізінен, ауылшаруашылық өнімдерінің ірі өткізу нарығына айнала отырып, қосарлас осы саланың дамуын да ынталандыру үстінде», – дейді «Қарағанды кәмпиттері» АҚ-тың өндіріс жөніндегі директоры Инна Копыльцова өндірістің ішкі жайлары жөніндегі пікірінде.
Аталған нарықтағы шолу мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан кондитерлік өнімдер нарығының басты жаулаушысы Украина екен. Ол жалпы импорт көлемінің тең жартысын, яғни 50 пайызын құрайды. Мысалы, 2008 жылы осы нарықтағы жалпы импорттың 55 пайызын – Украина, 33 – пайызын Ресей, 12 пайызын қалған өзге шет мемлекеттердің өнімі қамтыған. Ал 2009 жылы жалпы импорттың 51 пайызына Украина иелік етсе, Ресейдікі 38 пайызға дейін артқан.
Негізі, Кеден одағына енгеннен кейін біз сол шеңбердегі мемлекеттер өнімдерінің елімізге тасымалдануына көбіне шектеу қоя алмаймыз. Сондықтан жоғарыда мәселе көтеріп, қорғаныс шарасын қолдануды сұрап отырған отандық кәмпит өндірушілердің шектеуі тек Украинаға қатысты болып отырғанын ескерте кетелік.