Орталық Азиядағы ең кедей ел

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Тәжіктің экономикасы туралы айтқанда, ең алдымен, Ресей телеарнасының тұрақты кейіпкеріне айналған Равшан мен Жәмшүд еске түседі. Жұбын жазбайтын екі сайыпқыранның ебедейсіз іс-қимылы жұртты қыран-топан күлкіге көміп тастайды. Равшанның орашолақ орысшасын, әсіресе, жастар жағы қайталап әлек. Күлкілі екеніне сөз жоқ, бірақ осы сайқымазақтың астарында тәжік халқының мүшкіл халі көрініп тұрған жоқ па?

Равшан мен Жәмшүд Ресейге жәутеңдейді
Ресей демекші, тәжіктің бас көтерер еркегінің нан табу үшін осылай қарай жөң­кілгеніне  біраз жыл. Олар бұған дейін ағыл­шын­ның З D, яғни  (dirty, dangerous and difficult) әрпімен белгіленетін ең қауіп­ті, ең лас, ең төмен бағаланатын жұмысын іс­теп келді. «Бұған дейін» дейтін себебіміз, дағдарыс салқыны Ресейге жеткенде, был­­тыр талай тәжік түйіншегін арқалап елі­не қайтқан. Бірақ туған жерінде құшақ жайып қарсы алатын ешкім жоқ. Отбасы тұрмақ, билік басындағылар азаматтары­ның  сыртта ақша тауып жүре бергенін қа­лайды. Өйткені олардың шетелде тапқан табысы жалпы ішкі өнімнің 54 пайызын құрайды. Жұмыссыз қалғандардың көбі өткен жылдан бері елге ақша аудара алмай, онсыз да тұралаған ел эконо­ми­касын сансыратты. Ресей рублінің құнсыз­дануы да жағдайды ауырлатып жіберді. 
Туған топырағында жұмыссыз сен­делген тәжіктер көктем шыққалы Ресей жақтан жақсы хабар күтіп елеңдейді. Кей­біреулер буынып-түйініп, жолға шығуға дайын отыр. Үкімет те дәмелі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Шү­кір­жон Зұхұровтың  айтуынша, өткен жы­лы Ресейде 800 мың тәжік еңбек етсе, биыл олардың 80 пайызынан астамы нә­па­қа­сыз қалған. «Көктемде 600 мыңға жу­ық адам тағы да Ресейге бағыт алмақ. Несі бар, о жақта да жұмыс күші керек боп қалар. Жолға шығатындар саны көбеюі де мүмкін» дейді министр. Ал осы елдің Пре­зиденті Эмомоли Рахмон жуырда «интер­нет-сайттарда елімізге қарсы қастандық науқаны жүріп жатыр» деп байбалам салып, жауды сырттан іздеуде. Оның ай­туын­ша, кейбіреулерге тәжік халқының эконо­микалық және саяси дамуы  тыныш­тық бермейтін көрінеді. «Жалпы, 2004-2007 жылдары түрлі сайттарда жария­ланған мақалалардың 80 пайызы – жала жабу. Соңғы кезде Тәжікстанға қарсы ақ­па­рат соғысы өршіп барады. Олардың мақсаты айқын, тәжік халқының болашақ­қа деген сенімін жоюдан басқа ештеңе емес» дейді Эмомоли Рахмон. 

Дерипасканың шамы жанбай қалды
Халқы Президент сөзімен келісе ме, ке­ліс­пей ме, ол жағы беймәлім. Бірақ наурыздың соңында «Сангтуд-1» электр стансысының құрылысшылары ереуілге шық­ты. Оқырманға түсінікті болу үшін стан­­сы туралы аз-кем ақпарат берелік. «Сангтуд-1» құрылысы 1980 жылы бас­талып, 90-жылдардың басында тоқтап қал­ған. Себебі белгілі (бүкіл ТМД ау­ма­ғындағы аласапыран кезеңді айт­паған­да, 1992 жылдан бастау алып, бес жылға созылған азамат соғысы салдары­нан Ор­та­лық Азиядағы ең кедей елге айналды). 2005 жылы ГЭС құрылысы қайта жан­дан­ды. Алғашқы үш су агрегаты 2007-2008 жылдары іске қосылған. «Сангтуд-1» ба­қы­лау пакетінің 66,4 пайызы Ресейдің қо­лында. 16,5 пайызы ғана тәжіктерде. Қа­зір құрылыс аяқталуға жақын. Соңғы, төр­тін­ші агрегат қаңтарда жұмысын бас­тауы керек еді. Алайда «Барки Точик» ком­паниясы бұларға қарыз болғандықтан, оның ашылуы кейінге шегерілді.
Осы орайда Тәжікстандағы тағы бір «са­­­қалды» құрылыс Рогун ГЭС-іне тоқ­талған жөн. Оның төңірегінде қазір дау-да­май өршіп тұр. «Душанбе мен Мәскеу арасындағы стратегиялық әріптестіктің сим­­волы» деп атаған осы құрылысты ресейлік «РУСАЛ» компаниясы қолына ал­мақшы еді. Олег Дерипасканың әу бастағы ниеті түзу болатын. 2004 жылғы күзде 2 млрд доллар инвестиция құюға уәде бер­ді. Орыстардың өз есебі бар – құрылыс аяқ­талған соң Рогунды өз бақылауында ұстағысы келді. Бірақ келісімге қол қойыл­ғанымен, Дерипасканың компаниясы өз міндеттемесін орындамапты. Әзірге қуат тапшылығынан  Президент Рахмон жа­қын­да бүкіл елде жарық үнемдейтін шам­ға көшуге мәжбүрлейтін жарлыққа қол қойды. Ал Ташкент 325 метрлік бөгет Ду­шан­беге өзбек даласын суаратын өзен­дерді бақылауға мүмкіндік беріп, сол ар­қылы қысым жасайды деп сескенеді.
Енді Тәжікстан «аңызға» айналған Ро­гунды қайтсе де іске қосу мақсатымен ха­лық­аралық консорциум құрмақшы. Әзірге шама-шарқынша құрылысты өз күшімен жүргізіп келеді. Биыл оған бюд­жеттен 150 млн доллар бөлінген. Бірақ ол аз. Сон­дық­тан Душанбе шетелден инвес­тор із­деу­ге мәжбүр. Бастапқыда  жобаға ниет таныт­қан Пәкстан  жалғыз өзі қалта­сынан қаржы шығаруға батпай, жеме-жемге келгенде тайқып кетті. Кейбір са­рап­шылар тәжік үкіметі енді АҚШ-тан үміт күтеді деген пікірде. Әзірге АҚШ Пяндж өзенінің үсті­нен өтетін екі көпір салып берді. Өзбектер Рогунға қарсылық ретінде өз бағытындағы жолға тосқауыл қойған, содан көпір тәжік­терге қажет-ақ. Алайда осы көпір арқылы Ауғанстаннан Еуропаға жөнел­тілетін есірт­кі көлемі артып келеді деп байбалам салу­шылар да көп. Мазасыз ауған елінен төн­ген көші-қон, есірткі, лаңкестік қаупі Тә­жік­станды күшті одақтас іздеуге мәж­бүрлейді.

Мақта мәселесі майшаммен қаралды
Тәжікстан бюджетіне кіріс әке­летін, негізі­нен, мақта мен алю­миний.  Тұр­сын­зада қала­сын­дағы алюминий зауыты­ның жыл­дық қуаты – 517 мың тонна. Қа­зіргі ша­масы 300 мың тонна тө­ңі­­регін­де. 
Елдегі 7 млн тұрғынның тең жартысы мақта өсірумен айна­лысады. 80-жыл­дар­дың аяғында диқандар 1 млн тоннадай «ақ алтын» жинайтын. Қазір көрсеткіш 2-3 есе түсіп кетті. Мұндағы мақ­та шаруа­шы­­лығы тари­хында ең аз өнім былтыр алын­ды. Базарға жеткен дақыл белгіленген жоспардың 67 пайызын ғана құраған. Әрі «ақ алтынның» әлемдік нарықтағы бағасы да арзандады. Өткен жылы үкімет ауыл шаруашылығын ком­банктер арқылы қар­жыландыруды қол­даған еді. Сөйтіп, банк­терге 41млн доллар бөліп, диқанға 12-18 пайызбен несие беру жүзеге асырылды. Бірақ фермер биыл қарызын қайтара ал­май отыр. Себебі мақта зауыттары әр фер­мерге 10-20 мың доллар берешек. Осы­лайша, биылғы мақта науқаны қыл үс­­тінде. Бірақ республика басшылығы бұл мәселені басқаша шешкенге ұқсайды. Кейбір аудандарды құқық қорғау қыз­меткерлері бақылауға алып, қайтсе де мақта егуге мәжбүрлейді деген сыбыс бар.  Қазір мақта шаруашылығын қаржы­ландыру төңірегіндегі айқай-шу толастар емес. Ernst&Young аудиторлық компа­ниясы Ұлттық банк  төрағасы Муродәли Әли­мардонның  850 млн долларды «сіңі­ріп» кеткенін  хабарлады. 90-жыл­дардың орта­сынан бері мұндағы мақта өнеркәсібі фью­черстік компаниялардың қыз­метіне арқа сүйеп келеді. Олар ди­қанды тұқым, тыңайтқыш, құрал-жаб­дық, жанар-жа­ғар­маймен қамтама­сыз етіп, шыққан өнім­­ге өздері ие болатын. Би­ліктегілермен ауыз жаласып алған бұл компаниялар алаяқ­тық жасаудан да тайынбаған, яғни түсім көлемін қағаз жүзінде асырып көр­сеткен. Өткен жылдың басында Халық­аралық валюта қоры тәжік үкіметінің өз активтерін бұрмалап көрсеткенін әшкере­леді.  Халықаралық қаржы ұйымдары үкі­метке «мақта мәселесін шешу» үшін мил­лион­даған грант пен мен қомақты несие берген. Қаржының басым бөлігі шетел­дік­тер мен жергілікті кеңесшілердің қалта­сына құйылады. Олар жай адам түсінбес күрделі схеманы шимайлап, есеп жазумен айналысады. Ал берешек өсіп барады. Жыртығын қалай жамарын білмей басы қатқан үкімет халықаралық донор мемле­кет­терден 240 млн доллар сұрауға мәж­бүр. Өйткені бюджет қазіргі дағдарыстың салдарынан 932 млн сомониден қағыл­ғалы тұр. Жалпы, тәжіктердің сыртқы мем­лекеттік қарызы – 1 млрд 366 млн дол­лар.
Елдегі әлеуметтік ахуалдың қиын­дауына жемқорлық та септігін тигізуде. Еуроодақ миссиясының кеңесшісі дон Ван Аттаның айтуынша, лауазымды шенеу­нік­тер осы кезге дейін жеке бастың қамын күйттеп, қалтасын қампайтуды ғана білген. 1990 жылы мақта алқаптарын жекеше­лен­діру бір-бірімен жең ұшынан байла­ныс­қандарға осы саладан қыруар табыс тауып, қаржыны өз қалтасына сүңгітуге жағдай жасады. «Үш немесе төрт тәжік шенеу­нігі жымқырған ақша бүкіл ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге не болмаса Рогун құрылысын аяқтауға жетер еді. Бірақ өйту үшін халықтың тағдырына жаны ашуы қажет» деген еді бір тәжік оппозициясының өкілі.

Артықшылығы:
Су электр энергетикасы – экономиканың не­гізгі саласының бірі. Мұнда бес ГЭС бар. Оның ішінде Нүрек әлемдегі ең ірі 30 ГЭС-тің қатарында. Мақта шаруашылығына басым­дық берілген. Алюминий, тау-кен, алтын өндірісінен басқа, тоқыма саласы жақсы дамы­ған.
Әлсіз жақтары:
Ресейге тәуелділік. Қолдағы барды ұқсата ал­мау. Орташа жалақы 50 доллар шамасында. Ең төменгі жалақы – 17 доллар.   

P.S.
Жуырда Тәжікстан Жастар ода­ғының ІХ съезінде Прези­денттің ба­­­ласы Рустами Эмомоли елдегі ықпалды жастар ұйымы төраға­сы­ның орынбасары болып сай­ланды.  Президенттің ұлы одақ­қа жаңа ты­ныс, тәуелсіздік әкеледі деп қуа­ну­шылар көп. Әйтсе де жұрттың кө­бі дүдамал күйде. Шынымен, Пре­зидент Рахмон орнына ұлын қал­дыру үшін қамданып жатыр ма деседі. Ал Тәжікстан Конституциясы бойынша Президент жасы  35-тен кем болмауы керек. Рустами ондай тарихи сәтті әлі 13 жыл күтуге тиіс.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста