Елімізде шағын қалалардың дамуы жоғарыдағы шенеуніктердің назарынан шыққан емес. Алайда, қанша қаражат құйып, экономикасын өрлетеміз десе де, қайраңға түскен балықтай қозғалар емес. Тіпті, шағын несие беру процесінде де бірталай олқылықтар орын алыпты. Оңалтудың орнына ойрандап, ойсыратып барамыз, - дейді депутаттар. Өңірлердегі ірі халқы тығыз моноқалалардағы қаражаттың құмға сіңген судай құрдымға кеткенін тілген тиек еткен Парламент Мәжілісінің депутаты Серікжан Қанаев қордаланған күрделі жайды ақпарат құралдарына ақтарып тастады. Елбасы міндеттеп, Министрліктің құзырына тапсырылған іс неліктен аяқсыз қалды? Құзырлы органдар моноқалалардың 2012-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын қаншалықты орындауда? Халық саны әлдеқайда тығыз қалалар неліктен моноқалалардың мемлекеттік бағдарламасына енгізілмей қалды? Халық қалаулысы қозғаған тақырыптағы қарынды ашырар жайды қаламның ұшымен талдауға бекінген едік...
Депутат Серікжан Қанаевтың келтірген дәлелді деректеріне жүгініп, оқырмандарымыздың ой елегіне салсақ.. Халық қалаулысы моноқалалардың инфрақұрылымын дамытуға жұмсалған қаражаттың желге ұшқанын жеріне жеткізе айтты. Сонымен қатар мемлекеттен арнайы бөлінген шағын және орта кәсіпкерлікке жол ашатын шағын несиелер де өз иелерін таппаған сыңайлы. Парламенттің Мәжілісінде Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейінгі моноқалаларды дамыту бағдарламасын талқылау кезінде сөйлеген депутаттың сөздері Министрліктегілерді де дір еткізді.
Серікжан Қанаев, Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Біз моноқалалардың халқын шағын несиелеуге қатысты мәселелердің шешілетінін әлдеқашан айтқанбыз. Жалпақ әлемге шағын несиелеуге қомақты гранттар бөлеміз деп жалпақ әлемге жар салдық. Ал сонымен не болды? Міне менің қолымда соңғы тізімдеме. Атырау облысында Күлшары мен Маңғыстауда Жаңаөзен қаласында 2012 жылдан бастап 3 және сәйкесінше 5-ақ несие берілген. Қарағанды облысында 8 моноқалаға, Алматы облысында Текелі қаласына, Павлодар облысында бір де бір несие берілмеген. Бір қарағанда жақсы бағдарлама сияқты, қаражат берілген, бірақ сол уақытта орындалып игерілмеген.
Бағдарламаға сәйкес миллиардтап қаржы шығындалған моноқалалардың экономикасы алға жылжудың орнына тұралап қалуына не себеп? Депутат бұл жайды да сын садағына алды. 12 моноқалаларда өндіріс көлемі өсудің орнына керісінше құлдилап, жұмыссыздық деңгейі еселеп артқан. Әсіресе, бағдарламаға сәйкес қомақты қаржы бөлінген Арқалық, Жаңатас, Курчатов, Зыряновск, Серебрянск, Степногорск, Балқаш, Сарань, Теміртау, Ақсу, Жетіқара және Қаратау моноқалаларының экономикасы төмендеп кетті. Ала жаздай ән салып, қытымыр қыс келгенде қандай инженерлік инфрақұрылымды жасай аламыз, - дейді депутат.
Экономикадағы дағдарыс дамуға тежеу жасады. Алайда, соған қарай қаражат та бөлінгені рас. 48 бірдей қанатқақты «якорлы» жоба құрылды деп жаһанға жария еттік. Бірақ есеп берген министрліктің өзі соның тек 14-і ғана жүзеге асырылғанын жариялады. Жартысы 50 жобалық қуатқа жетіпті-мыс. Сонда егер оның өнімі қажеттілік туғызбаса, шынымен пилоттық жаңа жобаны жасап қажеті не еді? Бұл сауалды депутат та нығарлап қойды.
Ұлттық экономиканың вице-министрі басқа пікірде. Министр орынбасарының сөзіне сенсек Қазақ елінің барлық моноқалаларында шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалған. Бүгінге дейін 979 миллион теңге шамасындағы 437 шағын несие беріліп үлгерген. Сонымен қатар, 224 миллион теңге сомасындағы 93 грант бөлініп беріліпті. 833 миллион теңге сомасындағы несие бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау үшін 267 бірдей жоба мақұлданыпты-мыс.
Қайырбек Өскенбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономиканың вице-министрі:
- Бағдарламадағы басым бағыттарының бірі моноқалалардағы шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Бұл үшін мемлекеттен қолдау түрінде 10 пайыздық ставкада субсидиялау түрінде механизмдер қарастырылған. Сондай-ақ жаңа өндіріс орындарын құруға 3 миллион теңге грант бөлінген.
Министр орынбасарының сөзіне жүгінсек моноқалаларға республикалық бюджет есебінен 9,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның 4,9 миллиарды биыл игерілсе, 2015 жылы 5 миллиард теңге қаражат жоспарланыпты.
Сонымен қатар, министрдің орынбасары қазіргі уақытта елімізде жалпы саны 1,5 миллион адам тұратын 27 моноқалалардың бар екендігін тілге тиек етті. Министрліктің есебінше, олардың алтауы әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары деңгейіне көтерілсе, 19-ы орташа және 2-і төменгі дейгейде орналасқан.
Осы орайда тағы бір заңды сұрақтың шеті өз-өзінен қылтияды. Неліктен тек 27 шағын қала ғана мемлекеттің шапағатына ие болмақ? Қалған шағын қалалар қаражат қарастырылатын моноқалалардың тізіміне неге ілікпей қалды?
Бұл өткен жылдардан бері келе жатқан өзекті сауалдардың бірі. Төмендегі кестеде біз моноқалалар жайлы сараптаманы топтастырдық.
41 қала моноқалалар тізіміне енбей қалған. Мұның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда облысы тізімге мүлде енбей құралақан қалыпты. Әлеуметтік-эконоикалық жағдайы тұралап, өндірісі өркен жая алмаған шағын қалалардың сонда жазығы не? Яғни, бұл қалалардың инфрақұрылымы мен жолдары, байланысы мен құрылысы, өнеркәсібі мен өндірісі адыра қалады деген сөз бе? Үкімет моноқалаларға кірмеген шағын қалаларға да көңіл бөлінетін болады деп сендірмек болды. Алайда, моноқалалар тізіміне енбеген қалалар жөнінде арнайы бағдарламаның болмауы бұл мәселенің түйінін тарқата ала ма?
Өткенге көз жүгіртіп көрейікші. 2004-2006 жылдарға арналған шағын қалаларды дамыту бағдарламасы жұмыс істепті. Оған еліміздің 60 шағын қалалары енген. Ал дәл қазіргі сәтте 41 қала бұл тізімнен де ада қалып тірліктері таяздалып қалған. Бәлкім оларға да арнайы бағдарлама қарастырылса, олар да қоғамға елеулі пайда келтірмей ме? Өнеркәсібі өркендеп, әлеуметтің әлеуеті артса, мемлекеттің де жағдайы жақсарары анық емес пе?!. Қазіргі таңда тізімге енбеген 41 шағын қалада 966 мың тұрғын өмір сүруде. Бұл еліміздегі халықтың 9 пайызын құрайды.
Қалай десек те, елімізді өркендету мен дамыту жолындағы ұлы істің орта жолда қалмай жөнімен жүргізілсе жөн болар еді дейсің. Әрине, біздікі тек ой қосып ортаға тастау. Ал, істі орындап, жөніне келтіру жоғарыдағы шенділердің еншісінде екені сөзсіз.